Жалпы, адам баласын жаратылғалы қауіпті нәрселерден – әртүрлі апаттардан, ауру-сырқаудан, өлім-жітімнен, жақсы көретін қимас адамынан айырылып қалудан, биіктен құлап кетуден, жұмысынан айырылып қалудан, қымбат затын немесе керек затын жоғалтып алудан, айта берсе көп т. б. қорқу сезімі бар. Бұл адамға алдағы қауіп-қатерден алдын ала сақтану үшін берілген сезім десек қателеспеспіз. Мұны неге айтып отырмыз? Дәл қазір елімізде жақсы мен жаманды, бай мен кедейді, жас пен жасамысты таңдап жатпай, жаппай таралып отырған індетке байланысты да ел ішінде тек қорқу емес, үрейдің күшейіп тұрғанын көріп отырмыз.
Біз қанша қарсылық көрсетіп қаламасақ та, атың өшкір коронавирус келді, аурудың ел ішіне дендеп кеткені сонша, қандай жағдайға да дайынбыз деген үкіметтің өзі дағдарып қалды. Денсаулық сақтау министрлігінің болжамдары бекер болып, олар ойлағаннан он емес, жүз есе қауіп төндіріп, дәрігерлер қанша дабыл қағып, күндіз-түні сақтық шараларын сан қайталап жатса да жағдайдың бақылаудан шығып кеткенін де жасыра алмаймыз. Аты жаман жұқпалы ауруға шалдыққандардың статистикалық мәліметтерін анық бере алмай, симптомды, симптомсыз деп бөліп отырғанда арты өте тез асқынған пневманияға айналып шыға келді. Қытай елі Қазақстанда белгісіз пневмания пайда болып, өршіп кетті деп дабыл қақты. Шындығында, бұл екеуі де аты жаман аурудың екі атауы ғана екенін ешкімнің мойындағысы келмеді. Ақыры еліміздің жағдайына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы араласты да, енді коронавирус пен пневманиядан ауырғандар мен қайтыс болғандардың статистикалық есебін біріктіруге мәжбүр болды. Жағдай мәз емес, аты жаманға қатысты сандар «сөйлегенде» жүрегің ұшады.
Айтпағымыз, Денсаулық сақтау министрлігінің аурулардың статистикасы мен статустарын дұрыс анықтай алмауы емес, өзіміздің – қарапайым халықтың сенеміз, сенбейміз деп бөлініп, өзара айтысқа көшкені. Осыған байланысты халық алдын ала сақтану шараларын шамасы келгенше жасап жатқанына қарамастан, талай адам аурухана төсегіне таңылып, бір жұтым ауағаның зары өтіп шарасыз жатса, талай адам тәж тажалдың құрбанына айналып, бақилық болып кетті. Ол адамдарды сақтанбады деп кінәлаудан аулақпыз, алайда бір нәрсе анық, алдын ала сақтану шараларының жеткіліксіз болғаны, жалпы халыққа түсіндіру жұмыстарының кемшін болғаны, салдарына сеңдей соғылысып қалай болса, солай мән бермеудің салдарына көптеген қиындықтармен бетпе-бет қалдық. Ауру көбейді, дәрігерлер күндіз-түні жанұшырып арпалысқанымен науқастардың барлығына бірдей қызмет көрсетіп үлгере алмай қалды. Тіпті, үйіне үш-төрт ай бармай, отбасына бөлініп қалса да халықты аман сақтап қалу үшін аянып қалған жоқ. Ақ халатты абзал жандардың барлығы елдің бар үміьтін арқалаған ақ қанатты періштеге айналды. Сондықтан амандығымыз үшін әуелі Құдайға шүкір десек, екінші дәрігерлерге мың алғыс!!!
Сенетіндер алдын ала қамданып, естіген, білген дәрі-дәрмекті топтап, көптеп алып дәріханаға жүгірді, ұзын сонар кезекке тұрды, ел-жұрттан естіген емдік шөп-шаламдарды жинап, жан сауғалауға көшті. Жылап-еңіреп байбаламға салынып, үрейге беріліп қолға түскен, елден естіген дәрі-дәрмекті жөн жосықсыз уыстап ішуге, елден естіген шөп-шаламды оңды-солды қайнатып-қайнатпай қолдануға көшті. Дәрігерлердің айтқаныннан көрі дабыраға ілесіп, дақпыртқа сенгендер көбейді де, біреу денсаулығына пайда-зияны бар-жоғына қарамай сарымсақ шайнады, біреу жоқ атқұлақты қайнатып іше бастады, біреу лимонды бейберекет қолданды, енді бірі естіген антибиотиктерді болсын-болмасын ішіп жатты, енді біреулер жұдырықтай тіршілік иесі кірпінің қу жанын қиып, сорпасын ішу керек деген қысыр кеңес берді. Бәрінен қымыз бен саумал жақсы деп еді, алаяқтар көктің суын да екі есеге қымбаттатып жіберді. Оның салдарынан болған қымбатшылық пен тапшылық өз алдына бір төбе болып шыға келді. Сенбейміз дегендер тіпті бетперде де тақпай саясат деді, массондардың ойыны, ақша жеудің амалы т.б. деді, қойшы, әйтеуір, сенуге болмайтын сан түрлі уәжі мен өзі сенбейтін көптеген себептерді алға тартты, сенеміз, ауру бар, тарап жатыр деп барынша сақтанып жүргендерге күлді... Ал арты не болды?!...
