FameLab Kazakhstan ғылыми коммуникациялық байқауы финалының трансляциясы өтіп, оған қазақстандық 10 жас ғалым қатысты. Қатысушылардың сегізі Nazarbayev University өкілдері.
Байқау жеңімпазы атанған Нұрлан Сүлейменов 750 000 теңге сыйлыққа ие болып, халықаралық FameLab-2020 байқауына Қазақстанның атынан қатысу мәртебесіне лайық деп танылды. Екінші және үшінші жүлделерге ие болған Шохиста Исмаилжанова мен Әсел Ахметоваға 350 000 теңгеден тапсырылды. Көрермендердің таңдауы бойынша Ш. Исмаилжанова үздік спикер атанып, байқау ұйымдастырушыларының Kindle электронды кітап сыйлығына ие болды.
«Ішімді қуаныш кернеп тұр! Негізі, FameLab байқауына қатысу туралы шешімді тапсырыс қабылданатын соңғы күні жасадым, ал видеоны тура соңғы сәтте жібердім, сондықтан финалға өтемін деп күтпедім. Мастер-класс қатты ұнады! Бізге өз стилімізді табуға көмектесіп, ғылым туралы қарапайым тілмен, әрі өте қызықты қылып жеткізуге болатынын көрсетті. Бұрын маған тек биология қызықты секілді болып көрінетін, бірақ енді қолыңнан келсе – барлығын қызықты жеткізе білуге болатынын көрдім. FameLab байқауының арқасында соны үйренгім келетінін түсіндім. Осындай тамаша тәжірибе сыйлағандарыңыз үшін алғысымды білдіремін!», – дейді байқау жеңімпазы Н. Сүлейменов.
FameLab байқауы 2005 жылдан бері өткізіліп келеді және ғылыми коммуникация саласындағы әлемдік көшбасшы байқау саналады. Қазақстанда FameLab байқауын «Шеврон» компаниясының қолдауымен British Council (Британ Кеңесі) бесінші жыл қатарынан өткізіп келеді, оған 100-ден астам жас ғалым қатысып үлгерді. Биылғы жылы байқаудың өтуіне OYLA ғылыми-көпшілік журналы да қолдау көрсетті.
Байқаудың мақсаты – ғылымды насихаттау және оны зерттеуге деген қызығушылықты арттыру. FameLab дарынды жас ғалымдарды анықтауға көмектесіп, олардың коммуникациялық машықтарын жетілдіруге ықпал етеді.
Байқау финалының қазылар алқасына Ұлыбританияның Қазақстандағы елші орынбасары Джонатан Лэйфилд, Causaly Inc техникалық директоры және негізін қаласушы Артур Саудабаев және The Village Kazakhstan негізін қалаушысы Айсана Ашим кірді.
«FameLab – керемет іс-шара! Британ Кеңесі FameLab байқауын 25 елде өткізеді. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар жиналып, ғылым жайлы сөйлесіп, ойлары бір тұстан шығатын тұлғалар тың идеяларымен бөлісіп, өзара пікір алмасады. Жеңімпаз өзінің ғылыми коммуникациялық машығын жетілдіруге, сондай-ақ тәжірибелі халықаралық тренерлер өткізетін мастер-класқа қатысуға мүмкіндік алады, – дейді Британ Кеңесі Орталық Азия бойынша Серіктестік бөлімінің басшысы Бен Грей.
«Біз STEM бағытқа ерекше көңіл бөлеміз, сондықтан да FameLab байқауына қолдау көрсетеміз деп шештік, өйткені бұл күрделі ғылыми идеялармен бөлісудің қарапайым әрі қызықты тәсілі. Байқауға қатысушылардың барлығын құттықтаймын! Олар байқаудың арқасында болашақта ғылыми жұмыстарына қажет болатын машықтарды игерді. Төрешілер мен барлық көрерменге үлкен рақмет!» – деп алғысын білдірді «Шеврон» компаниясының қоғаммен байланыс бөлімінің координаторы Жанар Қошпанова.
Сұрақтарыңыз бойынша сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін +7 (727) 222 13 20 телефоны арқылы немесе famelab@oyla.xyz электронды поштасымен жоба координаторы Дәурен Әділбековке хабарласа аласыздар.