Тұмауға қарсы вакцина кімдерге тегін салынады

2634
Adyrna.kz Telegram

Биыл тұмауға қарсы екпе салу 10 қыркүйектен 10 қарашаға дейін жалғасады. Салынатын "Гриппол плюя" вакцинасы Ресейде өндірілген

Алматылық дәрігерлер кімге тұмауға қарсы екпе тегін салынатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Тұмауға қарсы екпе жыл сайын салынады. Қазір Алматыда тұмауға қарсы вакцина салуға дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр. Тұмау – тыныс алу жолдарының жіті ауруы. Тұмау кезінде бас ауырып, адамның иммунитеті әлсірейді. Соның нәтижесінде науқастар бактериялық пневмония пайда болуы мүмкін. Көп жағдайда балалар мен 60 жастан асқан адамдардың жағдайы қиын болады", - деді Алмалы ауданы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін орталықтың педиатрия бөлімінің меңгерушісі Майра Макеева.

Биыл тұмауға қарсы екпе салу 10 қыркүйектен 10 қарашаға дейін жалғасады. Салынатын "Гриппол плюя" вакцинасы Ресейде өндірілген.

Тұмауға қарсы кімге екпе тегін салынады

  • 18 жасқа толмаған созылмалы ауруы бар балаларға;
  • Медицина қызметкерлеріне;
  • Жүкті әйелдерге;
  • Жабық үлгідегі мекемелердегі адамдарға (балалар үйі, мектеп интернат);
  • Созылмалы ауруы бар мүгедек ересектерге;
  • 60 жастан асқан азаматтарға.

Вакцина қалай салынады

Дәрігердің айтуынша, вакцинаны салдыратын адамдардың тізімі жасалды, сол тізім бойынша пациенттер емханаға шақырылады.

"Екпе салдырар алдында азамат өзінің учаскелік дәрігерінің тексеруінен өтеді, оның инфекциялық ауру жұқтырғандармен байланыста болған-болмағаны жайлы сұрайды. Дене қызуы өлшеніп, ешқандай қарсы көрсеткіштер болмаса, вакцина салынады", - деді дәрігер Макеева.

Сонымен қатар учаскелік дәрігер вакцина салатындарға бірқатар кеңес береді. Екпе салған азамат 30 минут медбикенің бақылауында болады. Алдағы екі күнде де жағдайы қадағаланады.

 

Пікірлер