Бүгін НАТО тарихына күкірт әріппен жазылатын маңызды оқиға болды. Сицилия аралында өздігінен ұшатын барлаушы екі дрон жүйесі таныстырылды. Оны таныстыруға Натобасы Йенс Столтенбергтің өзі келді.
RQ-4D Phoenix дрондары жауына сес, НАТО-ға сеп болайын деп тұр. Бұл қанатты қырандар әлемнің әр түкпірін шарлай ұшып, барлау жүргізбек. Ұшқан құс, жүгірген аң, жүзген балық, тығылған террорист, секірген содыр оның темір көздерінен тыс қалмайды. RQ-4D Phoenix тіпті жер астына жасырынып жатқан миналарға дейін түсіріп алатын құдіретке ие. Сойқан ба? Сойқан. Бұл дронның жанында қыран құстың көзі окулистке қаралуға жарамай қалады қысқасы.
Енді бұлардың жанына тағы үш дрон қосылып, "бес барлау бүркіті" ауа-райының қандай қиқар мінезі болса да аспай-саспай қарлы Аляскадан бастап, мұзды Антрактидаға дейін, шөлді Сахарадан бастап, орманды Орысияға дейін, қысқасы 6 құрлық, 4 мұхит, 7,5 млрд адамды толық төбеден бақылап, НАТО-ға ақпарат беріп отырады. Ғажап па? Ғажап.
Айтпағым, осындай қаруға ие әскери блокпен сіз десіп сыйласу ақылдылық болмақ. Ал ебін тауып, күндердің күні соған өзіміз кіріп алсақ, ол тапқырлық болады. НАТО-ға мүшенің, ОТАН-ға көмегі бар. Керісінше оқысаң "ОТАН" сөзі шығатын НАТО-ға кірер күн туар ма?..
Асхат Қасенғали