Анығында, індеттің дендеп кеткені соншалық, ешкімнің сеніміне қарап жатпады. Тырнағына ілінгендердің бәрін тырп еткізбей «ашса алақанында, жұмса жұдырығынада» ұстады. Салдарынан халық жаппай ауырып, сеніп жүргендердің арасында дүрлікпе үрей пайда болды да, сенбейміз деп шалқайып жүргендер қайдан, қашан жұқтырғанын білмей мұрттай ұша бастады. Сөйтіп әлеуметтік желілерде жоқ деп жүрсем бар екен ғой, енді сендім, ауырып жатырмын, дәрі жоқ, дәрігер келмеді, сақтанып жүріңіздер, қажет болмаса үйден шықпаңыздар деген сияқты жанұшырған жазбалар қалдырып, видеолар жариялады. Оны да көзбен көріп отырсыздар. Осының барлығы онсыз да шықпа жаным, шықпа деп отырған елдің есін шығарып, үрейін ұшырып, ауруға қатысты дақпыртты күшейтіп, одан сайын қорқыныш туғызды. «Сөзде қаңқу жаман, ауруда шаншу жаман» екенін білетін қазақ едік, дәл қазіргі жағдайда үрейімізді қаншалықты жеңе алдық?
Әрине, есі дұрыс, дені сау, көзі қара пенденің аяқ астына өлгісі келмейтіні де ақиқат қой. Кімнің емге келмей, демде үзіліп кеткісі келеді дейсің?! Алайда біздің бір көз жеткен нәрсе – «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деуші еді ғой, сол ауырмайтын жол іздеушілердің тым аздығы, елдің өз денсаулықтарына немқұрайлы қарайтын салғыртығы болды. Оның кесірі жақын-жуықтарына, дос-жаранына, таныс-тамырына, тіпті танымайтын адамдарға да тиді. Осыдан кейін «өзі шыққалы тұрған көзге тәйт дегеннің өзі артық» дегендей қорқыныштың арты үлкен үрейге ұласып ел ішінде дүрлігу мен адам айтса нанғысыз дақпырттар тарағаны да шындық. Осының кесірінен үрей күшейіп, болып жатқан жағдайдың барлығына сабырмен қарап, саралап, ақылмен шешім қабылдауға үлкен кедергі келтірді... Мұның бәрі неден деп ойлайсыз? Әрине, үрейден.
Үрей дегеніміз не өзі? Ол сіз бен біз ойлағандай, қауіп-қатерден алдын ала сақтануға жетелейтін жай ғана қорқу емес, қарапайым тілмен айтқанда, ол - адам үшін өте қауіпті сезімдердің ішіндегі жан алғыш - «жалмауызы». Үрейге бой алдырған адамның алды-артын бағамдап, болып жатқан жағдайларға байыппен қарап, қажет шешімді дер кезінде қабылдауға мүмкіндігі болмайды. Есесіне әртүрлі ойламаған қиындықтармен бетпе-бет қалып, ауруын асқындырып алуы бек мүмкін. Жай ғана сабырмен саналы түрде ақылға салып шешетін мәселені күрделендіріп, шиеленістіріп аласыз. Сөйтіп қан қысымыңыз көтеріледі, басыңыз ауырады, ескі ауруларыңыз қозады, бір сөзбен айтқанда иммунитеттіңізді жоғалтасыз да аурудың одан ары дендеуіне, жан-жағыңызға таралуына себепші болып шыға келесіз. «Қорыққанға қос көрінеді» деген бар, үрейге бой алдырды деген сөз өзіңізді де, айналадағыларды да тығырыққа тірейтінін ұмытпаңыз. Қалай болғанда да барлық уақытта сабырға жол беріп, үрейдің жолын кескен ләзім. Не істеу керек дейсіз ғой. Керегіңізге жарап, бірде болмаса, бірде көмегі тиер мына кеңестерге де көз сала салыңыз. «Керек тастың ауырлығы болмайды», сабырыңыз сарқылмасын. Әрдайым ақылыңызбен саналы түрде әрекет етуге үйреніңіз.
- Ең бастысы қандай жағдай болмасын ешқашан үрейге бой алдырмаңыз. Не болатынын шет жағалап болса да жоғарыда айттық.
- Дәрігерлердің кеңесіне құлақ асып, әрдайым сақтық шараларын сақтауды үйреніңіз. Еш қиыны жоқ. Дұрыс тамақтану, уақтылы тынығу, бетперде тағу, қолды жиі және дұрыс жуу, жалпы гигиеналық талаптарды бұлжытпай орындаңыз және жақындарыңызға да үйретіңіз, талап етіңіз.
- Көп адам жиналған жерлерден аулақ жүріңіз. Той-томалақтан, артық қыдырыстан, тіпті Құдай бетін әрі қылсын әрине, ет жақыныңыз қайтып, аса қажет болмаса жаназаға да қатыспай қоя тұрған абзал.
- Ауыра қалған жағдайда дәрі-дәрмекті, әсіресе антибиотиктерді бейберекет қолданудан аулақ болыңыз. Ертең ауруға ауру жамап, айықпайтын бәле тауып алуыңыз мүмкін.
- Кез келген жерде айтылып жатқан дақпыртқа сеніп, жалған кеңестердің бәріне мән бере бермеңіз.
- Барынша жақсы ойлап, жақындарыңызға жанашыр болып, ең жақсы сөздеріңізді айтып, ертең келер есті күндерден үміт етіп, жақсылықта жарқырап жүреміз деген сеніміңіз зор болсын! Үкілі үміттеріңізді үзбейтін жақсылық жайлы армандаңыз, қабыл болар тамаша тілек тілеңіз!
Жанбота Сұлтанмұратқызы