Оnline vs. Offline: Жаңа оқу жылында дәстүрлі оқыту жүйесін қайтару керек пе?

7704
Adyrna.kz Telegram

Жаһанды жайпап жатқан пандемия баршаны әбігерге салып, өмір сүру салтымыз бен көптеген саланың қызметін түбегейлі өзгертуде. Бұл жағдайда, әсіресе, білім беру саласында дұрыс шешім қабылдау бәрінен маңызды боп тұр. Дәстүрлі білім беру жүйесі мен қашықтан білім беру жүйесінің қайсыбірін таңдау керектігі біраз уақыт талқылауға түскен-ді. Көптеген сарапшылардың зерттеуіне сүйенсек, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып, жаңа оқу жылын дәстүрлі білім беру жүйесімен бастау тиімді көрінеді. Ендеше, дәстүрлі оқытудың артықшылықтарын сараптап көрсек.

Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, кішкентай бүлдіршіндер короновирус инфекциясын жұқтырған жағдай аз және вирус оң нәтиже көрсеткен балаларда тек жеңіл симптомдар байқалған. Мәселен, Қытайдағы ауруды бақылау және алдын алу орталығы 20 ақпанға дейінгі  Covid-19 вирусын жұқтырған 72 314 жанның  2%-ын 19 жасқа дейінгі балалар құрайтындығы туралы мәліметтер келтірген.

Ал ДДСҰ-ның Қытайдағы өкілінің ақпан айындағы есебіне сүйенсек, жұқтырғандардың тек 2,4%-ы – 19 жасқа толмаған, олардың 2,5%-ында ауру ауыр түрге, ал 0,2%-ында аса ауыр жағдайға айналыпты. Америкалық зерттеулер бойынша 500-ден астам вирус жұқтырған балалар арасында бірде-бір өлім болмаған (бұл топтағы вирус жұқтырған балалар тек 1% құрады). Қытайлық зерттеулерде Covid-19 вирусын жұқтырған балалардың жартысынан көбі жеңіл симптомдарды сезінгені айтылған.

Үштен бірінде пневмония белгілері,  көбінде ыстығы көтерілу мен жөтел болғанымен,  тыныс алу қиындықтары кездеспеген.

Оксфорд университетінде Covid-19 вакцинасын жасаушы ғалымдар тобын басқарушы Эндрю Полларда bbc.com-ге берген сұқбатында: «Короновирус жайлы осыған дейін жиналған мәліметтер бойынша мынадай нәрсе анықталған: тіпті, өте ауыр, иммуносупрессивті терапия қабылдауы керек немесе онкологиялық ауруы бар балалар ересектерге, әсіресе, егде жастағы қарияларға қарағанда жеңіл түрде ауырған»,- дейді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтың хабарлауынша, наурыз айынан бері Қазақстанда 2257 бала осы вирусты жұқтырған (вирус жұқтырған қазақстандықтардың жалпы санының 2%-дан астамын құрайды). ҚР Денсаулық сақтау министрлігі  кейбір балалар тобына көшеде маска кимеуге рұқсат берді.

Covid-19 короновирусының мектеп оқушыларына төмен әсер ету факторын ескере отырып, барлық санитарлық нормаларды мұқият сақтап,  мектептегі жағдайды қадағалайтын  кезекші топты құра отырып, жаңа оқу жылын ұйымдастыруға болады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы режим арқылы Қазақстан бойынша 530 мыңға жуық оқушы білім ала алатынын мәлімдеді. Бұл тек мемлекеттік  қана емес,  жеке мектептерге де қатысты.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова бұл пікірді қолдай отырып, жеке мектептерді іске қосу мектептердің жабылу үрдісін төмендетіп, жалпы білім беретін мемлекеттік мекемелердің көптеп  ашылуына әсер ететін пилоттық жоба бола алатынын айтқан. Бибігүл Асылова өз сөзінде: "Біз барлық нормалар мен талаптарды сақтай отырып, жеке мектептерді ашу туралы бастаманы қолдаймыз. Көптеген жеке ұйымдар төртінші тоқсанда-ақ санитарлық қауіпсіздіктің барлық талаптарын сақтай отырып жұмысты жалғастыруға дайын болды",- деп айтқан.

