«СК-Фармация» 145 адамға 1,5 млрд теңге еңбекақы беруді жоспарлаған

3589
Adyrna.kz Telegram

2019 жылы «СК-Фармация» компаниясының бір қызметкерінің айлығы 852  мың теңгені құраса,  жалпы осы жылға жалақы қорына  1,5 млрд. теңге жұмсалады деп жоспарлаған, соның ішінде бір жолғы ынталандыруға кеткен сыйақы мөлшері 273 млн.теңге. Бұл туралы "Адырна"  ұлттық порталы  Zertteu Research Institute Үкіметтік емес ұйымына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

2018 жылы қызметкерлердің саны 129 адам болса,  олардың еңбек ақысына нақты 1,1 млрд.теңге жұмсалған. Осылайша бір адамның орташа айлық жалақысы 733 мың теңгеге жетіп отыр. Ал 2018 жылы бір реттік ынталандыру төлемі – 242 млн. теңге болыпты.

2017 жылмен салыстырғанда бұл компания қызметкерлерінің қатары қатты артпаса да жалақы қорына жұмсалатын қаржы көлемі біршама өскендігін көруге болады. 2017 жылы еңбек ақы қоры 919 млн.теңге болса, бұл ақшаға 2018 жылы 250 млн. теңге, ал 2019 жылы 350 млн. теңге қосылған. Осылайша 2018 жылы айлығы 600 мың теңге болған қызметкердің айлығына бірден 200 мың теңге қосылып, еңбек ақысы 800 мың теңгеге жетті.

Серіктестік Қазақстан Республикасының фармацевтикалық саласының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сатып алуды шоғырландыру жолымен фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту мақсатында құрылған деп  жазылған  gr5.gosreestr.kz – те жарияланған даму жоспарында.

Осы сайттағы даму жоспарының мәліметі бойынша «СК- Фармация» ЖШС жарғылық капиталдағы үлесі 100 пайыз мемлекетке тиесілі екендігі көрсетілген.

Осы мәліметтерді оқып отырып, қызметкерлерінің еңбектері басқа салада жүргендерге қарағанда едәуір жоғары бағаланатын, өзінің мақсаты еліміздің фармацевтикалық саласының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін дамыту деп көрсетілген, оның үстіне 100 пайыз мемлекеттің қарамағындағы (бақылауындағы) компания бола  тұра, осындай қысылтаяң кезде өзі аз халықты дер кезінде керек дәрімен  неге қамтамасыз ете алмай қалды екен?

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер