Қаңтардағы боран - Бөрісырғақ

6875
Adyrna.kz Telegram

Жылда қаңтар ортасынан ауа ұдайы күн бұзылады.
Боран борап, қар жауып не үскірік аяз түсіп əйтеуір табиғат бір мінезін көрсетіп қалады ақ.
Табиғаттың əр құбылысын есептеп, "бесқонақ", "құралайдың салқыны" т.с.с. ат қойып-айдар тағып
жүретін аталарымыз осы күндерді "Бөрісырғақ" деп атаған екен. Олай дейтіні - дәл осы уақытта қасқыр ұйығады.
Қаншығы күйлеп, арланның көзі қызарып осы алай-түлей бұрқасынға оранып "махаббат машақатын" өткізеді екен...
Жылына жалғыз ақ рет көретін 5-6 күндік қана "қызықтары" ғой, содан ба дәл осы күндері ештеңеден де тайынбайды екен жарықтықтар...

Былайғы уақытта қасқыр қатты ашыға қоймаса не бірдеңеден өшікпесе адам мен малға шаппайды. Даланың аңын аулап жеп жүре береді. Алыстан бүлкілдеп адамнан ұзап кетуге тырысады.
Ал осы бөрісырғақта "ғашықтық ғаламатынан" естері ауып, көздері қып-қызыл болған қасекеңдер жолында не кездессе де дал-дал қылып кетеді. Адам болсын, мал болсын жайратып салады, бірақ жемейді.
Осыны білген шаруа бұл күндері малын қыстауынан ұзатпай, адамға да малға да сақ болған.

Қазіргі қазақ
" бөрісырғақ" атауын ұмытқан.
Орысқа еріп "крещенские морозы" деп жүргенімен қоймай, мұзын крес пішімді қып ойған суға "Аллаһу акбар!" деп айғайлап түсіп жатқан санасыздарға не дерсің....

"Бөрісырғақты" ұмытқан қазақ Бөрілігін де ұмытты ау...

Есен РАМАЗАН,

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер