Мәскеуде жарық көрген Абай жайлы жинақ  

5933
Adyrna.kz Telegram

Мәскеудің «Русский раритет» баспасынан Абайдың таңдамалы шығармалар жинағы  жарық көрді. Кітап Мәскеуде жарық көрді, ал оның басты ерекшелігі неде?

Біріншіден, мұнда ұлы ақынның шығармалары жүйелі түрде жинақталып берілген.  Кітаптың бетін ашқан адам алдымен Абайдың  «Қара сөзін» құныға оқиды. Орыс тіліне аударылған Абайдың «Қара сөзі»  арқылы көпшілік  қауым өзінің философиялық танымын кеңейтеді.

Айта кетейік, Абайдың қара сөзін тәржімлағандар тегін азаматтар емес. Олар – КСРО мемлекеттік сыйдығының лауреаты, белгілі жазушы Виктор Шкловский, ал Абайдың 37- қара сөзін Леонид Соболев, 38- қара сөзін Сәтімжан Санбаев аударған. Бұл – ертеректе сәтті тәржімаланған аударма.

Екіншіден, жинақта ақын Абайдың 60 жыры оқырман қауымға орыс тілінде ұсынылған. Оны кезінде мәдениеттанушы, ақын, философ, Әуезхан Қодар аударған. Әуесхан аудармасы ақын Абайдың бала шақтан біз жаттап өскен жыр шумақтарын бірден ойға оралтады.

Үшіншіден, жинаққа топтастырылған  шығармалардың барлығы да аударма емес. Ақынның 30 өлеңі кітапта қазақ тілінде, түпнұсқа нұсқасында жарияланған. Бұл шын мәнінде Абайды ана тілінде оқығысы келген кез келген адамға берілген терең таным мен зор мүмкіндік. Атап айтар болсақ, мұнда философ ақынның «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым...», «Ғашықтың  тілі  – тілсіз тіл», «Өлең –сөздің патшасы, сөз сарасы»,  «Желсіз түнде жарық ай...», «Құлақтан кіріп, бойды алар», «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Көзімнің қарасы» және тағы басқа танымал жырлары бар.

Төртіншіден, жинақта Абайға арнаған  қазақ ақындарының жырлары орыс тіліне аударылып берілген.  Мұнан оқырман  қазақтың классик  ақынының әлемдік тұлға екеніне тағы да көз жеткізеді.  Шын мәнінде, Мағжан Жұмабаев, Қалижан Бекхожин, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Тұманбай Молдағалиев, Қайрат Жұмағалиевтың жырлары көкірегі ояу көзіқарақты оқырманды Абай әлеміне тартады.

Бесіншіден, жинақта ақын өмір сүрген дәуірдегі суреттер берілген. Мұнда Абайдың отбасымен және балаларымен түскен фотолары бар. Он тоғызыншы ғасырдың басындағы бұл суреттер Абайдың өмірін фотодеректер арқылы айғақтай түскен.  Бұл фотолар Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұражайынан алынған.

Алтыншыдан, қазақ суретшілерінің Абайға арнап салған суреттері  бөлек топтастырылған. Бұл жинақтың ажарын аса түскен.

Жетіншіден, Қазақстан мен әлем елдерінде Абайға орнатылған ескерткіштер  де көрсетілген. Мұның барлығы да кітаптың мазмұнын байытып,  мазмұнын арттырып тұр.

Сегізіншіден, бұл жинақты құрастырған кім? Ол – Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, Ресей Тілдер академиясының А. С. Пушкин атындағы медалінің иегері Сәуле Мансұрова.

Жалпы Ресей-Қазақстан мәдени ағарту қатынасында белсенді жұмыс істеп жүрген Сәуле Мансұрова Абай мұраларын зерттеуге көп еңбек сіңірген. 2003 - 2007  жылдар аралығында Абайдың таңдамалы шығармалар жинағын шығарған.  Оның бас болуымен Абай мен Пушкин шығармашылығындағы байланыс туралы «Художественная литература» баспасынан бірнеше жинақ жарық көрген. Елеулі еңбегі үшін  Елбасының Жарлығымен «Құрмет» орденінің иегері атанған мәдениеттанушы  Абайдың-175 жылдығында ақын шығармашылығына тағы  қайта оралды. Сөйтіп, мерейтой қарсаңында Абайдың таңдамалы шығармалары орыс тілінде жарық көрді.

Кітапта жарық көрген алғысөзінде Сәуле Мансұрова «Абай қазақ даласы үшін алғашқы халықтық университет болды. Абай өлеңдерінің мазмұны, ырғағы, мәнері, әобір қарапайым адамның жүрегімен үндесті. Абай тек ұлттың кеңістігінде қалып қоятын ойшыл емес, ол ренессанстық тұлға.

Орыс мәдениетімен байланысы Абайдың әлеуметтік бағытын айқындады.  Ақынның жер бетіндегі рөлі қандай екенін ол Пушкин арқылы ұқты. Пушкинмен, Гетемен, Шекспирмен және Декартпен бірге Абай да әлем мәдениеті тұлғаларының пантеонына кіреді»,  – деп жазды.

Рас, орыстың рухани әлемі Абайға жат емес. Қазір екі ұлтты ғасырлардан келе жатқан мәдени қарым-қатынас байланыстырып тұр. 2006 жылы Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып тұрған уақытта  Тайыр Мансұров  Мәскеуде Абай ескерткішінің қойылуына ұйытқы болды. Бұл ескерткіш Абай мен Пушкин жылы аясында ашылды. Салтанатты шараға Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қатысып, сөз сөйлегені белгілі.

Абай шығармашылығы, Абай әлемі –  мәңгілік. Жас ұрпақ қазақтың данышпан ақынының терең  мағыналы философиялық ойлары мен тағлымды жырларын оқыған сайын  одан мол ғибрат алатыны сөзсіз.

2020 жылдың қаңтар айында сөйлеген сөзінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз Абай арқылы  елімізді әлемге паш етеміз. Ақынның  тұлғасы Қазақстанның ұлттық руханиятын әлемдік деңгейде насихаттауға зор үлес қосады. Абайдың мұрасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағытына айналуы қажет. Шынтуайтына келсек, Абай қазақ болмысының айнасы болып табылады», – деп атап көрсетті.

Демек Абай әлемі – мәңгі жасайтын  құндылық.

 

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Пікірлер