Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы отандастарымызға үндеу жолдады.
"Халқымызда "Ауыр жол - атаңды сынайды, ауыр іс - адамды сынайды" деген сөз бар. Халқымыздың басына келіп отрыған жағдай бәрімізге оңай тиіп жатқан жоқ. Алла Тағала дертке шалдыққандарға шипа беріп, дәм тұзы таусылған жандарды мейіріміне алғай", - деп сөзін бастады.
Қазір көптеген адамдардың құрбан шалып жатқанына тоқталып, мұның нәубеттен аман-есен өткізуіне себепкер болуын тіледі.
"Құрметті қауым, асыл дінімізде қажет уақытта қажет көмекті жасау үлкен сауапты амалдардың біріне жатады. Сындарлы сәтте науқас жандарға қажетті дәрі-дәрмекті жеткізіп, алғыс алайық. Дәрі-дәрмектің бағасын қолдан қымбаттатуға жол бермей, жақсылық жасауға асығайық. Ал жұртымызды жұқпалы індеттен арашалап алуға бар күшін жұмсап, жан-тәнімен қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға жылы сөзімізді арнап, жігерін оятайық. Олар үшін әрдайым дұғада болайық", - деді Наурызбай қажы.
"Адырна" ұлттық порталы