Алдағы қысқы маусымда Еуропа коронавируске қатысты карантиннен бас тартуды жоспарлап отыр. Індеттің екінші толқынында Швеция елінің тәжірибесін қолдануды жөн санаған Кәрі құрлық халқы карантин мемлекетке орасан зор шығын әкелетінін алға тартады деп жазады BBC-агенттігі.
Еуропада көктемгі карантиннен шыққан халықтың арасында вирусты жұқтырғандар мен ажал құшқандар саны күрт артқан. Сонымен қатар карантинде үйге қамалып отыруға наразылық танытып, көшеге шыққандар саны да күрт өскен. Жұрттың жұмыссыз үйде отыруы салдарынан ел экономикасы үлкен шығынға батқан. Осылардың бәрін есепке алған еуропалықтар санитарлық талаптарды сақтай отырып, қысты ешбір локдаунсыз өткізуге бел буып отыр. Індеттің екінші толқынын қалыпты өмірмен бастауды көздеген еуропалықтар вируспен бірге өмір сүруден басқа жол жоғын айтады.
Естеріңізде болса, әлем елдері карантин деп халқын үйге қамаған шақта Швеция ғана қалыпты өмір сүруді тоқтатпаған еді. Вирустан үйде отырып құтыла алмайтындарын айтқан шведтер, бұл вируспен бірге өмір сүруден басқа жол жоғын да алға тартып еді. Шведтердің осы тәжірибесі өзег елдерге үлгі болғандай. Ендігі жерде Еуропа да Швецияның тәжірибесіне сүйеніп, алдағы қысты ешбір карантинсіз өткізуді жоспарлауда. Карантиннің пайдасынан зияны көп екенін неміс канцлері Ангела Меркель де, француз президенті Эммануэль Макрон да ашық айтқан болатын. Paris Match журналына берген сұхбатында Эммануэль Макрон: «Локдану тек залал келтіретінін көре тұрып, біз елдегі өмірді тоқтата алмаймыз», деді. Ал Ангела Меркель көктемгі жағдайды күрсіне еске алып: «Алдағы уақытта шекараларды жабу жағдайынан мейлінше айналып өту жолдарын қарастыруымыз керек», деп немістер қысты локдаунсыз өткізетінін мәлімдеді.
Дәл осыған ұқсас пікірді Португалия премьер министрі Антониу Кошта да айтты: «Біз көктемде амалсыз барған қадамдарымызды алдағы уақытта қалай болғанда да қайталамауымыз керек. ел экономикасы мен әлеуметтік тұрмысына зор шығын әкелген көктемгі карантин жағдайын алдағы қыста айналып өтудің тетіктерін табуға тиіспіз».
Еуропа елдерінің басшылары біртіндеп осындай келісімге келе бастаса, Орта Азия елдеріндегі жағдай қалай болар екен? Дамыған ел халқының өзі вируспен бірге өмір сүруден басқа жол таппай отырғанда, ТМД халқы алдағы қыста тағы да карантин деп үйлеріне қамалар ма екен? Әзірге бұл мәселеге қатысты өз еліміз Қазақстанда нақты жоспар түзіле қоймады. Алайда індеттің келесі толқынына қазақстандық медицина тас түйін дайын отырмыз деп қазірдің өзінде хабарлап бастады. Бұл дайындықтың қаншалықты сапалы екенін алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық.
«Адырна» ұлттық порталы.
Фото ашық дереккөзден алынды.