Украина президенті Владимир Зеленский Харьков маңында Ан-26 әскери ұшағының апатқа ұшырауына байланысты 26 қыркүйекті қаралы күн деп жариялады, деп хабарлады «Адырна» ұлттық порталы iz.ru-ға сілтеме жасап.
Қазіргі таңда елдегі барлық әкімшілік ғимаратта мемлекеттік ту төмен түсіріліп, салтанатты іс-шаралар, телеэфирден ойын-сауық бағдарламалар тоқтатылды.
«Украина 24» телеарнасы хабарлағандай, мемлекет басшысы апат орын алған Харьков облысына келді.
«Кеше біз жас курсанттар мен тәжірибелі әскери адамдардан айрылдық. Бұл жоғалтудың ауыртпалығын білдіретін сөз табу қиын. Қаза тапқан жауынгерлердің ата-аналарын, әйелдерін және балаларын жұбатуға сөз табу қиын. Бүкіл ел бүгін олардың отбасыларымен бірге қайғыруда », - деді Зеленский.
Естеріңізге сала кетейік, жұма күні Харьков облысында Ан-26 әскери ұшағы құлап, 25 адам көз жұмған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, апаттан аз уақыт бұрын ұшақтың бір қозғалтқышы істен шыққан.
«Адырна» ұлттық порталы