Вакцинаны халықтың 20 пайызына жасау жоспарлануда

2852
Adyrna.kz Telegram

Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Людмила БЮРАБЕКОВА халыққа вакцинация жасау мәселесін сөз етті. Бұл туралы ол өткен аптада онлайн брифинг барысында мәлімдеді.

Вице министрдің айтуынша, вакцина жасау ең алдымен созылмалы ауруы бар, сырқаты қауіпті саналатын адамдардан басталады екен. Ең алдымен, пневмония ауруына шалдығуы мүмкін деген адамдарға екпе егілу жоспарлануда екен. Сондай-ақ, Бюрабекова халықтың қанша пайызына вакцинация жасалмақ деген сұраққа: «Біз екпе салынуға тиіс деген халықтың 15 пайызына есеп жасап отырмыз. Алайда келісім аясында бұл көрсеткішті  20 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз», - деді.

Сонымен қатар вице министр вакцина шыға салысымен, екпені сатып алу және вакцинация жұмыстары басталатынын да мәлімдеді.

Десек те, вице министр қандай негізге сүйеніп, алдын ала екпені сатып алуға және қанша адамға салынатынын жоспарлап жатқанын тарқатып айтпады. Коронавирустың алдын алатын вакцина жер планетасында әлі табылған жоқ. Сонда біздің денсаулық министрлігі қандай вакцинаны сатып алуға ақша санап отыр? Қандай вакцинаны халықтың 20 пайызына салмақ?

Қазақстан емес, атынан ат үркетін, ғылымы шарықтап дамып кеткен Германия секілді алпауыт елдер коронавирустың вакцинасы таяуда табылатынына сенім артпауда. Ал қазақстандық денсаулық сақтау министрлігі өкілдері екпе науқанына сақадай сай дайын отыр.

Сіз қалай ойлайсыз?

Әуелхан ШОНЖАН, зейнеткер: «Біздің елдегі барлық тірлік осындай ғой, аты бар, заты жоқ. Меніңше, министрлік екпе жасауға халықты ақырындап көндіру жұмысына кіріскен секілді. Осы вирус шыққанда адамдарды жаппай вакцинация жасау басталатыны сөз болғаны есте. Соған қарағанда, пандемиядан кейінгі келесі жоспар осы екпе сияқты. Жарайды, екпе жасатайық делік. Алайда ол қандай екпе? Әлем ғалымдарының өзі коронавирустың вакцинасы ойлап табылғанымен, оның нәтижесін көруге кемінде бір жыл уақыт керегін айтты емес пе?

Әлем ғалымдары ақымақ па, жоқ біздің шенеуніктер білгіш пе? Пандемия кезінде қазақстандық медицинаның жағдайы қай деңгейде екеніне көзіміз жетті. Өкпе қабынуы мен коронавирусты ажырата алмай, қала берді індетке еш дайындығы болмағаны, бар дәріні қоймадан шығармай ұстап, халықты қынадай қырғанын шыққыр көзіміз көрді емес пе?! Осыдан кейін кім қазақ медицинасына сенім артып, екпе жасатуға келісе қояр екен? Меніңше, вакцина мәселесі Денсаулық сақтау министрлігінің бюджеттен кезекті ақша сұрауға жасалған қадамы ғана. Миллиардтап ақшаны желге шашқан медицинамыз әлі өмірде жоқ вакцинаны сөз етуге де арланбағаны жанымызға батады».

Ербол ТҰРҒАНБАЙ, жұмысшы: «Өзіміздің саулығымыз, амандығымыз үшін, әрине вакцина жасатуғ тиіспіз. Мен қос қолдап қолдаймын. Және ең бірінші болып салдыруға дайынмын. Өйткені коронавирустан өліп қала жаздап, жазылғанның бірі өзім. Құдай бетін аулақ етсін, енді қайтып солай ауырмас үшін тезірек екпе жасалуын күтіп те жүрмін».

Жанна АДАМБЕКҚЫЗЫ, экономист: «Әуелі вакцина табылсыншы. Ол табылмай тұрып, халыққа екпе егеміз деу қисынсыз ғой. Әлде біздің дәрігерлер бас көз жоқ ойларына келген вакцинацияны бастап жібермек пе? Көктемнен бергі көзіміз жеткен еліміздегі медицина ахуалы сын көтермей тұр. Парацетамолы жоқ Қазақстанда әлемді дүрліктірген коронавирусқа қарсы екпе жасауды айту, күлкілі емес пе?!

Шілде айында өлім аузынан қайтқан, медицинамыздың қауқарсыз кейпін көрген кез келген адам екпеге қарсы болатын шығар. Оның үстіне біздің елде медицинаға сенім қалмаған. Вакцинаға тіпті сене қоймас. Өз басым екпе жасатуға қарсымын».

Біз сұрау салған азаматтардың пікірі осындай. Сіз не дейсіз, құрметті оқырман? Вакцина туралы сөз қозғауға әлі ерте емес пе?

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.  

Пікірлер