Есепсіз ақшаның есебін сұрамағандар Мамайға неге жабылады?

3230
Adyrna.kz Telegram

Кеше «Демократиялық партия» құрғысы келетін саясаттанушы  Жанболат Мамай президент әкімшілігіне 100 мың адамның арызын тапсырды. Хатта халықтың несиесін кешіруді сұраған.

Жанболат Мамай көтерген несие амнистиясын қолдаушылар да, қарсы шығушылар да табылып жатыр. Тіпті кейбір кісілер оның сөзін популизм деп атап, «менің салығымның арқасында неге біреудің несиесі кешірілуі керек» дегенді айтуда.

Мемлекет қаржысының дұрыс жұмсалуын қадағалаған жақсы-ақ.

Алайда, біз ЭКСПО-2017 көрмесіне 565 миллиард теңге, Азия ойындарына 235 миллиард теңге, Универсиада өткізуге 53 миллион евро жұмсаған елміз.

Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін, керексіз экономикалық форумдар мен халықарылық басқосулар өткізіп жүргенде сұралмаған салық ақшасы неге халықтың, қандасыңның  несиесіне келгенде сұралды?

Бұл аз десеңіз, 2008-2016 жылдары банктерді сауықтыруға бөлінген 476 миллиард теңгенің 415 миллиарды ғана бюджетке кері қайтарылған. Ал 2017 жылы банктерді сауықтыруға бөлінген ақша – 653,7 млрд теңге.

Мұның сыртында қаншама шенеунік елімізден жыраққа есебі жоқ ақша әкетті. Мамайдың айтуынша, халықтың несиесін кешіруге шамамен 10 миллиард доллар керек екен. Теңгемен – 4 триллион.

Төтенше жағдайда есеңгіреп қалған елдің несиесін кешіру-кешірмеуді Ақорда шеше жатар. Біздің айтпағымыз басқа, «Менің есебімнен несие жабылмасын» деп жүргендерге жоғарыдағы естен танатын миллиардтарды көрсету.

Жанболат Сарықасқа

 

Пікірлер