ҚР Парламенті Мәжілісі журналистерге арналған «Парламент сөзі» жүлдесінің қорытындысын жариялап, жеті аталым бойынша жеңімпаздарды анықтады. Бұл туралы Мәжілістің Баспасөз қызметі хабарлады.
"Қазақ радиолары" серіктестігі "Арнайы репортаж" аталымы бойынша үздік деп танылды.
"Парламент сөзі" жүлдесі «Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша «Qazaqstan dauiri» бас директоры Сәуле Мешітбаева және «Караван» газетінің бас редакторы Игорь Шахновичке берілсе, «Үздік телевизиялық сюжет үшін» номинациясын «Хабар» телеарнасының тілшісі Индира Жылқайдарова және «Еуразия» бірінші арнасының» тілшісі Светлана Пеньковаға бұйырды.
Ал «Үздік баспа жарияланымы үшін» номинациясын «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Темір Құсаинов пен «Литер» газетінің ұжымы иеленді. «Үздік интернет және радио материалы» номинациясын «Abai.kz» ақпараттық порталы және Серік Сабеков («Kazinform») иеленді.
«Парламент сөзі» сыйлығының «Арнайы репортаж» номинациясын «Қазақ радиолары» және «Хабар 24» телеарнасының корреспонденті Марк Брюшко жеңіп алды. «Үздік бейне – сурет материалы үшін» номинациясын «Nur Media» фототілшісі Советбек Мағзумов және «Хабар» телеарнасының бас операторы Еділ Ермекбаев иеленді.
Сондай-ақ, биыл әлеуметтік желідегі үздектер анықталды. Олар «Әлеуметтік желідегі үздік материал үшін» номинациясын алғаш рет журналист-блогер Өркен Кенжебек және YEDILOV ONLINE Telegram-каналының авторы Ербол Еділов иеленді.
Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің бастамасымен биылғы жылы «Парламент сөзі» арнайы сыйлығы» номинациясы жуық арада ғана дүниеден өткен белгілі қазақстандық журналист Бейсен Құранбекке берілді. Мәжіліс Төрағасынының айтуынша, Бейсен Құранбектей отандық телевизияның дамуына зор үлес қосқан, білімді, тәжірибелі азаматтың еңбегі халықтың қошеметіне лайық.
Айта кету керек, 2016 жылдан бастап жыл сайын өткізілетін сыйлық қорытындысын шығару елімізде орын алған коронавирус індетіне байланысты биылғы жылы бірқатар өзгерістерге ұшырады. Мәжіліс «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлерін Мәжіліс символикасы бейнеленген мүсіншелермен және арнайы дипломдармен марапаттауды Парламенттің күзгі сессиясында өткізеді деп жоспарлауда.
Дулат Әбибуллаев, "Қазақ радиолары" ЖШС Бас редакторы:
–Серіктестік құрамында төрт радиоарна – "Қазақ радиосы", "Шалқар", "Классик" және "Астана радиосы" бар. Олардан Парламенттің тыныс-тіршілігіне қатысты "Парламент сағаты", "Депутат сағаты", "Право знать" секілді хабарлар эфирге шығады. Елдегі құқықтық реформалар мен заңнамалық өзгерістерді тыңдармандарға түсіндіру – тілшілер мен депутаттардың ортақ мақсаты.
"Адырна" ұлттық порталы