Коронавирус дағдарысының Қазақстанға салдары

5335
Adyrna.kz Telegram

Бүкіл жаһанды жайлаған Короновирус дағдарысы әлем экономикасына орасан соққы болып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ арқылы солтүстік көршімізге тәуелді еліміз экономикасы суға батып бара жатқан Ресей кемесіне өз қайығымызды шынжырмен байлағандай әсер етеді. Ресейдің рубліне қоса теңге де құлдырады. Бүгін, 23 наурызда Алматының айырбас пункттерінде доллар құны 456 теңге болды.

Қазақстан билігі сүйенген Ресейдің экономикасы коллапс алдында. Капитализацияның құлдырау деңгейі тіпті сұмдық. Үштің біріндей десе болады. Мысалы, «Газпромды» алайық. 2020 жылы 1-қаңтарда оның активі $98 млрд болып бағаланса, қазір ол – $56 млрд-қа түсіп қалды. «Роснефть» $78 млрд еді, енді құны $50 млрд-тан аспайды. Сонысына қарамай Ресейдің кеудемсоқтығын айтсайшы.
Наурыздың басында Венада өткен келіссөз кезінде Сауд Арабиясы мен оның таяушығыстық одақтастары короновирус пандемиясынан туындаған сұраныстың аздығына байланысты рыноктан тәулігіне 1,5 млн баррель мұнайды қысқартуды ұсынған. Алайда Мәскеу әріптестерінің ұсынысын құлаққа да ілмей «Қалайда біздің ұсынысымыз қабылдансын, болмаса мұнай өндіруді әр ел өзінше қысқартсын» деп шаптан тіреп жатып алды. Ультиматумдық талабының мәні квота өзгертілместен мәміле жылдың аяғына дейін созылуын білдіретін. «Интерфакстың» хабарлауынша Энергетика министрі А.Новак бастаған Ресей делегациясы жөн ұсынысқа көнбей кездесу аяқталмай жатып ашықтан ашық қыр көрсетіп келіссөз залынан шығып кеткен.
Мониторингтік ОПЕК+ ұйымына мұнайды мол мөлшерде өндіретін Сауд Арабиясы, БАӘ, Кувейт, Либия, Нигерия, Венесуэла сияқты елдер кіреді. Ресейдің ОПЕК+ ұйғарымдарынан бас тартуы мұнай котировкасын дереу құлдыратты. Өкініштісі Ресейдің ақымақтық қадамын Қазақстан жағы қолдағаны. ТАСС-тың хабарлауынша Новак шығып кеткен соң ОПЕК+ ұйымына кіретін елдерінің министрлері Қазақстан жағының өкілдерін көндірмек болыпты. Алайда көз ашқалы бері Ресейден басқаны көрмеген байғұстар «отқа айдаса боққа қашқан». Енді саудиттердің Ресейге «қаны қарайып» тұрған сияқты. Жылдың басында мұнайдың бір баррелінің құны 70 доллар болған болса қазір мұнайдың Бренд маркасының құны 25 долларға құлады.
Саудиттердің ештемесі кетпейді, олардың ұлттық резерві $501 млрд, сыртқы қарызы жоқтың қасы, халқының саны Ресейден он есе аз. Ал Ресейдің резерві $500 млрд делінгенімен халқы 140 млн., сыртқы елдерге қарызы 481 млрд доллар. Орыс сарапшыларының өзі Ресейдің тығырыққа тірелгендігін айтады. 22 сәуірде Конституцияға енгізілетін өзгерістерге байланысты өтетін референдумнан кейін не боларын бір Құдай біледі.
Короновирусқа байланысты бүкіл әлемде мұнай өнімдеріне сұраныс барынша төмендеп кетті. Сарапшылар мұнай бағасы бұдан да төмендейтінін айтады. Қазақстан бюджеті мұнай бағасы 40-45 долларлық дәлізге құрылған. Бізде мұнайдың өзіндік құны орташа есеппен 25 доллар (құрамында түрлі қоспалар мен парафин көп). Жалпы жылдық мұнай өндіру көлемі шамамен 550 млн баррель. Мұнай бағасы барреліне 55 доллар болғанда оның 18 доллары бюджетке бағытталады. Бұл бюджет қоржынына 10 млрд доллар қаражат түседі деген сөз. Ал бір баррель мұнай 25 доллар болғанда бюджетке әр баррельден 4 доллар ғана түседі. Жалпылама алғанда бюджеттік түсім 2,2 млрд доллар ғана болмақ. «Жығылғанға – жұдырық» демекші, әлемдік сарапшылар мұнай бағасы 20 долларға дейін төмендейтінін айтады. Әдетте Қазақстанның жылдық бюджеті 30 млрд доллар шамасында. Ел экономикасында мұнайды қосып алғанда минеральдық шикізатты экспорттаудың үлесі 73 пайызды құрайды. Мұнайға тәуелдіміз дейтініміз содан.
Билік экономикада әр тараптандыруды жүргізе алмады. Сонда Үкімет бюджеттің орасан жыртығын қалай жамамақ? Саясаткер Ғазиз Әбішев айтпақшы 2021 жылы Қазақстан бюджеті тақыр-тұқыр бос қалайын деп тұр.
Жағдайды түзеу үшін Қазақстан тез арада Еуразиялық экономикалық одақтан шығуы керек. Ресейге жалтақтамай дербес саясат ұстанған абзал. Бізге кезінде алпауыт компаниялармен мәжбүрліктен қол қойған келісім-шарттарды қайта қарастыру маңызды. Шағын және орта бизнестің алдындағы кедергілер түгел алынуға тиіс. Күрделі реформалар күн тәртібінде. Алайда мұны істеуге қазіргі режим қауқарсыз.
Осындай экономикалық қиын жағдайда әлдебір жеңілдіктерге сену, арқаны кеңге салу мүлде жарамайды. Бюджет тапшылығы қолда бар резервтерді тез-ақ жұтып қояды. Сондықтан әр азамат, әр отбасы күнкөрістің үнемшілдік қағидатына көшкені жөн.

Марат ТОҚАШБАЕВ

Пікірлер