Екінші рет карантин жарияламас үшін Ұлыбритания санитарлық талаптарды орындамағандарға салынатын айыппұлды ұлғайтты. Оның ең жоғары мөлшері 10 мың фунтқа дейін барады. Бұл жақта қатаң шектеу кемі жарты жыл болады деп күтілуде. Бетперде тақпағандар 200 фунт төлейді. Бұл біздің валютаға шаққанда 112 625 теңгеге тең, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы atameken.business-ке сілтеме жасап.
Вирустың таралуына жол бермес үшін Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон елге шама келгенше үйден шықпай жұмыс істеуге кеңес берді. Сондай-ақ, елдегі мектептер мен медициналық орталықтарда тәртіп күшейтіледі. Ал қоғамдық орындарда 15 адамнан артық жиналуға тыйым салынған.
⠀
«Ковидпен күрес – ең ірі дағдарыс. Күллі әлем зардабын көріп жатыр. Қаншама азаматымыздан айырылдық. Шыны керек, қатаң шектеулер елдің бостандығына нұқсан келтіргенін қаламаймын. Бірақ, дәл қазір тәртіпті күшейтпесек, локдаун жариялауға мәжбүр боламыз. Оның қаншалықты қиын екенін көрдіңіздер», - деді Борис Джонсон.