Кәсіпкер Ерлан Нұрпейісовтің бастамасымен бір топ азамат шілде айының 11-нен бастап COVID-19 вирусымен инфекцияланған науқастарды тегін емдеу мақсатында Күндізгі қоғамдық стационар ашуды қолға алған болатын. КҚС жобасының негізгі мақсаты мен ұйымдастыру жұмыстары туралы біз бұған дейін таныстырған едік . Қазіргі кезде жоба ұйымдастырушыларының табанды еңбегінің арқасында бұл іс бір ізге түсіп, апта соңынан бастап науқастарды тегін емдей бастамақ.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша жоба бастапқыда бюрократиялық шешімдердің ықпалынан біршама кедергіге ұшырап, тығырыққа тірелген. Яғни, науқастар қабылдайтын стационар ашу үшін арнайы лицензия алу талабы міндеттелген. Бірақ жағдай ушығып, халық ем-домға зәру шақта лицензия алуға ұзақ уақыт пен күш кететіндіктен, ұйымдастырушы азаматтар көп ұзамай-ақ бұл мәселенің шешімін тапты. Жоба жетекшілері неғұрлым індеттің ушығып тұрған аймағының бірі Алматы қаласында КҚС-ды ашып, тұрғындарға тезірек көмек беру мақсатында Шаңырақ ықшамауданындағы «Талант» клиникасымен келіссөздер жүргізді. Ендігі кезекте, жобаны ресми түрде бекіту мәселелері шешімін тапқан соң, жоба тегін емдеу қызметін көрсетуді бастайды.
Жоба аясында:
- COVID-19 вирусын жұқтырған тұрғындар тегін емделеді;
- Науқастар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі;
- Науқастар тегін анализ тапсыра алатын болады;
- Науқастар тегін рентгенге түсіріледі;
- Жағдайы келмейтін науқастар клиникаға тегін тасымалданады, - деп хабарлады жоба ұйымдастырушыларының бірі Нұраддин Садықов Facebook парақшасында.
Айжан Құрманбай,
"Адырна" ұлттық порталы
Ұқсас жаңалықтар