Мені сайласаңыздар бар ғой, ваще нештяг болар еді! Дұшпаныңыз көктей солар еді! Қазақ тілінің мәртебесін космосқа поднимайть етер едім. Өйте алмасам, Дубайға қыдырып кетер едім... Любой разборкаңызды шешіп беремін. Саязың бар, терең өзенің бар, тыржалаңаш кешіп беремін! Мені аты –жөнім Мыжбан Мәндірбайұлы. Қарсы келгеннің талайын тапа–тал түсте атып кеткенмін, керек десеңіз, қала әкімінің үйінде қырық күн жатып кеткенмін. Түрменің төрінде талтайып жүргенмін, қысқасы , мынауский өмір сүргенмін.
Аспандарың ашық болады, жетпістегі кемпірге жиырмадағы жігіт ғашық болады! Біздің үйден күнде ет жейсіңдер, сайлана кетсем, «деловой жігіт екен!» дейсіңдер. Махаббатарыңнан май тамады, үйдегі крандарыңнан сыра ағады.
Жоғары биліктегілердің туфлилерін жалап өтем, миллиардтап ақша тауып, түнімен санап өтем. Егер мені сайламасаңдар, жолдарың болмайды, үйлеріңе адам түгіл, шайтан да қонбайды! Таздарға шаш шығарам, жыламайтын көздерге жас шығарам! Астарыңда атың болады, қытай қыздары сендерге қатын болады! Анау дейміз, мынау дейміз, кешке үйге келіңіздер, палау жейміз!
Мұхтар Шерімнің қышқыл сатирасы,
«Адырна» ұлттық порталы