Оқушылардың кейбір санаттарына қашықтан білім беруді қолдана алмайтын жағдай да болады . Мысалы, мүмкіндігі шектеулі балалар маман-мұғаліммен тікелей байланыс жасау тиіс.

Осы жайларды ескере келе, вице-министр: "Ерекше балалармен айналысатын білім беру ұйымдары, түзету сыныптары бар. Оларды ашуымыз керек. Өйткені балалар онлайн режимде оқи алмайды, әріқарай даму үшін мұғаліммен тікелей байланыс қажет. Әрине, мұндай мекемелерді ашу кезінде ата-аналардың офлайн немесе қашықтан оқыту талабы ескеріледі", - деп толықтырған.

Мектептер барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып ашылуы тиіс. Оқытудың дәстүрлі формасын қайта бастаудың міндетті шарттары: сыныптарды іріктеп толтыру, ДДҰ бекіткен әлеуметтік қашықтыққа сәйкес балаларды отырғызу, оқушылар мен мұғалімдердің, сондай-ақ оқу орындарының басқа да қызметкерлерінің маска, қолғап киюі, кабинеттерді, дәліздерді және басқа да орындарды үнемі санитарлық талапқа сай тазалау, үзіліс кезінде, бос уақытта, түскі ас кезінде қашықтықты сақтау, мектептегі барлық адамның, сондай-ақ ата-аналардың, балаларды әкеліп-әкететін адамдардың температурасын үнемі өлшеу.

Короновирусқа қарсы мұндай қорғаныс шараларын қатаңдата отырып, жаңа оқу жылын дәстүрлі білім беру формасында өткізуді әлемнің өзге де мемлекеттері қабылдауда. Мәселен, Германия, Израиль, Қытай, Уругвай, Жапония. Сондай-ақ Австралия мен Данияның кейбір аймақтарында 12 жасқа дейінгі балаларды мектепте оқытпақ.

Инфекционистрдің айтуынша, қашықтық сақтап отырғызу секілді қауіпсіздік шараларын қатаң орындаған жағдайда балалар короновирус жұқтырмайды, сондай-ақ мұндай шаралар күзде таралатын ЖРВИ-дің де алдын алады.

Жеке мектептерді аймақтық бағалау және рұқсат беру

 Оқу жылын қайта бастау форматы еліміздің әрбір жеке өңірінің эпидемиологиялық жағдайына да байланысты. Қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Нұрсұлтан, Алматы, Ақтөбе облысы, Қарағанды облысы және БҚО көш бастап тұр. Сондықтан мұнда дәстүрлі оқыту форматына оралу ерекше назар аударарлық. Бұл тек тамаша техникалық құралдармен жабдықталып, әрі қауіпсіздіктің барлық заманауи стандарттарын сақтап қана қоймай, сонымен бірге  оқытуды қайта бастау арқылы сектордың шығындарын азайтып, мемлекеттік бюджетке салық жарналарын көбейтетін жеке меншік мектептерге де қатысты.

Сонымен қатар, мемлекеттік оқу орындары мен жеке мектептер арасында дәстүрлі оқуды қайтаруға дайындық арасында айырмашылық бар екенін ескеру керек. Бұл жағдайда мектеп ғимараттарының техникалық дайындық деңгейі ғана емес, сонымен қатар қауіпсіз орта құру әдістері, сонымен қатар ересектердің педагогикалық кәсібилігі мен балаларды карантинге дейінгі кезеңдердегі қалыпты емес жағдайларда оқыту қабілеті де бір-бірінен ерекшеленеді. Жеке сектор мен мемлекеттік мекемелердің құрылымы да бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан мұнда мектепті, мұғалім мен балаларды дайындайтын әртүрлі алгоритмдер қажет.

Кембридж және Бристоль университеттерінің зерттеулері де дәстүрлі оқытуды ұзақ уақытқа тоқтату – жас ұрпақтың болашақ коммуникациялық және кәсіби дағдыларына теріс әсер ететінін көрсеткен. "Барлық ел оқушыларды мектепке қайтаруға басымдық беруі керек", – дейді олар.

Ата-аналардың көзқарасы қандай?

