Мектептерге 600 мыңнан аса компьютер жеткізіледі

2075
Adyrna.kz Telegram

2020 жылдың соңына дейін 9 отандық өндіруші еліміздің мектептеріне қосымша 606 мың бірлік компьютер техникасын өндіріп, жеткізеді, - деп хабарлайды "Адырна" тілшісі primeminister.kz  сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен электронды өнеркәсіпті дамыту мәселелері жөнінде кеңесте айтылды.

Қазақстанда электронды өнім өндіретін 64 кәсіпорын жұмыс істейді. Саладағы жұмыскерлер саны – 1,6 мың адам. 2019 жылы электронды өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 44,5 млрд теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 35%-ға артты. Бұл ретте жалпы импорт көлемін ескергенде, аталған өнімдердің жергілікті қамту үлесі (1 трлн теңгеге жуық) небәрі 4% құрайды.

Электронды өнеркәсіп саласында бүгінгі таңда жаңа толық дайын өнімдерді: баспа платаларын («С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ), телекоммуникация жабдықтарын («Digital System Servis» ЖШС), суды, жылу мен жарықты есептейтін электронды құралдарды, деректерді сымсыз жеткізуге арналған модульдерді («Корпорация Сайман» ЖШС, «Орион-система» ЖШС және т.б.), компьютерлерді («С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ, «PS4U» ЖШС және т.б.), цифрлық бейнекамераларды («Перспектива» ҒӨБ, «NG Vision» ЖШС), радиостанцияларды («РТС Инжиниринг» ЖШС) шығару игерілген.

Электронды өнеркәсіпте отандық қамтуды одан әрі арттыруды ынталандыру мақсатында отандық өндірушілермен оффтейк-келісімшарттарды арттыру, сауда желілері арқылы отандық құрастырылған компьютерлерді сатып алу үшін жеңілдікпен несиелендіруді енгізу, электронды өнеркәсіп саласындағы ҒЗТКЖ-ға қаржы бөлу және т.б. арқылы мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары қабылданатын болады.

2024 жылға қарай электронды өнеркәсіптегі өндірістің орташа жылдық көлемін 382,6 млрд теңгеге (өсім – 8,5 есе), экспорт көлемін 45 млрд теңгеге, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардағы сатып алуда жергілікті қамту үлесін сәйкесінше 30% және 20% дейін жеткізу мақсаты қойылды. 60 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылып, орташа жылдық өсімі 28 мың адамды құрайтын болады.

Кеңеске қатысушылар Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қойған цифрлық теңсіздікті жою және әлеуметтік әлжуаз отбасылардан шыққан балаларды компьютер техникасымен қамтамасыз ету бойынша міндеттерді іске асыруға ерекше көңіл бөлді. Мәселен, 2020 жылдың соңына дейін 9 отандық өндіруші еліміздің мектептеріне қосымша 606 мың бірлік компьютер техникасын (351 мың компьютер және 255 мың ноутбук).  өндіріп, жеткізеді. 2024 жылға қарай компьютер техникасының отандық өндірісі 5 есе, 165 млрд теңгеге дейін арттырылатын болады.

Кеңеске цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Мусин, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов, басқа министрліктер мен ведомстволардың басшылары, сондай-ақ  «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қ. Есекеев қатысты.

"Адырна" ұлттық порталы

                      

Пікірлер