Қорқыт ата жырларының философиялық анализы

15151
Adyrna.kz Telegram

Алтайдан тараған түгел түркі тектес халықтардың киесі, қасиетті қобыздың иесі,  түркінің ортақ мифі мен фольклорының атасы саналатын Қорқыт ата мұрасы адамзат тарихының өшпес тарихи құбылысы. Қорқыт ата мұрасы ЮНЕСКО –ның «адамзаттың материалдық емес мұралары» тізіміне 2018 жылы 29 қарашада енген болатын. Бұл тізімге: тарихи және де әдеби этникалық мұра болып саналатын түркі тілдес тайпалардың тарихы мен мәдениеніне қатысты мол дерек қалдырған Қорқыт ата мұрасы,  халық эпос мәдениеті аңыз-әңгімелері мен әуендері»  номинациясы бойынша Қазақстан, Түркия және Әзербайжан атынан тіркелген.

Қорқыт ата философиясы батыс философиясындағы экзистенцализм ағымының өлім мен өмір туралы, адам өмірінің жайында ойларының ұшқыны сияқты. Сонымен қатар тән мен рух, адам мен өнер арасындағы қатынастарды анықтау философияның мәңгі зерттеуге тиісті проблемалары болып табылады. Қорқыт ата мұрасын тереңірік зерттеу, әлем өркениетінің  тарихын түзу үшін аса маңызды.

Қорқыт ата жырларынан отаншылдық пен ерлік, ізгілік пен әділеттілік, сабырлық пен төзімділік туралы тақырыптарды іздеп табу қиын емес. Табиғаттың өз заңдылығымен уақыты болғанда тіршілік иесі үшін келетін құбылыстың қатарына – өлімді жатқызу қай халықтың болса да дәстүрінде орын алған түсінік. Болмыста пайда болған нәрсенің үнемі өзгеріске ұшырып, бір күйден екінші күйге ауысып жататындығы – мәңгілік пен уақытшылықтың, мәңгілік пен шексіздіктің арасындағы байланыстың үзілмейтіндігінің белгісі. Сондай ұлылық деңгейіне жеткен адам, болмыстың терең жатқан қыр-сырын түсінуге тырысқан. Ол тіршіліктегі өзінің адамдық еркін таңдау құқығын өз түсінігінше пайдаланды. Қорқыт атаның өмір философиясы қорқынышқа негізделген жоқ, сол өмірді барынша лайықты сүруге оны адам деген атқа сай келетін тұрғыда ғана түсінуге, өткізуге шақырады. Қорқыт атаның өмір сүру тәжірбиесі – Жоғары Рухтың жалпы адамзатқа берген адамша өмір сүрудің рухани үлгісі сияқты. Шын түсінген адамға Қорқыт атаның өмірі арқылы адамның тіршілігі тек қана шығармашылық арқылы өмірге айналатындығын байқатады. Шығармашылықтың ең бір жоғарғы көрінісі өнерде. Қорқыт атаның қобызды тартуы – жай ғана музыкалық дарындылықты таныту емес, бұл адамның көп жақты болмысының бір қырын көрсету, сөйтіп сол арқылы ғаламдағы – өмір деген суперқұндылыққа жол ашу болып табылады. Кім болсын өмір патшалығында барынша ұзақ қалу үшін тырысып бағады. Ол үшін, адамдық екі міндетті атқару тиістігін көрсетеді: біріншісі - махаббат, екіншісі – шығармашылық. Қорқыт атаның күнделікті қарапайым тіршілігі нағыз өміріне  айналды. Сол нағыз өмірі арқылы Қорқыт атаны қалың түркі жұрты пір тұтты. Қорқыт атаның әрбір шығармасы жай ғана орындалған күй емес, оның әрқайсысы әлемге, өмірге деген махаббаттан туындаған жүрек лебізі. Өмір сүріп жүрген әрбір адам күнделікті күйкі тірліктің құрбаны, құлы болып қала береді.

Шын мәнінде өмірдің кез-келген сәті әрбір адам үшін берілген керемет мүмкіндіктің бастауы. Оған немқұрайлылық немесе пендешілікке салыну «өлім» дейтін тажалға жетелейтіні бәрімізге мәлім.  Қорқыт ата көтерген мәңгілік мәселесі – өмірсүйгіштікке шақыру өмірді сүйген адам ғана өз ұрпағын, сонымен қатар өз ұлтын адамгершілікке тәрбиелейді, сол арқылы бүкіл бір ұлттың болашағын бағдарлы етеді.

Қорқыт атаның қалғып кеткен кезінде жыланның шағып өлтіруі кездейсоқ оқиға ғана емес. Бұл пендесіне берілген рухтың ескертуі. «Ешқашанда пендешіліктің қызығына түсіп, нәпсінің  құлы болмау» қажеттігіне меңзеген дерек деп түсінуіміз тиіс. Яғни, бәріміз білетіндей бұл өмірде ештеңе де, ешнәрсе де кездейсоқ болмайтыны бәрімізге таңсық жайт емес. Кез келген өмірімізде болған оқиғадан біз сабақ аламыз. Сол қателікті екінші жасамауға тырысатын пендешілігімізде жоқ емес.

Сонымен, Қорқыт атаның өмірдің құндылығын өнерден іздеуі келесі ғасырларда Әл-Фарабидің оны ғылым мен білімнен іздеуімен жалғасады. Бұл түркі мәдениетінің жаңа қырын танытады, яғни ол дәстүрлер сабақтастығында өзіндік өрнегін тапқан шығыстық өркениеттің бір көрінісі болатын. Түркі халқы – ұлы халық. «Шығыстық ұстаздың терең ойлы» еңбектері – өмір сүрген кезеңде шығармашылық арқылы үлкен жетістіктерге жетуге болатындығын дәлелдегендей. Бұл  Қорқыт ата философиясының жасампаздығының белгісі.

Қорқыт атаның рухани мұрагерлері өмір құндылығын нағыз мәндік деңгейге дейін көтерді. Әсіресе шығыстық рухани ділімізде Қожа Ахмет Иассауидың орны бөлек. Оның барлық сопылық өмірі, соның ішіндегі ілімі, Аллаға деген, адамға деген, ақиқатқа деген сенімін жырлауға арналған. Міне, сонымен түркі даласындағы рухани құндылықтардың негізігі жүйесі сонау ерте заманнан-ақ аңғарыла бастаған. Ғұламалар өз ұрпағына дұрыс жолды меңзеп, көрсете білген. Сондықтан рухани мұраларымыз әлі де терең философиялық зерттеулерді қажет ететін шоқтығы биік дүниелер.

Аңыз әңгімелері, жыр-дастандары болмасын  философиялық мазмұны терең, өмірсүйгіштік өшпес мұра. Мұны бүкіл түркі жұрты мойындап қана қоймай, түркі жұртының өлім мен өмір туралы түсінігінің әдемілігіне, өмірге құштар жанының асқақтығына тамсана таңырқайды. Мәңгілік нәрсе – өнер, шығармашылық, адамның артында қалған өшпес мұрасы. Абай атамыз «өлді деуге болама ойлаңдаршы, өлмей тұғын артына сөз қалдырған» - дегендей, артында халқы үшін, күллі қалың түркі жұрты үшін Қорқыт ата өшпейтін шоқтығы биік, жарық есім.

 

Данат Жанатаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты

Кенжебаева Ләззат, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология және әлем тілдері факультетінің магистранты

Пікірлер