Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында ел президентіне атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
"Сыртқы нарықтардағы ахуалдың тұрақсыздығына және мұнайдың орташа жылдық бағасы 2018 жылғы бір баррель үшін 71,7 АҚШ долларынан 2019 жылы бір баррель үшін 64,2 АҚШ долларына дейін төмендегеніне қарамастан, жалпы халықаралық резервтер өткен жылы 2,3 пайызға ұлғайып, 91 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде алтын-валюта резервтері – 29 млрд АҚШ доллары, Ұлттық қордың активтері – 61,9 млрд АҚШ доллары болды", - деді Досаев.
"Сонымен қатар, алтынның жаңа портфелін құруда қолдағаныңыз үшін алғысымды білдіремін. Ол да өзінің тұрақтылығын алып келді. Біз былтыр 1 миллиард доллар қалыптастырдық, биыл оны 1 миллиардқа ұлғайтамыз.
Сондықтан бұл жұмыс жалғасып, біз 2020 жылдың қорытындысы бойынша қолданыстағы нарықтардағы құбылмалылықты ескере отырып, ұлттық қордан оң нәтиже аламыз деп үміттенеміз", - деді Досаев.
Бұға қоса Президент Қасым-Жомарт-Тоқаев Ұлттық қордың бірегейлігін атап өтіп, "Елбасының бастамасымен құрылған Ұлттық қор баламасыз институт болып саналады. Қандай да бір қосымша қорларды құруға жол берілмейді және рұқсат етілмейді. Бұл мақсат Үкімет, Ұлттық қор және жаңадан құрылған агенттік алдында тұр деп ойлаймын", - деді.