Америкалық құқық қорғау органдары АҚШ президенті Дональд Трамптың атына жолданған улы сәлемдемені ұстап алды, - деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Lenta.ru-ға сілтеме жасап.
Бұл туралы CNN ақпараттық орталығы екі дереккөзге сүйене хабарлаған.
Ақ үйден тыс хат-хабарларды зерттеу кезінде сәлемдемелердің бірінен рицин уы табылған. Бұл күшті зат кастор бұршақтарынан алынады.
АҚШ мемлекет басшысын күзететін құпия қызмет тергеуді бастап кеткен. Сондай-ақ тергеу іс-шараларын ФТБ (FBI) жүргізеді. Ақ үй бұл жағдайға әлі түсінік бермеген.
2018 жылдың қазан айында америкалық барлау органдары Трампты және Пентагонның жоғары лауазымды қызметкерлерін улауға тырысқан күдіктіні қамауға алған. 39 жастағы АҚШ Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы қызметкері Уильям Клайд Аллен Ақ үйге, сондай-ақ Пентагонның басшысы Джеймс Мэттиске және АҚШ Әскери-теңіз операцияларының жетекшісі адмирал Джон Ричардсонға рицин салынған бірнеше конверт жіберген.
Фото ашық дереккөзден алынды
«Адырна» ұлттық порталы