Дәл бүгін Талдықорған қаласының қақ ортасына Q net туристік компаниясына күйген, күйреген, алданған адамдардың легі жиналған екен. Олар аталмыш компанияға қарызданып, қауқаланып жатып, несие алып, бала-шағаның аузынан жырып беріп, 850 000 теңгесін құйып кірген көрінеді. Орталыққа жиналған алданған адамдардың айтуынша, 10 есе, тіптен 100 есе етіп қайтарып берудің орнына қаражаттарының шетін де көрсетпеген.
Q net-ке отбасымен кіріп, 4 миллионын түгел құйған әйел
Q net-тегілер алдымен компанияға мүшелікке өткізу үшін бірнеше рет қымбат деген мейрамханаларға апарып, түрлі дәмді тағамдарды алдына тосып, «гипноздап», тіптен несие де алып береміз деп шарасыз күйге түсіреді екен. Одан кейін компанияға тіркеген әр адам үшін аптаның сейсенбі күнінде 180 000 теңге құйылып тұратынын тілге тиек етіп, Qvi атауындағы карточкасын да береді. Карточканың құдіреттілігі сол–әлемнің ең үздік деген 44 мемлекетіне барып, тегіннен тегін демалуға болады-мыс. Осылайша «Алдыңа ас қойдым, екі қолыңды бос қойдым» дегендей, аңқау халықты құрыққа түсіреді.
Қазіргі таңда қанатын кеңге созып, еркін құлаш сермеген компания –Қазақстанның түкпір-түкпірінде кеңселерін ашып алған. Талдықорған қалалық полиция бөлімшесіне Q net-ке күйген 200-ге тарта адам арыз қалдырса, Алматы қаласында да арызданушылар саны күннен күнге артып келеді. Олардың кейбіреуі 5-6 миллионға дейін "қораға" кірген.
«Ал өздерін «старшыйларыңмын» деп сендірген Динара мен Қуаныш есімді алаяқтар 36 миллионға автокөлік, квартира алып байып алған»,– дейді алданған әлеумет. Иә, "пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ" деген осы екен...
Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,
«Адырна» ұлттық порталы