Асқар Сәбитов: Тірі өлік

4579
Adyrna.kz Telegram

Әңгіме

Өліп қалыппын. Өзімді айнадан ғана көруші ем, енді өз мәйітім өзімнің көз алдымда. Кім бірінші біледі екен деп, күтіп жатырмын. Алғаш сезген – үлкен ұлым. Оның қасыма не үшін келгенін білмеймін, жақындап, иығымнан түрткілей бастады.
-Тұрсаңшы, әке! Ауыз бекітейік деп жатырмыз. Шешем сені ғана күтіп отыр,- демекші болды ғой деймін. Ақиған көзімді көріп, тоқтаған демім мен суыған денемді білгеннен кейін аңырап, шешесіне қарай жүгірді. Құдай-ау, кухнядағы дастархан басында дұға оқып отырған шешесіне оның айтқан сөзін анық естідім.
-Әкем өлген адам сияқты жатыр. Демі тоқтап, денесі суып, көзі ақиып кеткен,- деді абдырап. Жыламсырап сөйлеген сияқты, көзі боталап кетті ғой деймін: қатыным саспастан:
-Неменеге сораңды ағызып тұрсың? Өлген адамның қандай болатынын сен қайдан білесің? Қазір көреміз,- деді.
Ұлым әскерде жүргенде асылып-атылып өлген солдаттардың көп болғанын, солардың біразын арулап табытқа салғанын айтып жатқан сияқтанды. Қатыным апырлай-топырлай келіп, адуынды шапалақтың іші-сыртымен екі бетімнен:
-Тұр-ей, алқаш! Жатысын қарашы сүмірейген сүмелектің!- деп, кезек-кезек осып-осын жіберді. Бұрындар, шынымен, сүмірейіп ұшып тұрушы ем, бұл жолы былқ еткем жоқ. Содан кейін балан үйрек және ортан терек саусақтарын бүгіп, екеуін қышқаш қып ашып алды да, мұрнымнан қысып, жұлқылап, бұрап-бұрап жіберді. Кенет:
-Ойбай! Көтөк! Мына жексұрын, шынымен, өліп қалған ба? Алқаштың сандырағын айтып жүр ме десем? Бәсе, бәсе! «Түсімде әжемді көрдім, мені шақыра береді. Марқұм әкем де бірдеңе дәметіп жүр ғой деймін, мешітке барып құран оқытып, садақа бермесем болмайды» деп, менен 5 мың теңге сұрап алған. Қайдан білейін... Бұрын да осындай сөздерді сан қайталап, удай мас боп келетін...- деп, сұңқылдай жөнелді.
-Не істейміз?!- деді ұлым жасқана сөйлеп.
-Не істегені қалай? Короновирус кезінде өлгені дұрыс болды. Әйтеуір, екі рет вирустың ақшасын алды. Өмір бойы жазуын жазып, басын жазып қана өтті. Жалған достары мен жалаң бұт қаламдастарынан басқа жиған ешкімі де, ештеңесі де жоқ. Өзіміз-ақ көмеміз...
Қатынымның тарпаңдап сөйлегені соншалық, тіріліп кете жаздап барып, өлгенім есіме түсіп, үнсіз қалдым. Бірақ, қатынымның сөзі ұлыма да ұнамаған сыңайлы.
-Көмеміз дегеніңіз қалай? Жерлейміз деп айтсаңызшы! Және ешкімі, ештеңесі жоқ деп айтпаңыз! Халқы бар, артында қалған мол мұрасы бар,- деген ұлымның сөзі көңіліме жағып кетті. Орнымнан тұрмақ та болдым, бірақ, өлгендерге өйтуге болмайды ғой.
-Әй, сен де әкең секілді жетесізсің! Миғұласың! Ешкімге қажеті жоқ шимай-шатпағын мұра дейді ғой... Артында миллиондаған ақшасы, ел қызығатындай дүние-мүлкі қалуы керек еді. Сен қызығатындай, сенің кәдеңе, бір пайдаңа жарайтындай несі қалды? Ақшасы барларды ғана ТАУДАҒЫ КЕҢСАЙДА жерлейді. Ал, әкең сияқтыларды Боралдайдың құмына көме салады. Барып көрші өзің. Көбісінің басында тас та, белгі де жоқ. Тіпті, кім екені белгісіз. Әйтеуір, бәрі бір қоршаудың ішінде,- деп, қатыным аузы көпіре сөйлеп, ұлымды басып тастап, екеуі менің өліп жатқанымды қолма-қол ұмытты. Туыстарыма, басқаларға қалай хабарлайды, қалай дайындалады, қайда жерлейді, бәрі-бәрі жайына қалды. Моргтың иесіз мәйіттерді сататыны, сойып-сойып, бәрін мидай араластырып, бір көрге көме салатыны жайлы қатыным әңгіме бастады.
-Не үшін?- деді ұлым.
-Медакадемияның студенттеріне сойдырып, ота жасатып үйрету үшін,- деді қатыным. Бұл – мен ешқашан ойланбаған, толғанбаған жайт. Ұлым да:
-А, иә, енді түсіндім. Морг – медакадемия мен мәйіттің ортасындағы посредник. Значит, морг мәйіттерді медакадемияға сатады. Марқұмдарды сойып, медициналық сараптама жасап барып қана туыстарының қолына беру жөнінде министрдің бұйрығы бар. Оларды да осы мақсатқа пайдаланады екен ғой,- деді білімдарлығын көрсетіп.
-Моргке ақша түссе болды: былайғы жұртқа да сатады. Ана коттеджі, екі-үш джипі, домбыра жасайтын шеберханасы бар Дөрбітханды білесің ғой. Сол жасаған домбырасына адамның ішегін салады дейді. Домбыралары –шешен, ғажап сөйлейді! Ағашы да керемет. Бір домбырасы 3-4 мың доллар. Батыс жаққа одан да қымбатқа сатады. Мәйіттің сататын басқа жерлері де көп, мәселен, қолаң шашы... Бірақ, қалқиған әкеңнің қай мүшесін сатасың? Самопал мен қытайдың спиртінен органының бәрі қоқ боп күйіп кеткен шығар...
-Мама, не айтып кеттіңіз өзіңіз? Ондайдан құдай сақтасын! Әкемді Кеңсайға апарып атақтылардың қасына жерлеймін! Басына мрамордан ескерткіш те тұрғызамын!- деді ұлым нық сеніммен.
-Әй, ақшаны қайдан табасың? Қазір – карантин. Әкеңді арқалаған сені ол жаққа өткізбейді. О жақтың жері бұрын 3 мың доллар еді, қазір мүлде қымбаттаған шығар. Осыны жетіскеннен айтады деймісің? Жаназасына жиналған ақша жете ме деп, соны ойлап отырмын. Бір жағы, мына короновирус жақсы болды. Жаназасында 10 адамнан артық қатыспайтын шығар, алыстағы туыстары келе алмайды. Бірақ, «жаназаға қосатындарыңды жіберіңдер!» дейміз ғой. Айтпақшы, каспий голдын тауып қояйықшы, топтарға, туыстарына саламыз,- деген қатыным үнсіз телміріп, маған бағжия қарап, тапжылмай ұзақ отырды. Өлген адам да қорқады екен-ау, шошиын дедім. Енді ол өзінен-өзі сөйлеп, жан шошырлық, жоқ, жоқ: жаным жоқ екен ғой, адам шошырлық сөз айтты. Жаным бағана мұрнымнан ұшып шығып кетсе де, қызынып, әлі кеппеген қаным ойнап, тіріліп кете жаздап, тыңдап жатырмын.
-Қырық жыл 2-3 жерде жұмыс істеп, орыс пен ұйғырдың босағасында жүріп, іркіп ақша жинап, жер сатып алып, үй салып, енді адам боламыз дегенде, қарашы... Мына қазақтың кең, дархан даласында өмір сүріп, өлгенге де жер сатып аласың. Және удай қымбат! Біздің өкімет тірі кезіңде қаныңды, өлгенде жаныңды сорады. Мына байғұс зар-мұңын қаламына төгіп, арағын ішіп, ештеңе көргісі келмеуші еді! Сол үшін екен ғой! О шұнақ құдай! Немерелерім мен жиендерімді ортаға алып, бір күн болсын, рахатты күн кешем бе деп ем, тозағым енді басталды десеңші! Өмір бойғы мақсатым – ақша, ақша, ақша! Немерелерімнің тілі де «Ақша! Ақша!» деп шықты. Мына байғұс та 40 жыл бойы анда-мұнда тентіреп, «өзімнің қалтама емес, қазағыма қызмет етемін» деуші еді... Ал енді қадіріңді қай қазағың білер екен? Өлімнің «кедейдің көтін ашамын» дегені осы! Ашылды, міне, көтің!- деп, зар илеген әйелімнің сөзі сай-сүйегімді сырқыратты.
Айтпақшы, өлген адамның сай-сүйегі сырқырай ма?! Өмірдің азабы мені не үшін құрсаулап, ана өмірдің есігін не үшін аша алмай жатырмын? А, иә, иә, қарыздарым бар екен ғой басымнан асатын. Кредит, дүкендерге берешегім, орындай алмаған уәделерім, мақсаттарым мен армандарым, балағаттаған адамдарым, тілімнің қанын ағызып отырып тілдеген шенеуніктер... Олардың ешқайсысынан кешірім сұрап үлгермедім! Әрі, жаназа намазым да оқылған жоқ. Осының бәрі аяғымнан тартып, жанымды рахатқа бөлейтін өлім әлеміне жібермей жатыр екен ғой. Әлі де зіл батпан болған жүгімді арқамнан түсіріп, мені ертоқымы алынған құр аттай қылып ана дүниеге жіберетін тірі адам табыла ма?! Ұлдарым бар емес пе? Құдайға шүкір, інілерім де жер басып жүр. А, иә, иә, кенже ұлым – қара шаңырақтың иесі бар ғой. Қазақтың дәстүрі солай дейді. Бірақ, бірақ... өз күнін өзі қалт-құлт етіп әрең көріп жүрген ақкөңіл кенже ұлым мен үшін тағдырдың таразысына түсуге көнер ме?! Жә-ә, қояйыншы, бұл менің шаруам емес, артымда қалған тірілер ойлансын: мен өлдім емес пе?! Ендігі міндетім – қиямет күні келіп жеткенше, нәрестедей пәк жанымды рахатқа бөлеп, жер-бесігімде тып-тыныш ұйықтау. Тіршіліктің қам-қарекеті әбден қажытып, жұлма-жұлма болып, суалып семіп, кепкен жүрегім, тышқан кеміріп бітіргенше, ләзатты бір күй кешсін... Бірақ, бірақ... Артым тиянақталар ма?! Үрім-бұтағымның ішінен менің қарыздарым мен берешегімді мойнына алып, арман-мақсаттарымды бойына қондыратын біреу табылмай жатса, қадым заманнан бері бәрін тиянақтаған ата-бабамның аттамаған дәстүрі бар емес пе?! Соны санасына сіңірген біреуі ерлікке жүгінер, тағдырдың тәлкегімен арпалысар, алысар... Тек, адамдар тарапынан мен сияқты мазаққа ұшырамай, қолдау тапса екен...
Әр қазақтың ошағының ойраны шығып, ішінен іріп жатқаны – тарихының тапталып, тілі мен дінінің, дәстүрі мен салтының шөре-шөре боп қалғанының салдары. Бұған кім кінәлі? Сайтанның азғырған тіліне ерген қазақтардың өзі кінәлі. Енді қаймана қазақ өзін-өзі жаудың оғына байлап беріп, түбі құриды. Неге? Неге? Өйткені, қазақ жердің тұтастығынан да айрылайын деп тұр. Қазақтың басын қосып, тұтастырып ұстап тұрған Жер-Ана еді: енді ол да жоқ. Сатылады. Міне, мәңгілік мекенің – көріңді де сатып аласың. Мендей сорлы байғұстар Боралдайдың борпылдағында тыныстайды. Жә-ә, енді Алла ана дүниеде «кебіннен басқа әкелген түгің жоқ! Оның өзі китайский! Сапасыз, дешевый! Жер-Ананың қойнына қоса тапсыратын алтын-күмістерің, қымбат әшекейлерің қайда? Соларды саған бермеп пе едім...» деп, бетіме салық қылмаса болғаны! Әңкір-мүңкірге тезірек жетіп, әзірейіл үкімді тыңдасам! Мыналар кешіктірді ғой өзі! Таңертең өлсең, түске жеткізбей көміп тастайтын ұйғырлар ақылды екен. Мәңгілік мекенге жылдам жеткен, шынымен, жақсы. Сарылып тосқаннан, арылып күткеннен жаман не бар?! Өмірімнің күтумен өтіп кеткенін байқамай да қалдым. Советтің баласымын ғой, сендім, коммунизм келеді деді. Күттім, күттім. Келмеді, ақыры, жоқ боп шықты. Енді қазақтың баласысың деп, Егемен келіп құлағыма ен салды. «Жер де сенікі, тіл де сенікі, діл мен дін де сенікі, бәрі-бәрі сенікі! Жердің асты мен үстіндегінің бәрі – сендердікі! Қалтаңды ақшаға толтырып ап, талтаң-талтаң қағып жүресің» деді. Екі қолымды қалтама салып-ап, алаңда талтаңдап келе жатқам. Қай жүз грамм сайтанның түрткенін білмеймін, Жер-Анамның бетін мыжғылай таптап, қаптап жүрген орыстар мен қытайларды көргеннен кейін жыным келіп:
-«Әй, шәңкілдектер! Әкелеріңнің үйінде жүрген жоқсыңдар! Жер де менікі, тіл де менікі, дін мен діл де менікі! Әрі-беріден соң, табандарыңның астындағы жұмыр тас та менің Жер-Анамдікі! Менікі, бәрі, бәрі менікі! Есірмеңдер!» деп айғай салдым. Сөйтсем, маған тиесілі ештеңе жоқ екен. «Менің қатыным, менің балам, менің үйім, менің тілім, менің Жер-Анам» деп жүргенім – менікі емес боп шықты! Шап беріп ұстап алып, түрмеге салып қойғандар «осының бәрі біреудікі» екенін маған алты ай бойы түсіндірді. Мен «осының бәрін маған Алла берген! Менің еншімдегі дүниелер!» деп қарсыласып бақтым! Енді Алланың алдына тезірек жетіп: «маған бергендерің қайда? Сенен де күшті біреу тартып алыпты ғой!» деп, өкпемді, ренішімді білдіремекпін!
Мыналар шым батып, жоғалды ғой өздері! Алланың алдына тезірек апармай ма? Ішімді кернеп бара жатқан сөзді лақ еткізіп төге салмақпын! «Иә, бергенім – ақиқат! Ол сенікі еді, өзің айрылып қалсаң, енді кімді кінәламақсың? Мен бір бергенімді екінші қайтара біреудің қолынан тартып алып бермеймін! Ебін келтір де, өзіңнің қолыңа өзің қайта түсір...» десе, не демекпін? Жә, ебін келтіретін амалдар қарастырайын, табайын. Бекер өліппін. Өлмей тұра тұруым, қам-қарекет қылуым керек еді...
Жымып басып кірген қатынымды танымай қалдым. Басына қара орамал тартып, қара көйлек киіп алған. Ақмоланың әппақ ұнындай жүзі қуарыңқырай сұрланып, қарақаттай мөлдір қара көзін қара көлеңке басыпты. Әппақ қудай шашын жиренге бояп еді: бір талын да қылтитпай, орамалдың астына жасырып, тас-түйін тартып алыпты. Беліне семсер байлап, қолына қалқан ұстатса, жекпе-жекке шығатындай ширығып алғанын байқадым. Адамдар келе жатқанын естігеннен кейін маған найзағайдай жарқ етіп бір қарады да, тайраң қағып шыға жөнелді. Сол қарастан тұла бойымды тоқ ұрып өтіп, ақпай қалған қаным кепкен тамырларымды кернеп, зырқырап жөнелді. Найзағайдың жарқылы ұшқын тастап кеткендей... Осы ұшқын менің тәніме жан бітіретіндей! «Жұрттың алдына сол жарқылды алып бара ма екен?» деп ойлап жатырмын. Шошиын дедім. «Осы мен тірі сияқтымын ба, қалай? Қамалаған ой арам тәнімді аластап, өзі неге қашпайды? Неге? Ойды қойшы... Өзім бе, әлде, көзім бе, қатынымның ізін санап, соңынан ілеседі де жүреді. Мүмкін, өлген де шығармын. Өлгендер барлығын көріп, біліп жатады дегенді естігенім бар. Осылай екен ғой. Қатын, бала-шағаңды біреу кескілеп жатса да, көргеніңмен, ара түсе алмайсың. Күйінбейсің де, сүйінбейсің де! Шарасыз күйде бақырайып қарайсың да жатасың! Көресің, көнесің... Құдайдың істеп қойғанын қарашы! Әлде, «тіріде жасаған күнәларыңның азабын өлгенде осылай тартасың» деген емеуріні ме?
Молла бастаған топ үн-түнсіз келіп, менің басымда тұрды. Ішінде қатыным да бар. Қолында бүйірі бұлтиған әппақ хатқалта, бетіне қарғаның қаны жүгіріпті. Шырайы кірген сыңайлы. Әкім жоқ. Әкімдіктің балансында жаңа ашылған зират бар еді, содан орын берген сияқты. Асай-үсейлері де, қабыршылары да дайын. Әр қабыршының қолына 2 мың теңгеден ұстатсаң, кімді болсын, тепкілеп көме салады. Білемін, өзім де 2 мың теңгеге сан мәрте жұмыс істеп, тамаққа да, араққа да лықия тойғанмын. Қолыңа ұстап кететінің және бар. Марқұмның туыстары жомарт болса, одан да көбірек аласың. Ал Кеңсайда мәйітті көмбейді, арулап жерлейді. Жаназасы шала шығарылып, көміле салынатыны төменгі жақта ғой... Төменде... төменде. Бәрі төменде. Жоғарғы жақ бөлек...
Молла зуылдата арабша бірдеңе оқып, екі адамға жағымды күшпен аштыртып, аузыма су тамызды. О Алла, өмір бойы сайрап өткендердің жағы түсіп кетпесін деп, байлап қоюшы еді. Менікі қарысып, сіресіп ашылмайды. Әлде, сөйлемей, ғұмыры жазумен ғана өткендердің жағы қарысып қала ма?! Содан кейін терезесінің шынылары алынған салқын бөлмеге кіргізіп, шешіндіріп, балғын көк шөптің үстіне тыр жалаңаш жатқызып, үстіме әппақ жайма жапты. Жамбасыма көк майса тигеннен кейінгінің бәрі қара түнек... Шынымен, өлдім ғой деймін немесе өлтірсе керек.
Қанша уақыт өткені белгісіз: бүйірімнен біреу түртіп қалғаннан кейін жан-жағыма бажайлай қарадым. Мені қап-қараңғы лақат көрдің ішінде әппақ кебінге орап, үш жерімнен буып, оң қырыма аунатқырыңқырай жатқызып кетіпті. Өз мәйітімді өзім анадай жерден бақылап қараймын. Бұған енді не болады екен деп, жердің бетінде күтіп дағдыланған басым, жердің астында, көрдің ішінде тосып жатырмын. Ұшып жүрмін ғой деймін...
