Елорда күні мерекесі қарсаңында Шымкент қаласында 9 инвестициялық өндіріс орны іске қосылды. Ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов онлайн режимде қатысты.
Онлайн-жиында Мұрат Дүйсенбекұлы жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындармен тікелей эфирде байланысқа шығып, еңбек ұжымдарымен пікір алмасты. Шаһар басшысы өз сөзінде елімізде мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке жоғары қолдау жасалып отырғанына тоқталып, нәтижесінде үшінші мегаполисте жаңа жұмыс орындарының ашылып жатқанын атап өтті.
- Бүгінгі таңда Шымкент қаласы өнеркәсіп пен сауданың, мәдениет пен өркениеттің қаласы болып саналады. Мінеки, Астана күні мерекесі қарасаңында қала аумағында бірнеше жаңа инвестициялық өндірістік жобалар іске қосылды. Қаламыздағы өнеркәсіп кәсіпорындары «Бизнестің жол картасы-2025» және экономиканың басым салаларын дамытудағы «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік қолдау бағдарламалары шеңберінде жүзеге асырылуда. Еліміздің мұндай жетістіктерге жетуі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасы, - деді қала әкімі.
Елорда күніне орай Шымкент қаласы аумағында іске қосылған жобалардың жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Соның нәтижесінде жалпы 140 адам жұмыспен қамтылған. Оларға тоқталсақ, «QagazOrdasy» ЖШС - А4, А3, А2 форматтағы қағаз өндіру фабрикасы; «NURTAU distributioncompany» ЖШС – шоколадты кәмпит және сағыз шығаратын кондитерлік фабрика құрылысы; «PROF AKS» ЖШС – шыны пакеттерге арналған алюминий дистанциялық жақтаулар өндірісі; «NEW TECHNOLOGY» ЖШС - дизельдік генератор зауытының құрылысы; «Арман Агро» ШҚ - көлемі 3.7 га өндірістік жылыжай; «Зәуре» ШҚ - көлемі 3 га өндірістік жылыжай; «Керемет Сапа» жшс – Интенсивті алма бағы; «ККК» ЖШС – құс фермасы; «Нормухамедов» ЖК - бал өндіру.
Айта кетсек, қазіргі таңда қала аумағында құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, металлургия, мұнай-химия өндірісі және т.б. салаларда 600-ден аса өнеркәсіп кәсіпорындары жұмыс істейді. Қалада 426 гектар аумақта «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялық аймақтары орналасқан. Аймақтарда 6 мыңнан аса жұмыс орнын құрайтын 125,6 млрд.теңгеге 124 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, 69,1 млрд.теңгеге 81 жоба іске қосылып, бүгінде 4 мыңнан аса жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар, 200 гектар аумақта «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы табысты жұмыс істеуде. Аймақта 3 мыңнан аса жұмыс орнын құрайтын 90,1 млрд.теңгеге 42 жоба іске асырылуда. Бүгінгі таңда 30,8 млрд.теңгеге 17 жоба іске қосылып, 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
Онлайн-жиын соңында Мұрат Дүйсенбекұлы барлық қала тұрғындары мен қонақтарын Елорда күні мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ карантин шараларын қатаң сақтап, денсаулықтарын күтуге шақырды.
Шымкент