Егер сіз жұмыссыз болсаңыз, әлеуметтік жәрдемақы аласыз ба?

2464
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі таңда жұмыссыз жүрген азаматтарға арнайы тағайындалатын әлеуметтік жәрдемақы бар. Бұл туралы біреу білсе, енді біреубіле бермес. Жұмыссыз азаматтарға мемлекет тарапынан қандай жәрдемақы беріледі?

Осы сұраққа қатысты еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице министрі Ақмәди САРБАСОВ бірқатар сұрақтарға жауап берді.  Жұмыссыздар Қазақстан Республикасының заңнамаларында бекітілген тәртіпте лайықты жұмыс іздеп жүрген адам ретінде жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шараларына қатыса алады, - дейді вице-министр Ақмәди Сарбасов. Бұл үшін жұмыссыз азамат ең алдымен тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы; «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы; Мемлекеттік корпорация арқылы жұмыс іздеуші ретінде ресми тіркелуі керек. Бұл туралы ақпаратты алғашқы болып baq.kz сайты хабарлады.

«Осы орайда, жұмыспен қамту орталығының қызметкері ізденушіге жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шаралары және Орталық көрсететін қызметтер туралы толық ақпарат ұсынады. Сонымен қатар, жұмыс іздеушілер www.enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, ұйымдар мен мекемелердің ұсынған бос лауазымдарына өздігінен өтініш білдіруге мүмкіндігі бар», - дейді вице министр.

Егер сіз жұмыссыз болсаңыз, мемлекет тарапынан әлеуметтік жәрдемақы алуға құқыңыз бар ма? Бұл сұраққа А.Сарбасов: «Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 40 пайызына дейінгі мөлшерінде Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) қаражаты есебінен жүзеге асырылады», - деп жауап берді.

Төлем алу үшін Egov.kz порталында тіркелу (авторизация жасау); «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау; Онлайн қызметке тапсырыс беріп, барлық алаңдарды толтырып және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жібереді; Бір күн ішінде өтініш берушінің тұрғылықты жеріндегі халықты жұмыспен қамту орталығы (ХЖҚО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде оған қашықтан жұмыссыз мәртебесі берілетін болады. Қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жинау үшін ХЖҚО қызметкері хабарласады.

Жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісім беруге мобильдік телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады. МӘСҚ қаражаты есебінен жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған, - дейді еңбек министрлігі.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қажеттілік туындаған жағдайда жұмыс іздеушілер тұрғылықты мекен-жайы бойынша тиісті жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіре алады.

Вице-министрдің айтуынша, ауылдық елдімекенде жұмыспен қамту орталығы болмаған жағдайда ізденуші ауылдық округ әкімдігінің аппаратына ассистентке жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу үшін жүгіне алады.

Жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеп жүрген адамды тіркеген күннен бастап он жұмыс күні ішінде оған лайықты жұмыс таңдауда көмек көрсетеді. Жұмыспен қамту орталығы аталған уақыт ішінде жұмыс іздеушіге лайықты жұмыс таңдап бере алмаған жағдайда екі жұмыс күні ішінде жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз адам ретінде тіркеу немесе тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды, - деді ол.

Жұмыспен қамту орталығының қызметкері шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз ретінде тіркеу күні немесе тіркеуден бас тарту туралы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ұялы байланыс желісінің абоненттік құрылғысы арқылы, ал ауылдық жерлердің тұрғындарын кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі немесе ассистент арқылы немесе мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемді тағайындау үшін қажетті құжаттардың тізбесі туралы хабардар етеді.

«Адырна» ақпараттық порталы.

 

Пікірлер