Әкімінің салаға соңғы бірнеше жыл бойы жетекшілік еткен орынбасарының салғырттығынан ба екен, Екібастұздағы әлеуметтік сала қазір қатты тоқырап тұр. Соның ішінде мәдениет пен өнер саласының тоз-тозы шығып тұрғанына кеншілер мекеніндегі бас сарай – «Өнердің» «шатыры кеткен» шарасыз кейпі куә.
Біраз уақыттан бері «Өнер» қалалық мәдениет сарайын Диана Арыстанова басқарып отыр. Диана Мұсақызының мамандығы – биші. Жоғары білім алып қарық қылмаған. Басшылық қызметтегі еңбек өтілі анау айтқандай мардымды емес. Бұдан бұрын лайықты адам табылмаған соң бір-екі жылдай Екібастұздың «Достық үйін» басқарды.
Жасыратын ештеңесі жоқ, «Өнерге» де Диана ханым кездейсоқ келді. Яғни, тағы да лайықты адам табылмаған соң. Және Нефедова мен мәдениет саласын басқаратын А.Жұмабаеваға өз сөзін ләббайлап тыңдайтын адам керек болған соң. «Лайықты адам табылмаған» деген тіркесті ойлап тауып отырған біз емес, әрине. Осы салаға еңбегі сіңген талай дүлдүлді менсінбей, басшылық қызметке лайық деп таппаған Нефедова (әкімнің бұрынғы орынбасары) мен мәдениет саласы басшысының талғамының көрсеткіші бұл.
Диана ханымның деңгейін жалпы «Өнердің» жыл бойғы тым-тырыс қалпымен бағалауға болады. Қазір, жарайды, карантин, бірақ карантинге дейін де Диана ханым тәрбиелік мәні зор шара өткізіп жарылқаған емес. Жарылқауға өресі жетпейді де! Естуімізше, ол бұрынғы басшы Айман Бралинаның айтқанымен жүріп-тұрады-мыс. Ал Бралинаның да «Өнердің» абыройын асқақтатып кеткені шамалы.
Бұдан бұрын бірнеше жыл қатарынан «Өнерге» қазынадан қомақты қаржы бөлініп, сыртқы келбеті, жертөлесі, ішкі бөлмелері бастан-аяқ жөндеуден өткізілген болатын. Миллиондаған қаржының игілігін жұртшылықтың ұзақ жылдар көретініне сенімді едік. Бірақ сенімімізді Арыстанова ханым күл-парша қылды. Мәнісі мынада: биыл тағы да мәдениет сарайын жөндеуге миллиондаған қаржы бөлінді. Бұл жолы шатыр жөндеу кезегі келді. Жөндеу жұмысын мойнына алған мердігер шатырдың үстіңгі қабатын әй-шәй жоқ, түгел алып тастапты. Мердігер мен Диана Арыстанова ақылдасып, қадағалап отыруы тиіс еді.
Ғаламторға қарап, ауа райының ыңғайын біліп, сосын «Шатырдың үстіңгі қабатын түгел алмаңыздар, жауын-шашын қаупі бар, алдымен аз ғана бөлігін бітіріп, кезең-кезеңімен жасаңыздар», - деуге білім-білігі жетпеген ғой, турасын айтқанда. Осылайша, «Өнердің» іші соңғы күндердегі қатты жауындарда түгелімен суға кеткен. Мұның соңы Арыстанованың өзінің еден жуып кетуіне ұласқан. Деңгейі сол болған соң қайтсін! Еден жуғаны жай ғой, бюджеттің миллиондаған қаржысына жөнделген қабырғалардың, төбенің, техниканың бүлінгенін айтсаңызшы! Өзінің айыбын мойындау орнына Арыстанова өзгелерді кінәлап, қарамағындағылардан түсініктеме талап етіп, әріптестерін мезі ететіндіктен, небір майталман маманның жұмыспен қош айтысқан жайы бар.
Әріптестері «Өнерден» металл артқан жүк көліктерінің ешқандай бақылаусыз аттанып жатқанына да наразы. Яғни, ол жерден шыққан бұйымды қадағалап, одан қанша ақша табуға болатынын екшеп жатқан ешкім жоқ!
Қолынан түк келмейтін икемсіз басшылар ойына келгенін істеп, желге шаша беретін болса, мұндай мақсатқа қаржы бөлудің керегі не? Одан да ол қаражатқа мұқтаждарға баспана салып беру әлдеқайда сауапты емес пе?!
Жауынмен шайылып кеткен қабырғаларды, бүлінген дүниені енді кім орнына келтіреді? Желге ұшқан қаржының сұрауы кімнен?!
P.S. Айтпақшы, біраз уақыт бұрын ел аузында «әлеуметтік саладағы бірнеше басшы қосылып тапқан-таянған ақшасымен өздеріне жетекшілік еткен бұрынғы басшының несиесін жабады екен-мыс» деген сөз желдей еспесі бар ма! Бұл сөздің өтірік-шынын жұрт бетіне періштедей болып жымия қараған сол басшылардың ар-ожданына, ата-бабасының аруағына тапсырудан басқа лаж жоқ! Ал енді нақты фактілерге сүйенсек, таяуда «Өнердің» бірер қызметкері облыс әкімінің сайтына шағым хат жазды. «Өнердегі» өрескелдіктер туралы. Бірақ ол хат сайтқа жарияланбай, мысықтың «тезегіндей» жасырулы күйде Арыстанованың өз қолына қайтып келіпті. Ол хаттан Екібастұз қаласының әкімі Ержан Иманзаипов та бейхабар сияқты.
Әкім мен оның қазіргі орынбасары Мариям Маликова осы мақаладан соң бұл мәселенің мән-жайына жетіп, ақ-қарасын ажыратады. Кезінде Алла Пугачева мен Роза Рымбаевалардың табаны тиген қасиетті сахнаны дарынсыз басшыдан арашалайды деп сенеміз. «Өнердің» жаңбыр суының астында қалуы – Арыстанованың біз білетін бір «минусы» ғана!
Алпамыс Айдархан,
Екібастұз