Тұрмыстық зорлық-зомбылық - бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Елімізде өз қалауымен етегінен ұстаған ер азаматынан зәбір көріп жүрген нәзік жандылар қаншама? Төрт қабырғаға қамалып отырған мына бір кезеңде олардың саны күрт өсті. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 25 % өскен.
Бұл қылмыстың бастауы қайда жатыр? Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң бар ма? «Адырна» ұлттық порталы зерттеп көрді.
Психолог Ұлмекен Сәндібекқызы бізге берген сұхбатында «не болса да көну керекпін» деп ауыр депрессияға шалдыққан қыз-келіншектердің жиі көмек сұрайтынын атап өтті:
Маған зорлық-зомбылық көрген нәзік жандылар жиі хабарласып, көмек сұрайды. Олардың басым көпшілігі - "тұрмыстық өмірге тастай батып, судай сіңу керек" деген идеологияны ұстанғандар. Мен оларға психологиялық кеңес беріп, түзету-дамыту жұмыстарын жүргіземін. Өздерімен жұмыс жасап, өмірлерін өзгерткен қыз-келіншектер аз емес. Өкініштісі, кейбір әйелдер соққы алғаннан кейін уақытылы тиісті мамандарға жүгінбей, депрессиядан шыға алмай қалып жатады. Аталарамыз "Ауруын жасырған өледі" деп текке айтпаса керек.
Отбасындағы қаржылық тапшылық, іште жинақталған өкпе-реніш, қызғаныш, жаман әдеттерге құмарлық сынды дүниелердің салдары зорлық-зомбылыққа әкеледі. Сыйластық, түсіністік жоқ жерде махаббат болмайды.
Тиран күйеуді ұзақ психотерапиялық жұмыс жасау арқылы ретке келтіруге болады. Ол үшін мамандардың көмегіне жүгіну керек.
Девиантты мінез-құлық зорлық картиналарын көріп өскен балаларда болады
Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Тиран әкенің анасына деген қарым-қатынасын көріп өскен баланың психологиясы бұзылады.Егер жеткіншек психологиялық жарақаттарымен келешектежұмыс жасайтын болса, өмірін қалыпты жалғастыра алады.
Әйел қанша жерден қырық шырақты болса да, зорлыққа төзіп, өз өмірін құрбан етпеуі керек
Егер жұбайыңыз ұрып-соғуға бейім болса, мәселенің шешу жолдарын қарастырып, маманның көмегіне жүгініңіз. Әйел шыдайды,сабыр сақтайды, бірақ оның жаны темір емес. Әйел - нәзік жаратылыс иесі. Әрбір қыз-келіншек өз жеке аймағын қорғап, өзін бағалап, жақсы қарым-қатынас көрсететін жанды таңдағаны жөн. Өмір адамға азаптанып, соққы жеуі үшін емес, бақытты сәттерді сезінуі үшін берілді.
Жыл сайын 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кесірінен көз жұмады
Халықаралық ұйымдардың мәліметі бойынша,әлемде 5 минут сайын бір ана мен бала зорлық-зомбылық құрбаны болады екен. Бұл – ғаламдық проблема. Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстардың 90 пайызға жуығы әйел адамдарға қатысты жасалады. Еліміз бойынша жыл сайын 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кесірінен көз жұмады. Түрмедегі әйелдердің 68 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жауап ретінде қылмыс жасап отырғандар.
Әлем елдері зорлықтың бұл түрімен қалай күресіп жатыр?
Қазіргі таңда 156 елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа арнайы заң бар. Молдова және Қырғызстан мемлекеттері осындай заңды енгізу арқылы қылмыс көрсеткіштерін 3 есеге азайтқан.
Ал Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа заң бар ма? Бұл сұраққа Алматы қалалық заңгерлер алқасының заңгері Колханат Кабанбаева жауап берді:
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа арнайы заң жоқ
Заң адамның жынысына, лауазымына, ұлтына қарамайды. Ол әрбір азаматқа бірдей. Егер қылмыскер адам өлтірсе ҚРҚылмыстық кодексінің 99-бабының бірінші бөлігі бойынша сегіз жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Бұл баптың екінші бөлігінің бірнеше тармақтары бар, соның ішінде 4-тармақ бойынша қылмыскер жүкті әйелді өлтірген жағдайда мүлкi тәркiленіп немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.Түрмедегі әйелдерге қатысты жантүршігерлік деректер бар. Олардың 70 пайызға жуығы зорлық-зомбылық нәтижесінде күйеуін өлтіріп қойғандар. Бұл жағдай көбінесе отбасындағы ұрыс-керістен, ішімдік ішудің салдарынан, сонымен қатар әйелдің күйеуінен қорғануы кезінде орын алған.
Жәбірленушілер мен куәгерлер қайда хабарласуы тиіс?
Егер сіз тұрмыстық зорлық – зомбылықтың куәгері немесе құрбаны болсаңыз, 102 телефонына хабарласыңыз. Жәбірленушілер «Сіздерге маскалар мен антисептиктер түсті ме?» деген құпия сөзді қолдануы керек. Сондай-ақ, qamqor.gov.kz порталы арқылы онлайн-өтінім жіберуге болады. 150 сенім телефоны тәулік бойы жұмыс жасайды.
Отбасы – ең қымбат қазына. Ашуын ақылға жеңдіріп,
отбасының бақытын, баланың болашағын, әулеттің тыныштығын сақтайтын ерлі-зайыптылардың қарасы көп болса екен..
Диана АСАНОВА, «Адырна» ұлттық порталы