Әңкір мен мүңкір кебінімді шешіп, жүрелеп отырғызып қойды да, мені сұрақ-жауаптың астына алды. Әңкір-мүңкір екен деймін, бірақ, ешкімді де, ештеңені де көрген жоқпын. Тілімді кәллимаға келтіргеннен кейін, шамам келгенінше, білімім жеткенінше, жауап беріп жатырмын. Ара-арасында денемді қара тер басып, тамағым құрғап кетеді. Буылтықтанған тілім кейін жиырылып, аузыма сыймай, тамағыма кептеліп қалды. Бір уақытта әңкір-мүңкірдің біреуі:
-Әй, мынау өлімге әлі дайын емес қой. Қарызы мен берешегін кенже ұлы мойнына алып қалды. Түбі бір өтейді. Алашағы көп. Алашағын артында қалған ұрпағына кім әпереді? Шығарыңдар мұны жер бетіне! Қайтсын! Алла берген алашағын өзі қайтарып алсын өзіне! «Алғанына ие болсын деп, Жер бетіне жіберіп ем, бұл не бітіріп жүрген?! Тапсырмамды орындатпай, мұны неменеге әкелдіңдер?!» десе, не айтамыз?- деп шар ете қалды.
-Аллаға апарыңдар! Айтарым бар!-деп, мен де зарланып жатырмын.
-Алла сенің не теңің? Алдымен, жердегі шаруаңды тындыр!
-Сонда, не істеймін?- деймін мен күнәсіз қалып танытып.
-Ұйқыдан оянған сияқтысың. Бірақ, әлі марғау қалпың. Енді санаңды оят. Не істейтініңді санаң өзі санап береді. Алланың алдына біз емес, санаңның өзі жетелеп апарсын!- деді әңкір ме, мүңкір ме, біреуі.
Енді бір қарасам, ешкім жоқ. Жым-жырт. Әңкір де, мүңкір де безіп кеткен. Жалғызбын. Мені жер бетіне шығаруды ұмытса керек. Жазған басым «қашан шығарады?» деп, тағы да күттім, тостым. Мені мүлде естерінен шығарған. Қанша уаыт өткені белгісіз... Талығып, тамағым кеуіп, тілім құрғап бара жатқаннан кейін:
-Шығарыңдар мені жер бетіне! Аллаға менің керегім жоқ! Су беріңдер!- деп, бар дауысыммен айғай салдым.
Құрсаулы қышқаш мұрнымды жұлып алардай қатты қысып, босатты да, екі бетімнен алма кезек осып-осып жіберді. Көзімді аштым. Қатыным төніп тұр.
-Аллаға керегің жоқ екен. Ендеше, бізге де керек емессің! Кетем десең, жолың ашық! Ораза кезінде ішкенге ана немерелеріңнен ұялмаймысың?! «Әкем, наконец-то, аузын бекітіпті ғой, ауыз аштыртайын деп келдім» деп, ебін тауып посттан өтіп, үлкен ұлың келді. Балаларың ештеңе білмейді. Жуынып-шайынып, иісіңді кетір де, дастархан басына отыр! Үлкен ұл оянатын уақыт боп қалды,- деді де, қатыным мең-зең мені қолымнан жетектеп, душьқа кіргізіп жіберді.
Тілімді жұтып қойғандай, ештеңе дей алмадым. Мылқаумын ғой, мылқаумын. Әлде, шынымен, сүмелекпін бе? Жанымды шуаққа бөлер жылы сөз аңсап жүрген мен сүмірейіп, сүлкиген қалпы жылы су ағыздым. «Жаныңды жылытар сөз де, басқа дүние де іздеме! Ол жоқ жердің бетінде...» дейді құдайдан безген бейбақ бір үн...

Асқар СӘБИТОВ,
Алматы қаласы. 17.05.2020.
Сағат - 03.44.

Пікірлер