«Заочниктерге» тықыр таяды ма?

6115
Adyrna.kz Telegram

Біраздан бері әлеуметтік желіде «очниктер» мен «заочниктердің» пікірталасы толастамай тұр. Бұған себеп те жоқ емес. М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU университеті Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан модераторлық еткен ADAL BILIM жобалық офисі алаңында мемлекеттік орган өкілдері мен сарапшылар білім саласындағы сыбайлас жемқорлық мәселесін талқыға салып, еліміздегі ұстаздардың білім деңгейіне қатысты мәселе де көтерген еді.

Осы мәселе көтерілгелі фейсбук әлеуметтік желісіндегі ұстаздар тобы қып- қызыл пікірталас алаңына айналды десек, артық айтқандық болмас. Онсыз да онлайн бала оқытып, бірінші тоқсанның бағасын шығарамыз деп шаршап жүрген ұстаздарымызға «дипломды сырттай оқып алдыңыз ба?», «сырттай білім алған мұғалімнің білімі қандай болады?» деген сыңайдағы  сұрақтар жеңіл тимеген сияқты.

Бұл мәселенің ең бір елең еткізер тұсы да жоқ емес. Мысалы, шымкенттік  мектептерде анкета толтыру науқаны басталыпты. Аты-жөнін айтқысы келмеген Шымкент қаласының бір мұғалімі: «Мектебімізде анкета толтыру басталды. Не үшін екенін түк түсіне алмадық. Анкета сұрақтарының бірінде «оқуды сырттай оқыдыңыз ба, іштей ме?», «сырттай оқысаңыз, оған дейін колледжде білім алдыңыз ба?» деген сыңайдағы сұрақтар бар. Бұл не үшін керек? Әлде «сырттай» білім алған мұғалімдерге қатысты тағы бір «жаңалық» бола ма?»- деп бізге хабарласты.

Мұғалімнің дипломы тексеріле ме?

Таяуда Түркістан облыстық Білім басқарма басшысы Рахымбек Жолаев осы облыста дипломның бәліш секілді сатылатынын айтып, мұғалімдердің дипломдарын тексеретінін мәлімдеді. Басшының айтқан осы тексеруін қосшылар әлгіндей анкетамен науқанға айналдыруы әбден мүмкін, әрине. Десек те, мұғалімнің дипломын тексерумен мәселе шешіле ме? Мемлекеттік университеттің ішкі бөлімінде оқып бітірген кейбір мұғалімдердің білім деңгейі де сын көтермейтінін ұмытпағанымыз дұрыс шығар.

Өзінің Facebook парақшасында М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU университеті Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан: «Ашығын айту керек, өкінішке қарай жемқорлықтың негізгі ошағы - білім саласы. Антикордың соңғы мәліметіне қарасақ, тендерлік жемқорлық бойынша көш басында білім басқармалары тұр. Биылғы жылдың 1-тоқсанында ғана білім саласында 106 жемқорлық қылмыс тіркелген. Бұл бойынша уәкілетті органның нақты қандай жүйелі шешімдер қабылдайтыны жеке өзіме қызық. Себебі, байқағаным нақты нәтиже әкелетін қадамдарды олар әлі ұсына қоймады.

Қарапайым мысал, Шымкент қалалық Білім басқармасы 1979 келісімшарттың 1935-інде тауар бағасын негізсіз көтерген. 1000 теңгенің А4 қағазын 4000 теңгеге алған. Білім басқармасының жұмыстарына қатысты әрине сауалдың туындауы заңдылық.

Сонымен қатар, білім бөлімдері мен білім басқармаларындағы лауазымды қызметтерге білім саласына қатысы жоқ адамдарды тағайындау фактілері де жиі кездеседі. Яғни жалған диплом арқылы Түркістан облысындағы білім бөлімін басқарып отырғанын жақсы білеміз. Бірақ, біздің "самый гумманный суд" бөлім жетекшісін қайта қызметіне келуге шешім қабылдаған. Парадокс кәдімгідей. Жеке өзім, Түркістан облысы білім басқармасының басшысы

