Ақтаудағы жаңа үйлердің шатырынан жаңбыр суы өтіп кетті (видео)

3736
Adyrna.kz Telegram

Ақтау қаласында кеше күні бойы жауған жаңбыр салдарынан орталық көшелер суға толып, жаңадан салынған көпқабатты үйлердің шатырынан су кетті. 

Алдымен желіде Ақтау тұрғындарының үйлерінен кеткен суды жұмыла өздері тазалап жатқаны түсірілген видеолар пайда болды. Видеодағы көрініс қаланың 19 шағынаудандағы «Тыныштық» тұрғын-үй кешені екен.

Ақтау қалалық әкімдігі видеодағы үйдің бұзылған жерлері жөнделетінін хабарлады. Баспасөз қызметінің мәліметінше, көшелердің суы тазартылуда.

«Ағымдағы жылдың 5-ші тамызынан 6 тамызына қараған түні қала бойынша толассыз жауған жауын-шашын салдарынан қаладағы жолдарға су жиналды. Жауын суын сорғыту мақсатында коммуналдық кәсіпорындардан барлығы 4 бойлер-ассенизаторы, 10 мотопомпасы және 2 су сорғыш көлігі (ПНС) үздіксіз күні-түні қызмет атқаруда. Қазіргі уақытта 31а, 31б, 32а, 32б шағынаудандардың жол қиылысы мен 1 шағынаудан облыстық тіс емханасы маңы судан тазартылуда. Сонымен қатар, су жиналған орындарды тазалауға «Қала жолдары» ЖШС-нен 15 адам және Төтенше жағдайлар департаментінен 20 адам жұмылдырылды»,-деп хабар таратты баспасөз қызметі.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер