Көп балалы отбасыларға 93,9 млрд теңге жәрдемақы төленді

2987
Adyrna.kz Telegram

2020 жылғы қаңтар-мамыр айларының аралығында орта есеппен 387,2 мың көпбалалы отбасыға 93,9 млрд теңге жәрдемақы төленді. Мамыр айында жәрдемақының бұл түрін 396,5 мың отбасы жалпы сомасы 20,4 млрд теңге алды.Бұл туралы "Адырна" Еңбек министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Аталған мемлекеттік жәрдемақыға табысына қарамастан 4 және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар көпбалалы отбасылар үміткер бола алады. Төлем мөлшері 44 532 мың теңгеден (4 бала) 77 951 мың теңгеге дейін (7 бала) құрайды, 8 және одан да көп баласы бар отбасылар үшін әр бала үшін сараланған түрде 4 АЕК мөлшерінде болады.

Қазіргі кезде жәрдемақының ұлғаюы 8 және одан да көп балалары бар отбасылар үшін жеке мөлшерді белгілеу арқылы қамтамасыз етіледі. Тиісті заңға Мемлекет басшысы осы жылдың 13 мамырында қол қойды.

8 баласы бар отбасы үшін жәрдемақы  – 88 896 теңге, 9 балаға – 100 008 теңге, 10 – 111 120 теңге, 11 - 122 232 теңге, 12 – 133 344 теңге, 13 – 144 456 теңге, 14 – 155 568 теңге, 15 - 166 680 теңге, 16 – 177 792 теңге төленеді.

Заң 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген, осыған байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері ол тағайындалған кезден бастап қайта есептеледі. Осылайша, төленбеген сома ағымдағы жылдың шілде айында аударылады.

 2020 жылы көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге республикалық бюджеттен 191,1 млрд.  теңге қарастырылған

Пікірлер