Үлкендер де дәстүрлі-оффлайн оқытуды қайтару керек деген пікірде. Ата-аналардың көпшілігі балаларының мектепке барып оқығанын қалайды. Оған басты себеп балалардың қарым-қатынас орнатуы, өзгелермен араласуы, қоғамнан өз орнын табуы қиындап кететіндігі екен. Сондай-ақ ата-аналардың көпшілігі қашықтан жұмыс істеуге көшкендіктен, балаларының сабағын қадағалауға уақыттары да болмайды. Ал кейбір ата-аналардың алаңдайтыны – балалардың видео арқылы білімді бойына сіңіруі қиын. Соның салдарынан балалары білімсіз боп қала ма деп қорқады.

Шымкенттік көп балалы ана Жазира Бақытжанқызы: «Өзім көп балалы анамын. Биыл балаларымның алды бірінші сыныпқа, екіншісі даярлық тобына баруы тиіс. Балаларымның ортамен тез тіл табысып, қоғамнан өз орнын таба алатындай азамат болғанын қалаймын. Әрі басқа балаларым әлі кішкентай болғандықтан, үлкендерінің сабағын қадағалауға мұршам болмай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда олардың сабақ үлгерімі төмендеп қалмаса деймін. Және видео сабақтар арқылы бала жан-жақты түсініп, терең білім ала алмайтын секілді. Ал баланың білімінің іргетасы берік қалануы оның болашағын да шешеді. Сол себепті қауіпсіздікті қатаң сақтай отырып, баламды мектепке жіберуге әзірмін», - дейді.

Алматылық Жұлдыз Сейілбек: «Төрт балам бар. Біреуі ғана мектепке бармайды.  Үшеуі мектеп жасында, бастауыш сынып оқушылары. Бәріне бірдей құрал-жабдықпен қамти алмаймыз. Әрі өзім де, әкесі де жұмыстағы адамдармыз. Балалардың сабағын қадағалауға тек кешке мүмкіндігіміз бар. Ол жеткіліксіз деп ойлаймын. Бала түсінбегенін кімнен сұрайды? Осы күнге дейін сабақ үлгерімдері өте жақсы боп келді. Әріқарай да солай болса деймін. Бәлкім, өз бетінше игеретін жоғары сыныпта оқығанда, онлайын форматқа келісуге болатын шығар. Бірақ, бастауыш сыныпта емес», - деген пікірде.

Осындай сараптамалар мен ата-аналардың уәждеріне жүгіне, балаларды мектепке қайтарудағы бес артықшылықты санамалап көрсек:

- Тәртіпті және құрылымды оқыту: ата-ананың барлық пәннен хабары болмауы мүмкін. Ал мұғалім өз саласына маманданған. Бала мұғалімнен жан-жақты білім ала алады.

- Өз қатарымен және ұстаздарымен қарым-қатынас. Бала үшін көпшілікпен жүзбе-жүз араласу маңызды. Және ұстаздарға да балаларға бетпе-бет білім берген ыңғайлы. Қай оқушының тақырыпты қаншалықты деңгейде меңгергенін көзбе-көз көре алады.

- Күнделікті бір сәт таза ауада серуендеу, ойнау. Күнделікті адам бір мезгіл таза ауамен тыныстауы керек. Әрине, балаларға аулада жүруге, ойнауға рұқсат берілді. Бірақ бұл қауіпсіз емес пе? Ал мектеп ауласында баланы мұғалімдер қадағалап тұрады.

- Технологиямен қамту қажет емес. Үйде оқыған жағдайда міндетті түрде техника алуы керек. Оны барлық ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Аз қамтылған отбасылар да бар. Бұл жағдайда мемлекетке ауыртпалық түседі.

- Ата-ананың уақытын алмайды. Баланың үйде оқуы ата-анаға көп зиянын тигізеді. Олардың қаржылық жағдайына, физикалық, психологиялық жағдайларына да әсер етпей қоймайды. Ғаламтордың да қиындық тудыратыны бар. Кейбір ата-аналар баласын үйде оқыту үшін еңбек демалысын алуға мәжбүр. Көктемгі карантин сәтінде көптеген ата-аналардың эмоциясын тежей алмағанынан әлеуметтік желілер арқылы хабардар боларсыз?

 

 

Айжан Пердебекқызы,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер