Алаш зиялысы Жақып Ақбаевтың туғанына 144 жыл

5106
Adyrna.kz Telegram

Жақып Ақбаев – Алаш зиялысы, күрескер, қайраткер, Алашорда үкіметінің мүшесі, заңгер. Құқықтану магистрі, 1876 жылы 25 қазанда Семей облысы, Қарқаралы уезі, №3 ауы¬лының Төңіректас деген жерінде дәулетті отбасында туған. 1886 жылы Қарқаралы қаласындағы қазақ интернатында оқып, 1889 жылы Омбы гимназиясына түсіп, онда 7 жыл, онан кейін Томск гимназиясына ауысып онда бір жыл оқып, 1893 жылы бітіріп шығады да, Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түседі. 1903 жылы 1-дәрежелі дипломмен бітіріп шығады.

1905 жылғы шілде айында Омбы қаласында патша әкімшілік орындарының мәжілісі өтіп, онда Дала өлкесінің генерал-губернаторы Сухотин бас болып қазақ өкілдерін Дума сайлауында қатыстырмау туралы мәселе қозғайды. Міне, осы шешімге қарсылық ретінде Ә. Бөкейхановтың ұйымдастыруымен Қарқаралы уезінің 42 қазақ өкілетті адамдары атынан патшаға 1905 жылы 22 шілдеде Ақбаевтың құрастыруымен жеделхат жіберіледі. 1905 жылы 17 қазандағы патша манифесінен кейін жер-жерде бостандық, теңдік, сөз еркіндігі жөнінде қызу талас, митингілер өтіп жатты. Іле-шала осындай митингі, шерулер 19 қазанда Омбы қаласында өтіп, оған Ақбаев қызу кірісіп кетеді. «Үкіметке тіл тигізгені» үшін ол қызметінен қуылады. Артынан ол Кереку қаласы, Баянауыл станицасында жиындар өткізіп, патша режимін шенеген сөздер сөйлейді.1905 жылғы 15-16 қарашада Қарқаралы қаласында өткен үлкен жиында ол тағы да жалынды сөз сөйлейді.

Патшаның жергілікті әкімшілігі «мемлекеттік қылмыс істеп, опасыздық жасады» деп 1906 жылғы 11 қаңтарда тұтқындап, Семей түрмесіне жөнелтеді. Міне, осы кезден бастап Ақбаев патша және Кеңес өкіметі кездерінде үнемі қуғын-сүргінді, тепкіні көп көріп, абақты-айдаудан көз ашпады деуге болады.Жетісу облысының Қапал уезіне жылға жер аударылады. Қайда жүрсе де ол патша шенеуніктерінің парақорлығын, халыққа жасаған озбырлығын үнемі әшкерелеп отырады Қарқаралы уезіндегі шаруалар учаскесінің бастығы Цыловтың және де басқалардың парақорлығын әшкерелейді. Қапалда жүргенде де келімсектерден қиянат көрген қазақтардың мүдделерін қорғап, осында айдауда жүрген К.Төгісовпен бірлесіп, сот процесінде әділ шешім шығаруға ықпал жасайды.
Ж.Ақбаев түрмеде жатып, Санкт-Петербург университетінің профессоры, белгілі заңгер Л.И.Петражицкийге бірінші болып қазақ өлкесінің дербес автономия алуы мәселесін көтеріп хат жолдайды. Ғылыми диссертациялық шығармашылық жұмыспен де шұғылданып, қорғауға бекітіп алған тақырыбын түрмеде отырғанда ары қарай жалғастырып, кеңейткен ол өзі мүшесі болып табылатын Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің «Запискилерінің…» 1907 жылғы 3-ші басылымына “Наброски по обычному, в частности, брачному праву киргизов” деген атпен жариялайды.

Жақып Ақбаев саяси қылмысы үшін 1908 жылы алғашында Ақмола облысының Омбы оязына 5 жылға, кейіннен 1909 жылдың 19 наурызында Ресей Ішкі Істер Министрлігінің шешімімен Жетісу облысының Қапал қаласына (басында Якутияға) жер аударылады. 1908 жылдан Дала генерал-губернаторлығының кеңесінің бөлімінде ашылған Жақып Ақбаевтың арнаулы ісі 1917 жылдың Қазан төңкерісіне дейін жүреді. 1910 жылы Ж.Ақбаев патша өкіметіне қарсы күресін тоқтатпағаны үшін Тобыл қаласына жер аударылған. Айдауда жүрседе саяси күресін әсте тоқтатпаған Жақып Ақбаев бүркеншік атпен “Айқап” журналына мақалаларын жолдап, жариялатып отырған.

Ж. Ақбаевтың өмірі мен қызметі, саяси серіктері Ахмет Байтұрсынұлы және Ж.Досмұхамедов тағы басқа Алаш ардагерлерімен үндес келеді. Ақбаев қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, соның ішінде отбасы-неке құқығын зерттеп, баспасөз бетінде публицистикалық материалдар жариялады. Қазақтың әдет-ғұрып, неке-отбасы мәселелері туралы көптеген еңбектер жазды. Абай аулымен қоңсы қонып, жастайынан ұлы ақынның өлеңдерін жаттап өсті. 1909 жылы Абай жырларының Петербургте кітап болып шығуына қолғабыс жасады. «Қазақстандағы семья-неке қатынастары» (1907), «Қазақтың шығу тегі туралы» (1927 ) тағы басқа ғылыми зерттеулері Абайдың қарасөздері мен «Бірер сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» шығармаларымен үндеседі.

Алашорда қозғалысына белсене қатынасып, Семейде қызметте жүрген кезде Әуезовпен таныс-біліс, пікірлес, аралас-құралас болған. Ж.Ақбаев, өзінің серіктері Алаш қайраткерлерімен үндесіп, пікірлесе жүріп, қазақтың әдет-ғұрып заңдары, отбасы-неке құқығы туралы зерттеулер жүргізеді, түрлі баспасөз беттерінде публицистикалық мақалалар жариялайды. 1909 жылы Абай Құнанбаевтің өлеңдерін петербург қаласында жинақ болып басылып шығуына қолқабыс жасайды, өз еңбектерін Абай қарасөздерімен үндестіреді. 1907 жылы “Қазақстандағы семья-неке қатынастары”, 1927 жылы «Қазақтың шығу тегі туралы» жазады, бұлардан бөлек, басқа да көптеген еңбектердің авторы.

1934 жылы 4 шілдеде Алматыда қайтыс болады.

 

Сурет: АЛЖИР мұражай-мемориалдық кешені қорынан, Целиноград ауданы, Ақмол ауылы

Пікірлер