Рахымбек Жолаевтың "Шымкентте дипломды пончик сатқандай сатады" деген (https://inbusiness.kz/.../rahymbek-zholaev-shymkent...) пікірімен толығымен келісемін. Тек Шымкентте емес, Алматы қаласында да сондай универлер бар екенін естіп жүрміз. Енді ондай жалған дипломмен сабақ беріп жүрген мұғалімдердің деңгейін ойланып қараңыздаршы. Ол біздің мемлекетімізге үлкен зиянын тигізіп жатыр. Нәтижесін қазірден көріп жатырмыз. Сапасыз мамандардың көбеюінен байқауға болады. Рахымбек мырзаның бөлім басшыларының, директорлар және мұғалімдердің дипломдарының жалған еместігін тексеремін дегенін толығымен қолдаймын» деп жазып, министрліктің диплом сататын университеттерді жабу туралы бастамасын қолдайтынын да мәлімдеді.

Сонымен қатар ол білім саласындағы сапасыз мамандардан құтылу үшін министрлікке үш ұсыныс жолдады:

  1. Барлық білім саласындағы мамандардың (министрлік, университет, басқарма, бөлім, мектеп, балабақша) дипломдарының жалған емес екенін анықтау.
  2. Мектептерде сабақ беретін негізгі мамандығын сырттай оқып алған мұғалімдердің біліктілігін толығымен тексеру. (Мықты педколледждерді бітірген мұғалімдерге, немесе негізгі мамандығын іштей алып барып мұғалімдікті қосымша оқыған ұстаздарға қатысы жоқ)
  3. Ұлттық біліктілік тестілеуінен құлаған мұғалімнің әрі қарай сабақ беру-бермеу мәселесін қайта қарастыру. Неге дейсіздер ғой?

1-мысал, егер ҰБТ-да жеткілікті балл жинай алмаған оқушы грантқа таласу құқығынан айырылады.

2-мысал, мемлекеттік қызметке тұру үшін арнайы тест тапсырасыз, егер құласаңыз мемлекеттік қызметкер бола алмайсыз.

P.S. Жақында, сырттай білім алған мұғалімдер туралы пост жаздым (https://www.facebook.com/erbolatmyrza/posts/10216737179013367) . Сенесіздер ме, коментарий жазған адамдардың 80%-Шымкенттен. Және жазған пікірлерінің негізгі ойы мынандай: "онда тұрған не бар, сырттай оқып практикада үйреніп кетеді". Осыдан кейін жергілікті мемлекеттік органға қоғамның тарапынан тағы да, сұрақтардың туындауы заңдылық» деп жазады Ерболат Мұхамеджан.

Мәселенің мәнін түсінбей байбалам салушылар кім?

Білім министрлігінде қызмет атқарған, бұл саладан хабары мол Ерболат Мұхамеджанның жазбасына өзіміздің бес тиынымызды қыстыруды жөн санадық. «Очный», «заочный» мәселесі көтерілген әлеуметтік желідегі «Қазақстан ұстаздары» тобындағы пікірлерге де бір көз салыңызшы. Пікір жазғандар біздің мұғалімдер емес деп сенгіміз келеді. Өйткені жүз мыңдаған адам оқитын топта сауатсыз жазылған пікірлерді оқып, еріксіз жаға ұстайсыз. Әріптік қатеден көз сүрінеді. Сөйлемнің құрылысы туралы айту тіпті, артық. Көп пікір орысша шрифтпен жазылған.

Ал ең бастысы, жазылған пікірлерден компромистен гөрі, агрессияның сарыны ашық сезіледі. «Қоғамды білімсіздік жайламасын, соның алдын алайық. Балаға білім берушілердің білімін тексерейік» деген мағынада көтеріліп жатқан бұл дүниені мүлде басқаша қабылдап, байбалам салып пікір жазып отырғандар мұғалімдер болса... Ойлаудың өзі қорқынышты. Бұл жердегі негізгі мәселе дипломда емес, мұғалімнің сауаттылық деңгейінде. Сауатсыз мұғалім сауатты ұрпақ тәрбиелеуі мүмкін бе? Өзі білмегенді мұғалім оқушысына қайдан үйретеді? Міне, сондықтан ең алдымен мұғалімнің сауаттылық деңгейі тексеруден өткені маңызға ие. Бұл ертеңіміз үшін керек.

 

Меруерт ХУСАИНОВА,

   «Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

  

Пікірлер