COVID-19 коронавирустық инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындық бойынша жедел медициналық көмек көрсету станциясының қызметкерлері ауқымды аттестациядан өтуде.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аттестациядан барлығы 900 медицина маманын өткізуді жоспарлап отыр екен.
«Бүгіннен бастап медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында жедел жәрдем станция қызметкерлерін жаппай аттестациядан өткізудеміз. Яғни, алғашқы көмек көрсету және науқастардың төрт дәрежесін (жеңіл, қосымша ауруы жоқ орта, қосымша ауруы бар орта және ауыр) анықтау бойынша оқытылады. Бұл аттестацияның маңызы зор. Себебі осы арқылы мамандардың біліктілігін анықтап, одан әрі дамыту барысын бағамдай аламыз», – дейді Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндеті атқарушысы Бақытжан Позилов.
Сондай-ақ, бұл шаралар эпидемиямен күресу кезінде алғы шепте қызмет ететін жедел жәрдем қызметкерлерінің мамандары үшін аса қажет екенін жеткізді.
Айта кетейік, біліктілікті арттыру аттестациясы бір уақытта тоғыз жедел жәрдем бекетінде өтіп жатыр.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі