«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы «Елорда әкімдері» атты жаңа деректі фильмін ұсынады

4328
Adyrna.kz Telegram

6 шілде елорда күніне орай «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы «Елорда әкімдері» атты жаңа деректі фильм түсірді.

Қазақстанның астанасын 20 жылдан астам уақыт ішінде 8 әкім басқарды және олардың барлығы қала тарихында өз қолтаңбасымен ерекшеленді. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Ә. Назарбаев сенім артқан саяси тұлғалардың барлығы бас шаһардың қалыптасып дамуына өз үлесін қосты. Деректі фильмде қаланы әр жылдары басқарған Әділбек Жақсыбеков, Темірхан Досмұхамбетов, Өмірзақ Шөкеев, Асқар Мамин, Иманғали Тасмағамбетов, Әсет Исекешов, Бақыт Сұлтанов және қаланың қазіргі әкімі Алтай Көлгінов Елбасының қала билігін сеніп тапсырған сәтін еске алып, ел астанасының қарыштап дамуы үшін жүктеген міндеттемелері туралы бөліседі.

Бағдарламада әр басшының тұсында жүзеге асқан жобалар мен айтулы оқиғалар кеңінен қамтылады және сол арқылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еңбегі мен Қазақстан астанасын әлемге танытудағы айрықша қолтаңбасы көрсетіледі. Астананы ауыстыру тек көшпен шектелмегенін, оны орталықтандыру, күллі әлемге мойындату оңай болмағанын сол қаланы басқарған басшылар арқылы жеткізіледі.

Жобада ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұлт өмірін өзгерткен ұтқыр шешімдері, қағаз бетіндегі идеялардан бастап, шындыққа айналған сәулетті жобаларға дейінгі табанды еңбегі, іскерлік пен экономиканың қозғаушы күшіне айналған ел астанасын таңдаудағы бағдар етіп алған 32 өлшем туралы айтылады.

Деректі фильм 6 шілде 20:00-де «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан эфирге шығады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер