1 центнерден астам марихуана тәркіленді

2783
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысының полицейлері есірткі тасымалдаушылардан 1 центнерден астам марихуана тәркіледі, – деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы ҚР ІІМ-не сілтеме жасап.

Бүгін брифингте Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов облыс аумағынан аса ірі көлемде есірткіні заңсыз тасымалдаудың екі жайтының жолы кесілгендігін айтқан.

– «Өткен жұма және сенбі күндері “Қарасора” мен “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында полицейлер есірткі заттарының екі ірі партиясын тәркіледі. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен Түркістан облысы ПД ЖПҚ патрульдік полиция батальонының бірлескен операциясы нәтижесінде бірінші жайт бойынша 60 кг марихуана, ал екіншісінде 48 келі есірткі тәркіленді»,-деді ол.

Айта кетейік, қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша ҚР ҚК-нің 296 (Есірткіні өткізу мақсатынсыз заңсыз пайдалану) мен 297 (Есірткіні өткізу мақсатында заңсыз сақтау,тасымалдау немесе өткізу) баптарымен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер