Еспенбеттей батырын ұлықтайтын ел қайда?!

6897
Adyrna.kz Telegram

      Ертіс НҰРҚАСЫМ – 1974 жылы 4 қазанда Семей облысы, Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылында туған. Сол ауылдан мектеп бітіріп, еңбек жолын бастап, заманға сай шаруа қожалық құрып, шаруашылық жетекшісі болған. Семей университетін «Құқық негіздері және экономика мамандығының мұғалімі» деген біліктілік бойынша бітірген. Біраз уақыт мемлекеттік қызмет те болған. Ел мен жердің тарихын зерттеумен бірге қазіргі заманның саяси өміріне өз пікірлерін батыл білдіріп, күресіп сммсмспвспвспвспв жүрген ұлтшыл жан. Жұмабек Тәшенев сынды біртуар тұлғаның тарихын зерттеп, Астана, Қарағанды, Шымкент сынды қалаларға Тәшеневтанушы ретінде арнайы шақыртылып, баяндамалар жасап, өз ұсыныс-пікірлерін айтқан. 2016-2019 жылдар аралығында  Алматы қаласында «Жұмабек жолы» атты тарихи-қоғамдық журналдың редакторы. Республикалық баспасөздерге көптеген тарихи мақалалары жарыққа шыққан.

 

 

Еспенбеттей батырын ұлықтайтын ел қайда?!

Аягөз өлкесінен Ақтанберді, Қабанбайлар бастаған қолбасы батырлар тобы да, ақындық – шешендіктерімен танылған қу дауысты Құттыбай би, батыр әрі би Боранбай, Ақтайлақтай билер легі де көптеп шығып, халықтың шексіз ықыласына бөленгендіктен, осындай ұлы тұлғаларымыздың тәндері өлсе де, рухтарын елімізбен бірге мәңгі жасайтындай қылып, Тәуелсіздік алғаннан бері бүкіл ел болып ұлықтап келеді. Өсетін, дамитын ұлт өткен тарихының ащы – келеңсіз тұстарынан сабақ алса, өспейтін халық тек қарын қамын  ойлаудан аспай, байыған үстіне баюды ғана ойлап, ел қорғаған ерлерін еске алмайды. 

Жүрегі қайтып көрмеген,

Қалмақты қойдай өңгерген,

Дұшпан көрсе түйілген.

Сарамжақтан иілген,

Сорғалап барып шүйілген,

Ер Еспенбет – қыраным! – деп тірісінде туған халқы мен Бұқар жыраулар сиақты жорық ақындарының шексіз ризалығына бөленген Ер Еспенбетті азаттықтың таңында бүкіл Қазақ жұрты тұрмақ, өзінің туған аймағы да мүлде ұмытуға айналды десе болады. Олай дейтініміз – кейінгі жылдары ғана шыққан Шығыс Қазақстан облыстық энциклопедиясы мен Аягөз энциклопедиясына Ер Еспенбет батырдың елі мен жерін қорғауда көрсеткен ерен ерліктері мен ұрпақтарға үлгі болар парасатты шешімдері, тапқырлықтары айтылмай, мүлдем жазылмай қалуы. 

 

 

Жоғарыда айтылған батырлармен, билермен тең дәрежелес болса да, бүкіл ұрпақтары осы Аягөз өңірін ата – мекен санап, қоныс қылса да, кейбір тарихи кітаптарда аздап жазылғаны болмаса, ұлықталмақ тұрмақ, айтылмай жатқан ерен тұлғалардың бірі де бірегейі  қаз дауысты Қазыбек, Боранбайдай билердің ұсынуымен Абылай ханнан  сан мың қолдан ақылы, қайраты, мергендігі озық – дара шыққаны үшін «Адақ» деген атақ алған – Ер Еспенбет батыр. Батыр туралы тек аңыз-әңгімелерден ғана емес, замандастары Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп тұқияннан өзіме шейін» атты кітабында айтылған және Аягөз өңірінде көп өмірін өткізген тарихшы Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса» деген еңбегінде: «Абылай ханның дәуірінде батыр әрі әскер басы болып келген адамдар – Қара керей Қабанбай батыр, Ақтанберді батыр, Ер Еспенбет батыр, Керей Жәнібек батыр, Бура Ақбантай батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Бәсентиін Малайсары батыр тағы басқалар... » деп  баға бергендігін оқып білдік. Ханның кеңесшісі әрі   жорық жыршысы Бұхар жырау:

 «Асылдан шыққан Еспенбет,

 Қалмақтың жолын кескен көп!» 

деп,  80 күнге созылған Шорға соғысында ерекше ризашылық білдірген. Семей облысы Ақсуат ауданының жерінде туып өскен Кәрібай Таңатарұлы да Ер Еспенбетті шабыттана жырласа, ешкімді асыра мақтамақ тұрмақ, «Өзіме өзім жақпадым, Енді қайда сыя алдым?» деген Дулат Бабатайұлы «Еспенбет» дастанында:

 Ер Еспенбет кешегі,

Ерекше ер деседі.

Тіл біткеннің шешені,

Топта бермес есені.

Үлгі айтса – көшелі,

Жауға шапса – көсемі,  деп бейнелей - суреттеген. Осы Ер Еспенбеттің балалық шағы - қазақ елін әлсіретіп, жерін басып алу үшін орыс пен қытайдың әккі саясаткерлері сол заманда кең сахарада құтырынған дауылдай болған жоңғар-қалмақтарды зеңбіректермен, мылтықтармен, оқ-дәрімен қамтамасыз етіп біздің елге айдап салған заманға тап келді. Сұрапыл соғыстың кесірінен әке-шешесінен 7 жасында айырылып жетім  қалған Еспенбеттің туған-өлген жылдары белгісіз болумен бірге, ел аузында туған жері Аягөз өңірі дегенмен, тарихи деректерде  бір-біріне қарама қайшы. Көптеген тарихи деректерде найман елі, оның ішінде қара керейлер 18 – ғасырдың басында Сыр бойында көшіп-қонып жүргенін айтады. 1718 – жылы Аягөз өзенінің бас жағында қазақ-қалмақ әскерлерінің соғысынан кейін, шейіт кеткен сарбаздарын жерлеп жүрген қу дауысты Құттыбай биге жолыққан саяхатшы, француз географына осы би, соғыстың  бас кезінде қазақтар басым болғанымен, хан – сұлтандардың ала-ауыздығынан жеңіліс тапқандықтарын өз аузымен баяндап бергені хатқа түсіп бүгінге жетті. Осы дерекке қарағанда Еспенбет өмірге келген жылдарда Сыбан руы Аягөз өңірін қоныс қылды ма екен? Тарихты өте көп білетін аядай Аягөзден 1 газет, 2 журнал шығарып отырған Бақытөмір аға Шалғынбайдың айтуынша Еспенбет бес сыбанның бірі, Сарыкөбектен тарайтын Сарының ұлы, аталас туысы 1675 – жылы туған Ақтанбердіден 38-40 жас кіші. Осы дерекке қарағанда бұл кісі 1713 – 1715 – жылдарда өмірге келген. Өлкетанушы,  әдеби зерттеуші, Ғабит Зұлхаровтың айтуынша Еспенбет Тәшкен жақта майданда шейіт болып, көп жасамаған, моласы да сол жақта. Ал, тағы біреулер батырдың бейіті  Талдықорған өңірінде дейді. Бабалар тарихына құрметпен қарайтын әрі көп білетін, заты әйел болса да құйма құлақ шежіре  деуге тұрарлық, Еспенбеттің бел ұрпағы Мағауия қызы Бақыт апай ұлы атасы Еспенбеттің  49  жас қана жасағанына – мүшел жасында қайтыс болғанына келіссе де, Тәшкен жақта майданда өлді дегенге келіспейді. Өмірінің соңында нағашысы берген ақ бөрте атының бар болуы да батырдың ерте қайтыс болғанын білдіреді. «Өле – өлгенше ел болды, Еспенбеттің арманы. Өзімен бірге жасады, Астындағы тарланы» деп Дулат Бабатайұлы  оның өмірін басқалардан жақсы білген соң айтады. Олай болатыны, Бабатайдың әкесі Ескелдімен Еспенбет ағайынды. Не болса да, осы есеппен келгенде  Еспенбет батыр жүрегі тас,  жауыз қалмақты түбегейлі тізе бүктіргеннен кейін дүниеден өткен. Тұлғаның жеке өміріндегі кейбір жәйттар тұлғалық қасиетін толықтыра түсетіндіктен, батырдың өміріндегі құпияларды да айта кетейік. Жетісу өңірінен қыз айттырып, сәнімен ұзатып алып шыққан  қалыңдығының пәктігі болмай қалғандықтан, ешкімге көнбей, көшті тоқтатып тастаған Еспенбет: Саған зорлық жасаған жігіттің есімін айт. Мен оны өлтірем! Айтпасаң сені өлтіремін, - деп қысады. Маңайдағы елдер де бұл әңгімені естіп, ақырында зорлық көрсеткен жігіттің бой жеткен қарындасы келіп: Ағамды өлтірмеңіз. Оның бодауына мен сізге қалың малсыз тиемін, - деп Еспенбетке тиіпті. Бұл екі әйел өз ара тату болыпты. 40  жас шамасында Еспенбет ғашық болып тағы да Жетісу өңірінен тоқалдыққа жас қыз алады. Біраз жылдардан кейін үлкен екі әйел Еспенбет жас тоқалға көңілін көп бөлетіндіктен күндес болып, екі қабаттығында, жас балаларының бар екендігін де обалсынбай батыр жорыққа кеткенде ши тартамыз деп алдайды. Жас тоқал атқа мінбекші болып, таралғыға аяғын салғанда үлкен екі әйел асау атты үркітіп, атқа сүйреп өлтіреді. Батыр келгенде елден әдейілеп өлтіргенін естіп, екі әйеліне өлтіремін деп пышақ ала жүгіреді. Қайратты, әрі ақылды батыр бала-шағасын ойлап, өзін ұстап үлкен екі әйеліне тиіспейді. Бірақ, тоқалын қатты сүйгендіктен, жұбынан айырылған аққудай болған Ер Еспенбетте көп ұзамай, құсалықтан қайтыс болады.  Найман руының жерінің шекарасын хан Абылайды арқа тұтқан, әрі жан саны көп Арғын руларының жерінен бөлуде ер жүректік көрсетіп, үлкен еңбек сіңірген би әрі батыр Боранбай Еспенбеттің ұрпақтарына Ақшәулінің бауырынан және Ақшатау маңынан жер берген. Дана бидің бір атаның ұлдарына екі жерден жер беруі – өте қатты күндес болған бәйбіше - тоқалдардан туған балалардың бір-бірімен жауласып кетпесін деген ойынан болса керек. 1757 – жылдары жоңғар қақпасында қалмақтарды ақырғы талқандаған айқасқа Ер Еспенбеттің қатысқаны туралы, бұдан еліне аман – есен, мол олжамен оралғаны туралы деректер өте көп. Ал, осыдан кейінгі басқадай соғыстарда Еспенбеттің есімі аталмайды. 1769 – жылы Қолбасы Қабанбай батыр қырғызға жорыққа аттанарда жиналған көптеген батырлардың аты аталса да, Ер Еспенбет батырдың аты дастан, жырларда аталмағанына қарағанда Еспенбеттің бұл кезде дүниеден өтіп кеткені анық. 1723 – жылғы «Ақтабан шұбырындыда»  шегініп, Ақмола аймағында  кемінде  50 жылдай қоныстанған Найман руының жұрттары мен молалары Арқада жетерлік. Алтай, Тарбағатай аймағындағы ата қонысқа қайта көшкенде Найман Күдері ақын: 

 Бабам өсіп өнген жер,

 Аруағымды көмген жер.

 Қайран Есіл – Нұрамыз.

 Қайда барып сиямыз?..

 Желеп – жебеп жүре көр

 Арқада жатқан аруақ, - деп Қараөткел өңірінен қимай қоштасқан.   Бүгінгі Астанамыз тұрған жер сол заманда Қыржы руының Қыдыр қонған байы «Кешудің Қараөткелі» аталып, сол атау бүгінге жеткен. Мысалы, «Қабанбай қыстаулығы» Ереймен тау ауданындағы «Ажы», «Шағалақ ауылы», «Жанболат ауылы», «Оразақ ауылы» (Тоқпақ), «Шүнет ауылы», «Жолымбет стансасы», Найман Еспенбет батырдың зираты, Үлкен Найман қорығы, Кіші Найман қорығы, басқа руларды айтпағанда бес Байыс руына қатысты жер аттары жетерлік. Қарағанды өңіріндегі «Қара Мұрын» атты жер атауы «Ақтабан шұбырынды» заманынан деректер береді, әрі бұл атау қазақ руларының шығу тегінің тым арыдан (Найманның Мұрын руының атауы Қара Мурэн, Шара Мурэн өзендерінің бойынан Шыңғыс қаған әскерімен берге келгеніне байланысты қойылған.) басталатынын да білдіреді. Қорғалжынның оңтүстігінде, Нұра өзенінің сағалық алқабында Еспенбет көлі деген көл де бар. Осыған қарағанда, Ер Еспенбет батырдың зираты Ақмола аймағында болуы да мүмкін. Ақшатау тумасы әрі тарих-шежіреден мол хабары бар Қажығұлов Қайыртай ақсақал: Бабатайұлы Дулат жыраудың зиратын көрсеткен әрі ел ішінде осыны білетін жалғыз ғана кісі, өзі ұзақ жасаған, Дулаттардың ұрпағы Асқар қызы Шәрбәну әжеміз, Ер Еспенбеттің зираты Дулаттың зиратының оңтүстігіндегі биік таудың бауырында екенін сенімді түрде айтқан, - дейді. Арғы жағында ақиқат жататын бір әңгімеде, Ақшатау елінің бір жас жігіті осыдан  100 жылдай уақыт бұрын дәл осы жерде қой бағып жүріп ұйықтап кетеді. XVIII ғасырдың екінші жартысында Семейде болған Ресей капитаны Андреевтің деректерінде Найманның Қара керей рулары 1740 – 1750 жылдары Шыңғыс тау өңірін қоныстанып алғанын жазған. Түсіне атқа мініп, сауыт киген батыр кіріп: «Мен, Еспенбет батырмын! Зиратымды неге малыңа таптатасың?», дейді. Шошып оянып қараса қойы қалың қарағанның ішіндегі қорым молалардың ішінде жайылып жүргенін көріпті. Болған оқиғаны елдерге айтса, ауылындағы үлкен адамдардың бірі – «Аян берген түс екен. Ер Еспенбет бабамыздың зираты сол жер», дейді. Батырға тартып туған ұрпақтары күйбең тірлікті бір сәт ысырып, көненің көзін көргендердің барында әрі тарихи зерттеулерге сүйеніп аталарының қай жерде жаны жай тапқанын нақтылай жатар. «Талпынып салдым егінді, Ішсін деп әркім тегінді» деп Қарақол өзенінен тоған алып егін салған Ақтанберді жыраумен бірге Еспенбет те тоған шығарыпты деп  кейбір ұрпақтары әңгімелейді. Тоған шығарып жүріп Ақтанберді көтерген тас Таскескен маңында екен десе, Еспенбет көтерген тас Мыңбұлақ ауылының 1- бөлімшесі «Желдіқарада» жатқанын көзімізбен көрдік. Кейіннен трактормен сүйреп ауыл шетіне апарып тастады, - деп айтады Еспенбеттің тікелей ұрпағы болатын Омарғазы ақсақал мен басқа да көне көз қариялар. Сонда, Таскескеннен көтерген ауыр тасты «Желдіқараға» бүгінгідей техника жоқ ол заманда қалай әкеледі? Ақтанбердімен бірге егін салуға бұл батырдың өмірі де жетпеген. Бірақ та, Омарғазы атаның сөзінде бір шындықтың  бары анық. Себебі, 1755 – жылдарда қалмақтарға күйрете соққы беріп, шешуші шайқас өткендіктен қылыштарға туралып, найзаларға түйреліп өлген қашқан қалмақтардың денелерінен  неше күн қан  сасып жатқандықтан майдан даласы - «Нарын» аталған  жер Ақшәулі тауының маңайында ғана. Осы тарихи оқиғаның ішінде болған Бұқар жырау:

   Асу салған тас бұзып,

  Тарбағатай белінен.

  Қол қондырған қос тігіп,

  Борлы деген көлінен.

  Қалмақты шапқан шулатып,

  Ақшәулінің өрінен.

  Қоныс қылған Найманға,

  Бәрін қуып жерінен, - деген толғауы мен осы шешуші шайқасты  негізге алсақ Ер Еспенбеттің осы соғысқа бастан аяқ қатысып, табиғаты тамаша Ақшәуліде неше күн ат тынықтырып, дем алып, сол тасты көтергеніне еш күмән келтіруге болмайды.              

Әкесі Досым мен анасынан ерте айырылған   Еспенбет жеті жасынан нағашы жұртының қолында өседі. Нағашы атасы Ер Қосай да Отанын қорғауда асқан ерліктер көрсеткен   батырдың өзі еді. Жиенінің зейінділігін, өжеттігін, қас батырға тән тұлғасын жазбай таныған нағашысы ерекше қамқорлық көрсетумен бірге, еліміздің тарихы мен шежіресін көкейіне құйып, соғыс өнерінің алуан түрлі қыр-сырына да баулиды. Нағашыларының қолында таршылық көрмей, еркін өссе де 13-14 жасқа келгенінде кейбіреулердің қалжыңдап болса да «Сыбан бала» дегенін естіп, туған елі мен жері есіне түсіп, жабығып, түнеріп, жауап қатпай қалатын сәттері жиі болады.

Өз жұртына деген сағынышы үдегеннің үстіне, алдына түрлі арман-мақсат қойған талапты жастың іштен тынып жүргенін сезген Ер Қосай: «Неге жабығып жүрсің? Таңдаған сұлуыңды әперейін. Қалағаныңды түгел жасайын.» дегенінде Еспенбет: Сұлудың да, басқаның да қажеті жоқ. Жан ата, өз елім мен туған жерімді көкседім, - дегенде қарт батыр: Малым мен дүниемнен керегіңше еншіңді ал. Қолыңды тартпаймын, - дегенінде Еспенбет: Өзім таңдаған ақ бөрте тай мен батаңыздан басқа ештеңе алмаймын, – дейді. Дүние мен малға қызықпай, намысты жоғары қойған жиеніне риза болған Ер Қосай бар ықыласымен ақ батасын беріп, Күндестік те, міндестік те, доста, жау да өз еліңнен болады. Бақ та сол еліңнен қонады, - деп бар ақылдарын  айтып, тілегін тілеп нағашы жұрты ер қаруы бес қаруын, сауыт-сайманын сай қылып Еспенбетті өз жұртына шығарып салып, қала береді. Ақтанберді жырау, қу Құттыбай би, Ботақара батырлар Еспенбетті қуана қарсы алса, кекеп – мінеп сөйлеушілер де ел ішінен кездесті. Өсектер мен күншіл сөздер жас жігіттің құлағына да  кірмеді. Нағашысынан мініп келген ақ бөрте бесті шыққан жылы Семіз найман еліндегі ұлы дүбір аста аламан бәйгеден оқ бойы озып келді. Өркеші солқылдаған  жүз тайлақты жүлдеге алған бетте маған атағы да жетеді деп, бес сыбанның ұрпақтарына түгел таратып берді! Келер жылы найманның ту басшысы Қабанбайдың жар салуымен қалмаққа қарсы аттанған қолға қосылады. Екі жақтың әскері кездесіп, ежелгі дала дәстүрімен жекпе-жек басталып, денесі шойыннан құйылғандай, 50 жастағы қара қасқа ат мінген еңгезердей қалмақ батыры қазақтың 8 батырын бірінен кейін бірін өлтіреді. Ол заманда нағыз батырлық, ерлік тек осындай жекпе-жекте ғана танылып, жеңген батырдың мықтылығын өз елі тұрмақ жаулары да мойындайтын. Бұның айласын Ақтанбердіден басқа таппас, деген сөз шыққанда жекпе-жекке шыққалы жатқан қарт батырға Еспенбет: Сіз үшін мен барайын, деп  батасын алып елеуреген қалмақ батырымен жекпе-жекке шығып, өлтіріп басын қанжығасына байлап, атын жетектеп келген жас батырларын көрген қазақ қолының әруағы тасып, қалмақ әскерінің тас-талқанын шығарып, ырғын олжаға батысады.

  Еспенбеттей ер ұлын,

 Елі сонда таныған.

 Бет бұрып тізгін тартқан жоқ,

Жаудың мың мен санынан, - деп жырлағандай халыққа алғаш осылай танылса, 

Ел тұлғасын ұстаған,

Түзу жолды нұсқаған,

Байқарадай би қайда?

Кесілмелі кең қолтық

Едігедей бай қайда?                      

Майданды жерде топ жарған,

Қамалды бұзып қақ жарған,

Еспенбеттей ер қайда? – деп Ханның алдында Қабанбайдың серігі әрі батыр Шағалақ ақын ерлігін жоғары бағалаған Ер Еспенбеттің Абылай ханнан алтын жағалы тон киуі былай болған:  Жерімізді басқыншылардан түбегейлі арылту үшін Хан мен Қабанбай бастаған батырлар Баянауыл,  Қарқаралы өңіріне бекінген жоңғарларды ақ найза, ақ білектің күшімен түре қуып, Шыңғыс тауына келгенде  айлалы қалмақтар Шаған өзенінің оң жағасындағы ішінде суы бар «Қоңыр Әулие» үңгіріне тығылып, бекініп алып, қазақ әскерлерін зеңбірекпен, садақпен атқылап қатты қырғынға ұшыратқан.  Қазақ қолы қанша шабуылдаса да, қару жарағы мықты әрі қамалға жақсы бекінген қалмақтар бет қаратпайды. Қаншама әскері шейіт болып, шығын тартып, тауаны қайтқан Абылай хан:

 Қайрат қып қайсы батыр қамал бұзса,

Ел даңқын көтереді туды дейді,

Сөзіне Абылайдың қарап тұрып,

Қабанбай, Ер Еспенбет күлді дейді.

Абылай екі ерге жарыс депті,

Қорғаны жаудың биік, алыс депті.

Қабанбай, қасиетің бар еді ғой,

 Талқандап тасташы бір жарып дейді.

 Бұзбақшы болды бұлар қамалды енді,

Сайлады ақыл, қайрат, амалды енді.

Жау жабылып, қарсылық істесе де,

Қамалды талқан етіп бұзды батыр.

Қысқасы, қазақ жеңіп қалмақты алды,

Қабанбай хандай болып ардақталды.

Абылай Қабанбайды «Хан» деп қақты,

Қымбатты Еспенбетке тонын жапты, - деген қиссада аздап әдеби әсірелеу болғанымен, нақтылы тарихи оқиға екендігін Құрбанғали Халид, М. О. Әуезов т.б. тарихшы, әдебиетші ғалымдар өз еңбектерінде осы қамалдағы қалмақтарға қарсы Қабанбай аз әскермен талмай ұрыс салып, Еспенбет басқарған мергендер тобы садақтың  оғымен оларды зор шығынға ұшыратып, қуып шыққанын әсерлі сипаттаған. Сол үңгірдің төмен жағындағы әр түрлі рулардың таңбалары салынған көптеген тас зираттар сол соғыстың нақты куәгері. Ел аузында: 

 Қабанбайды хан қойған,

Еспенбеттің арқасы.

Қасында сонда бар екен.

Құлманбеттің Марқасы.

Артынан келген қалмақты

Садақпенен атқаны, – деген ел аузындағы ұмытылған үзік-үзік толғауларға қарағанда, осы қамалды алуға қызу кіріскен Қабанбайдың ту сыртынан байқатпай келіп, басынан қайқы қылышымен шапқалы жатқан қалмақ ноянын қырағы Еспенбет байқап қалып, атып өлтіреді. Ұрпақтары осыған байланысты мынандай аңыз-әңгіме айтады: Қабанбай Еспенбет атамызға таққа отыр десе жаспын деп отырмапты. Хан Абылай алтын жағалы шапанын кигізгенде Қабанбай ағам тұрып мен кимеймін деп оны да лақтырып тастапты. Сонда, тұтқынға түскен қалмақтың көріпкел - сыншысы: Таққа отырмасаң да ырымын жасамадың. Ұрпағыңнан таққа отырар адам болмайды. Жеті ұрпағыңнан бір батыр шығады. Тұқымың бірден ғана өсіп, көп болмайды. Өзің жаудан өлмейсің. Жастықтан, құсалықтан өлесің, – депті. Халықтың арман – аңсарынан туған дәл осындай болмаса да осыған ұқсас аңыздар басқа да батыр, билердің өмірінде де айтылады.  Аңыздың түбінде ақиқат жатады – дегендей, Еспенбет батырдың өмірінің соңы расында да осындай құсалықпен аяқталған.

Сол кездегі халық ауызынан:

 «Жауды Марқа түсіреді,

Атағы Еспенбетте қалады», – деген мәтел қалған. «Жауды көп алады, Атағы Абылайда қалады, немесе атағы Қабанбайда қалады» дегендей мәтелдер жетерлік. Осы мақалдардан аңғаратынымыз – елді, жерді қорғаған сол бабаларымыздың атақ, даңқты керек қылмай, құдайдан безбей ұлтын ойлаған хандары мен батырларына бағынып, ұйымшылдықпен мақсаттарына жете білуді ғана нысана қылғандығында жатыр. Жырау әрі батыр Ақтанберді 1740 жылдары жасым ұлғайды деп Сыбан руының қолбасшылығын Сыбанның тұңғышы Жарасқұлдың ұрпағы Ер Еспенбетке тапсырған. Өзі сонда да соғыстардан қалмайды. Бас қолбасшы Қабекең сарбаздаға рух беріп тұрсын деп, Ақтанбердіні әдейі саптың басына тұрғызады екен. «Ақтанберді Сапбастай» деген сөз содан қалған. Сыбанның Байкөбегінен тарайтын Марқа батыр Еспенбет Сыбанның қолбасшысы болғанға дейін де, болғаннан кейін де үлкенді – кішілі барлық соғыстарда Еспенбет екеуі бірге жүріп, қанды көйлек дос болған.

 Баянауыл, Қызыл тау,

 Абыралы, Шыңғыстау,

 Қозы маңырақ, қой маңырақ,

 Арасы толған көп қалмақ,

 Қалмақты қуып қашырдың,

 Қара Ертістен өткізіп.

 Алтай тауға асырдың! - деп батырлардың ерлігін жырлаған Үмбетей жырау айтқан осы шайқастарға жан аямай қатысқан Марқа батыр Алтайдың бауырындағы тұнық көлдің жағасында ерлікпен мерт болып, сол жерге жерленеді. Марқа батыр жерленген жердің жанындағы көл  сол күннен бастап «Марқа көл» атанған.

  

Хан батыр Қабанбайға берілген «Дарабоз» деген атақпен тең Ер Еспенбетке берілген атақ «Адақ» дегеннің мағынасы – аламан жарыстардағы суырылып алдыға жеке-дара шыққан бәйге атты: «Адақтап барған сайын шықты жүйрік» деп суреттейді. Халқымызда: «Адақтап тұрып айтайын!» деген де сөз қоры бар. Адақтың мағынасы – озық, дара деген ұғымды білдіреді. Батырға бұл атақты бередің алдында, Арқа жерінде қалмақтарды тағы да күйрете жеңген ірі жеңістедің бірін  халқымыз Хан ордасы Көкшетауда тойлағаны белгілі. Алдында кеткен қаншама есесі бар  қазақ қолы қалмақтан қолға түскен олжаларды батырлардың ерлігіне, жастарының үлкен-кішілігіне  қарай үлесіп болған кезде, қолаң шаш, қарақат көз, қыпша белді, сөзі, жүріс-тұрысы әдепті 18 жас мөлшеріндегі тұтқын қызға жастар тұрмақ егде батырлардың көз сұғы бірден қадалды. Осыны айтқызбай білген Абылай хан батырларды бір-біріне ала көз, қырғи қабақ қылмайын деп ерікті қыздың өзіне салады. Ханға тізесін бүгіп, тағзым еткен тұтқын қыз: Үш түрлі шартым бар. Соның біреуін орындаған азаматқа жар болуға ризамын. Бірінші шартым, батырларыңыздың мергендігін сынау үшін басымдағы ормалымды анау көк жартастың басына керіп іліп қоямын. Өзім қасында тұрамын. Садағымен атып түсірген батырға тиемін дейді. Жотаның басына көз тастаған Абылай хан: Ол шоқыға оқ жетпес,- дейді. Сол күннен бастап ол жер «Оқ жетпес» атанған. Айтқандай ешкім оқ жеткізе алмайды. Қыз жотадан түсіп көлдің терең, йірім жерінің жағасына барып тұрған тұтқын қыз: Батырлар бірін-бірі арқалап жарыссын. Озып келген жігітке барамын, - дейді. Сегіз жігіт бірдей жетіп, ол шартта орындалмайды.  Қыз үшінші шартын былай дейді: Сіздерді мергендікте, күштілікте сынадым. Енді ақыл -ойларыңызды сынайын: Ұясында үш балапан басып жатқан кептерге қара құс кез болып жемекші болғанда үш балапан «Анамыздың орнына бізді жеңіз. Анамызды қоя беріңіз» деп зар қағады. Қара құс: Тоймасам сендерді де жеймін, - деп рахым етпейді. Кептерді енді жей  бастағанда бір сұңқар қара құсты омыртқасынан теуіп, өлтіріпті. Оған балапандар риза болып: Шешеміздің орнына бізді жеңіз, - дейді. Өскен кезіңде жеймін деп біреуіне белгі салып кетеді. Соған жеткізбей сол балапанды қырғи жемекші болады. Қырғиға сұңқармен уәдесі барын айтып, алдымен соған барайын.  Аманатын орындайын, - дейді. Уәде, аманаттың қиын екенін білген қырғи рұқсат етеді. Сұңқарды іздеп түнделетіп ұшып келе жатып жапалақтың қолына түседі. Оған да барлық оқиғаны айтса жапалақта түсініп сұңқардың мекеніне жеткізіп салады. Балапанның басынан өткен барлық тағдырын естіген сұңқар ойланып: Уәдеде тұру – ең қасиетті іс. Келгеніңе рахмет! Мен сол бір жапалақ құрлы болмаймын ба? – деп қырғиға жіберіпті. Балапан қайтадан күні-түні ұшып қырғиға барып осы оқиғаларды айтса қырғи: Уәде құдай атымен жасалады. Сен көп бейнет көрсең де уәделеріңді толық орындадың. Саған ризамын! Алғашқы сұңқарыңа барып, бақытты бол, – деп ерік беріпті. Ал, құрметті батырлар, менің айтқан жұмбағым осы, дейді қыз. Дәмелі батырлар жұмбақты ары-бері ойлап, біріімен-бірі ақылдасса да шеше алмайды. Хан мен Қабанбай батыр терең ойға батып, бір түрлі күйде қастарында тұрған Еспенбетке: Сен де әлі жассың. Мына мына бәсекеге неге қатыспайсың? – дегенде Еспенбет: Бұл жұмбақ сырға толы. Қыз  орамалын  өзі тұрған биік тауға тігіп, жерге түссін, дейді. Қыз да төмен түседі. Еспенбет сауыт бұзар жебесін салып, барынша шіреп тұрып садағын тартқанда, зулаған жебе қыздың ормалын байлаған қадасымен қосып ұшырыпты. Қыз еріксіз басын иіп, батырға тәжім етеді. 

«Мына қыздың жұмбағын шешсем, қыздың тағдырын да мен шешейін», - деп ханнан рұқсат алған Еспенбет: Бұл қыздың тегі мұсылман көрінеді. Бір отбасының үш қызының бірі екен. Еркінен тыс зорлықшыл біреуге тәуелді болған. Елін жау шапқанда өз ауылының бір батыры құтқарыпты. Соған тимек болып уәде береді. Ол уәдесіне жеткізбей бізбен соғысқан қалмақтардың қолына түседі. Олардың да уәде сырын білетін мәрт жігіті бостандық бермек болған көрінеді. Тағдырының жазуымен, енді міне,бұл қыз бізге тұтқын болып тұр. Егер, бұл қыз садақ тартып сынасқан жігіттер орамалын атып түсірсе, құз-жартастан құлап өлмекші еді. Бірін – бірі арқалап жарысқан жігіттерден біреу жеке озса, йірім суға түсіп, өлер еді. Мен басында-ақ осындай астарлы астарлы сырын сезіп, бәсекеге қатыспадым. Бұл қыз махаббатқа адалдықты, уәдеге беріктікті кие тұтқан жан екен. Нәзік сезім, терең сүйіспеншілік дарыған аруға мен қиянат жасасам жұмбағындағы қырғи құрлы болмай қалмаймын ба? Бізді қырғиға теңегеніне өзі де ұялып, тізесін бүгіп кешірім сұрап тұрғаны қылығынан білініп тұр. Нәпсіге еріп арудың сезімін қорлауым маған намыс. Сондықтан, шарт бойынша бұл қызды Мен алуға тиісті болсам, басына ерік берем. Сүйгеніне қосылсын, - дейді Ер Еспенбет. Қабанбайдың қызы Назым батыр: Қыздың істеген ісі, сөзі мен  мінезі маржандай мінсіз екен. Есімін Маржан қыз атайық, депті. Қыздың өзінен сұраса бұл тұтқынға түскен қарақалпақ халқының қызы екен. Абылай ханның рұқсат етуімен қазақ батырлары қызды өз еліне аман-есен жеткізіп салады. 

«Қайраты Еспенбеттің қазақ асқан,

Ақылы, мергендігі бәрі ұнасқан.

Жұмбағын бәсекеде қыздың шешіп,

Оқ жетпестің басынан жалауды атқан» –   деп ел ауызында ертеден айтылып келе жатқан осы бір өлең жолдары «Маржан қыз» оқиғасының  өмірде болғанына нақтылы дерек. 

  Қазақ – қалмақ қолының арасындағы көп шайқастардың  ішінде  «Шаған  шайқасы» халықтың есінде өте жақсы сақталған. Себебі, осы соғыста Бас Қолбасшы Қабанбай батыр қалмақ қолбасшысы Арқауылды жекпе-жекте өлтірген. Осы шайқастың әбден қызып, қазақ әскерлері бел алып, қалмақтарды қойша қуады. Қаша соғысып келе жатқан жаудың әккі мергені өздеріне зор қауіп төндірген Бура руының әскерлерін басқарған Ақбантай батырдың сауытынан оғы өтпеген соң, бір орға тақағанда оның атын атып өлтіреді. Атымен бірге жығылған Ақбантайда алдындағы орға омақаса құлайды. Бұлардың арттарынан өкшелей қуып найза, қылышпен қалмақтарды қырып келе жатқан Қабанбай батыр қасындағы Еспенбетке Ақбантайды атуға ыңғайланған қалмақтың мергенін ат деген белгі береді. Еспенбет те жаудың өз істегенін өзіне істеп, алдымен оның атын атады. Қалмақтың мергені жерге домалап түскенде сауыттың жұқа жері қолтығының астынан  атып өлтіреді. Еспенбеттің ерліктерін жырлаған Кәрібай  ақын  осы жерді былайша суреттеген:

«Ат!»  деді  батыр  Адаққа,

Көрсет  деп  қайрат  таласта.

Нысанаға  алып  қалмақты,

Адақ  та  шықты  қабаққа.

Жоқ  еді  мерген  бұл  тұста,

Адақтан  озған  қазақта…

Осы соғыста Еспенбеттің ерліктеріне тәнті боп, қатты риза болған қаз дауысты Қазыбек би барлық батыр, би, әскерлердің көзінше Абылай ханға: Еспенбеттің елден ерек ерлігі барлығымызға мәлім. Еш батырдың оғы жетпеген жерге оқ жеткізуінің өзі бір керемет! Ал, қыздың астары қалың жұмбағын шешіп, мойындатып, қыздың шарты бойынша өзіне тиесілі болса да нәзік жанның басына бостандық беруі үлкен жүректі мейірімділігін, обал-сауапты білетін имандылығын білдіріп тұр. Оның үстіне атақты батырымыз Ақбантайды ажалдан құтқарып қалды. Жастарымызға үлгі-өнеге болу үшін Еспенбетке ерекше марапат көрсетейік, - деп ұсыныс жасайды. Басқа би-батырлар да Қазыбек бидің бұл ұсынысын қызу қолдайды. Ханда қырық кісінің ақылы болады деген рас. Абылай хан көп ойланбай:

Алтын берсем жерде қалады,

Мал берсем елде қалады.

«Адақ батыр» деген атақ берсем,

Ел аузында мәңгі қалады, - деп  Еспенбетке «Адақ» деген атақ берді!

Сол жерде Бұқар жырау батыр әрі ақын Тарақты  Байғозыға Маржан қыз оқиғасына арнап батырлардың есімдерін, мінген аттарын қосып, жорықтарда айтатын ән мен өлең шығар деп тапсырады. Шабыттанып тұрған дарынды Байғозы:    

 Жоғарыдан жүгіртіп Бөкең келді,

 Ойнақтатып астында бөкен керді.

 Тас ұшырған екпіні дауылдай боп,

 Қиғаш қашқан құтқармас бөкендерді.

 Қабекең мінген «Қубасты-ай»,

 Қубастай жылқы тумасты-ай.

Жәрдем бер деп Алладан,

 Халқы жылап шуласты-ай.

 Адақ мінген сары атты,

 Құс сияқты қанатты.

Көкшетаудың жерінде,

 Ерен үлгі жаратты.

Барақ мінген қанат кер,

Мінер баптап талапты ер.

Аты менен ері егіз,

Сипатына қарап көр.

Озып шықты Еспенбет «Адақталып»,

Майдандағы бар жақсы атақты алып.

Қайырмасында: «Уей, уей, Маржан қыз», - деп айтылатын осы өлеңді 93 - жылдары қытай тарихшылары жазған кітаптан оқығанмын.  Сәкен Сейфуллин де «Жеке батыр» поэмасына осы оқиғаны арқау еткен. Бірақ, «Адақты»  Арғын ішіндегі өз руы Қуандықтың батыры деп көрсеткен. С. Сейфуллин шыққан Қуандық ішіндегі Қарпық руының мың беттен артық шежіресін неше рет оқығанымда небір қасиетті адамдар мен арқалы батырлар бұл елден көптеп шықса да,  18 - ғасырда Еспенбет – Адақ аталған батыр Арғын – Қуандық ішіндегі Қарпық руында жоқ екендігіне көз жеткіздім.

Еспенбетпен бір заманда өмір сүріп, үлкенді-кішілі барлық соғыстар мен тарихи оқиғаларда бірге болған өзі шешен, өзі батыр Ер Жәнібек: Қазақта  бір  би  бар, ол – Төле. қазақта  бір  батыр  бар, ол – Қабанбай, қазақта  бір  Адақ  бар, ол – Еспембет, деп Ер Еспенбеттің ерліктерін өте жоғары бағалаған.

 

 

Еспенбеттің көп айтылмай жатуы – Еңлік пен Кебектің өліміне осы батыр себеп болғандығынан деп те айтылады. «Еңлік – Кебек» оқиғасын толық зерттеген, өзі де Тобықтының жуан атасынан шыққан, бұрынғы архив қызметкері Ғ. Зұлхаров: «Екі ғашыққа қатаң үкім кескен Ер Еспенбет емес!» деп сенімді түрде деректер келтіріп, жөнсіз қаралаудың дұрыс еместігін бірнеше рет дәлелдеп зерттеу еңбектерінде жазды. Расында, сан соғыста бірге болған, қанды көйлек серігі әрі аға тұтып сыйлаған Қабанбай батырдың жиені Еңлік қызды Ер Еспенбет өлім жазасына кеспей, екі руды бір бітімге келтірер еді және осы Ер Еспебеттің би атағы болмаған. Еңлік – Кебекке жаны күйсе де, араша түсе алмаған Шыңғыс тау өңіріне («Келгені Тобықтының осы маңға, 1780 – ге тақалғанда» деп «Еңлік – Кебек» дастанында» Шәкәрім айтқандай) енді қоныстанып жатқан Тобықты руының сол кездегі басшыларының бірі Көбей би: «Кім ғаріп?» атты толғауында:

  Аз болған соң еліміз,

 Даулы болып жеріміз,

 Екі ғашық қаза боп,

 Үзілді ғой беліміз.

 Елін жөнге салмаған,

 Қос қыршынды жалмаған,         

Еспенбеттей би ғаріп.

Үш күн, үш түн жыладым,

Көзімнің жасын бұладым,

Бола алмай қорған соларға,

Ақырында мен ғаріп, – деп осы қанды оқиғаны  нақты суреттеген. Бұл жерде тарихи -әдеби зерттеушілерді шатастыратын адам есімдерінің аттастығы. 1780 – 1790 – жылдары Семейде тұрған И. Г. Андреев деген орыс капитанының – тыңшысының дерегінде дәл осы жылдары Найман ішіндегі Мұрын руының кейбір бөлігі Шыңғыс тауында болған. Осы қалың Мұрынның бір бұтағы Қыдыр руы Шыңғыс таудың «Қыдыр» жотасынан Өкпеті тауының теріскейіне 1794 – 95 – жылдары қоныстанғанын ұлты неміс ғалым - саяхатшы Сиверстің осыдан 220 жылдай бұрын жазған күнделігінен және 1899 - жылғы білікті мамандармен қамтылған Ф. Щербина басқарған экспедицияның  тарихи деректі кітабынан көруге болады. Қос ғашықтың тағдырын шешкен қанды оқиға 1790 - жылдарда болған. Осы айтылған Мұрын руының Қыдырынан тарайтын Қара би аталған ру бар. Жас кезінен шешен, тапқыр болған осы Қара бидің азан шақырып қойған есімі – Еспенбет. Зорлық көрсеткен жақтың тез ұмытып, зәбір-жапа шеккен жақтың керісінше ұмытпайтыны табиғи заңдылық. Кеңгірбай, Көбей билермен айтысқа түсіп, Еңлік-Кебекке үкім айтқан  «Адақ» Еспенбет емес, «Қара би» Еспенбет дегенді Абай ауданындағы Тобықтының ақсақалдары осы Қыдырдың ұрпақтарына өздері айтыпты. Шежіре бойынша Найман ішіндегі Бес Байыстан тарайтын Сыбан – Мұрын руларының қоныстары  ол заманда өте жақын болған. Қара би аталған Еспенбеттің атасы Желкілдек батыр Қабанбайлар тұстас та, «Атадан жалғызсың, соғысқа барма!» дегенге болмай қазақ-қалмақ арасындағы қырғын соғысқа өте жас кезінен қатысқан «13 жасар Смайыл, Тіл алмайтын көк айыл, Бұлан көгі оққа ұшты» деп «Ақырғы айқас» дастанында айтылатын  әкесі Смайылдың жас шамасы Ер Еспенбет тұстас екені нақты.  Ырымшыл қазақ «Қара би» аталған Еспенбеттің есімін «Адақ» аталған Еспенбат батырдай болсын деп қойуы да әбден мүмкін.  Мұхтар Әуезов «Еңлік – Кебекті» тұңғыш рет пьеса қылғанда Найманның сөзін ұстаған Еспенбет би деп осы оқиға жөнінде Әуезовке кеңес берген Абайдың ұлы Тұрағұл екенін ғалым Тұрсын Жұртбай дәлелдеді. Тұрағұл, Абайлар Құнанбайды көрген. Құнанбайдың әкесі Өскенбай Кеңгірбай, Көбей билермен бірге өз рулары тобықтының мүддесін қорғаған. Осыған қарағанда бар саналы өмірін сырт дұшпандармен айқасып өткен «Ер Еспенбетті Толағай тұлға» деп ру тартысына қимайтын Ғ. Зұлхаров ағамыздың пікірі дұрыс.

 Күресте қалың қолды адақтаған,

 Майданда бетіне жау қаратпаған.

 Сондықтан «Адақ» деген атақ алып,

 Ер еді атына кір жанатпаған, – деп кейінгілерге ерліктің асқан үлгісі болған Ер Еспенбетті бүгінгі жас ұрпақтарға жан-жақты қырларымен таныстырып, ұлықтай алдық па? Әрине, «Ия!» деуге аузымыз бармас! Еліміздің болашағы жастарымызды Отан сүйгіштікке, адалдыққа, әсіре пайдақүнем болмауға, мейірімділікке, имандылыққа,  махаббатқа адалдыққа, ойшыл-тапқырлыққа   тәрбиелеуде Ер Еспенбеттің өмірі тұнып тұрған үлгі-өнеге. Мына көрші Ресей халқының патриоттық сезімін, ұлттық рухын күшейту үшін өзінің халқын-орыстарын аямай қырған қанішерлер адмирал Колчакты, атаман Дутовты, Анненковтарды, т.б. насихаттап, олар туралы кинолар түсіріп, ескерткіштер орнатуда.  Өзі өлсе де, еңбегі мен ерлігі өлмеген бір туар тұлғаның туғанына  310 жыл толған, бүгінде, Аягөз ауданында ат шаптырып, ас бермесе де Ер Еспенбетті еске түсіріп, оны жан-жақты жырлайтын ақындар айтысын, мүшәйралар өткізуге толық мүмкіндік бар. «Ер Еспенбеттің өмірі және ерліктері» атты Республика көлемінде ғылыми – тәжірибелік конференция өткізу керек-ақ! Экс Президент Н. Назарбаев: «Ұлт мерейін үстем еткен ардақтылар алдында сөзіміз де, ісіміз де адал болуға тиіс», - деп тегіннен-тегін айтпаған. Аягөз тұрмақ Қазақстанға ешқандай еңбек сіңірмеген, келмеске кеткен Кеңес заманындағы орыс ғарышкері Ю. Гагарин атында Аягөз қаласында ең ұзын әрі басты көше бар. Қазіргі заманда Ресейдің өзіндегі орыстың кейбір білгіштері КСРО-ның аярлыққа толы кейбір құпияларын ашып, Ю. Гагариннің ғарышқа ұшқанын жоққа шығарып отыр. Біздің еліміз шынымен ғарышкерді құрметтегісі келсе, тұңғыш ғарышкеріміз әрі әлемде алғаш рет «Крейсерге» жойғыш ұшақты қондырып, (Тоқтардан бұрынғы сынақшы ұшқыштар ажал құшып тынған.) ғарышқа ұшпай тұрып батыр атанған, есімі алтын әріппен «Гиннестің рекордтар» кітабына тіркелген Тоқтар Әубәкіровты құрметтейік. Мақаламда қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігіне көзім жетпеген кейбір даулы тұстардың басқа да нұсқаларын  әдейі бердім. Себебі, Ер Еспенбеттің өмірі мен ұлтымызға сіңірген еңбегін, ерлігін зерттеу, «еспенбеттану» енді басталады деп есептеймін. Батырдың ерлігінің аз ғана бөлігін айтқаным барлығыңызға аян. Жоғары оқу орындарындағы тарихты, әдебиетті зерттеп жүрген жас ғалымдарымыз бір сүрлеуді шиырлаған таптаурындылықтан шығып, ғылыми еңбектеріне түрен түспеген осы тың тақырыпты алып, жан – жақты, кешенді түрде зерттесе, осы даулы мәселелер анықталып,  «Адақ» аталған Ер Еспенбет батырдың өміріндегі басқа да белгісіз оқиғалар ашылар еді.  Бұл тақырыпқа талапты оқушылар да қызығушылық танытып, қалам сермері анық.

 Тағы да бір мақала жазып «пысықсып» жүрмеуім үшін,  «Бірді айтып бірге кетіпті» деп мәртебелі оқырмандарымыз сөксе де, орайы келгенде қысқа ғана айта кетейін: Қазақ жазба әдебиетінің негізін салған, ұлы Абайдың ұстазы болған, «Өксігіңді ойласам, ұйқы беріп, қайғы алам»,-деп ұлтымыздың болашағы үшін күңіреніп өткен, тұйықтан шығар жолды да  нұсқаған Бабатайұлы Дулаттың шығармаларына ұлтының тәуелсіздігін көксеп, отарлаушыларды батыл айыптағаны үшін, патшалы ресей Дулат өлеңінің айтылуына бір тыйым салса, оның мұрагері Кеңестік қызыл өкімет тағы  да жарыққа шығуына тосқауыл болғаны белгілі. Басқаны айтпағанда, «мүйізі қарағайдай» деген жазушы Мұхтар Әуезов  «Абай жолы» эпопеясында Абайды жырымен емдеп, үлгі-өнеге көрсетіп, батасын берген Дулаттың атын айта алмай «Барлас» деп жасырын атпен айтқаны белгілі. Міне, осы уақыттарда Оңтүстік Қазақстан өңірінде туып-өскен, өмірден ерте кеткен әдебиетші ғалым Құлмат Өмірәлиев Дулат өлеңдерін бір жақты айыптаудың негізсіз екендігін, әдеби жаңа таным тұрғысынан зерттегенде ақын шығармалары отаршылдармен бірге жергілікті билеушілерге қарсылықтан туғандығын және сол заманда Дулаттың атағын пайдаланып, Қазан қаласынан келген, әсіре исламшыл Сейітбаттал атты шала сауатты ноғай ақынының діни өлеңдерін Дулаттың атынан жариялап жібергенін Кеңестік идеологтардың алдында табанды түрде қорғауына тура келді. Құлдық менталитет әбден дендеп алған кейбір ғалым қандастарымыздың өзі Құлмат ағамызға Дулат мұрасын жаңаша бағалауға жол бермей, тосқауыл бола берді. Осындай ой-өрісі тар, тоғышар, ғалымдығынан залымдығы басым қарсыластарына:

 Азамат ұл тарихтан сыр іздеген,

 Сыр іздеген, көнеден тіл іздеген.

 Тіл іздесе көлденең біреу тұрды,

 Ой - қиялды тарихқа жүргізбеген.

Жүргізбеген, ешнәрсе білгізбеген,

Білсем деген ниеттен кір іздеген, - дейді ашына үн қатқан Құлмат марқұм.                        

 Ақын шығармаларына деген көзқарас кеңейгеннің үстіне тарыла түсіп, 1984 және1985 – жылдары басылған үш томдыққа да, «Бес ғасыр жырлайды» жинағына да кіргізбей тастағанда ақын мұрасына деген жанашырлығы, адалдығы одан сайын ширықтырған  Қ. Өмірәлиев Дулаттың атынан:

 «Бес ғасырға» кіргізбей,

Ұрпаққа атым білгізбей,

 Ғалым болған, балам-ау,

Аса кеще болмасаң,

Халық қайғысын жыр еткен,

Елге емші сөзімнен,

Жүрер ме-ең бүгін кір іздей, - деп  

Дулатқа тән мысқылмен, өткірлікпен аямай сойып салды. Өр мінез ғалым сонда да қайтпай, Дулаттың мұрасына қосылған өресі төмен, қуаты әлсіз, сауаты төмен дүмше молда Мәулекидің өлеңдерін бөліп, ақын мұрасын жіліктеп тұрып зерттеген еңбегін шығармашылықтың азабына төзіп жетілдіріп «Замана сазы» атты жеке жинағын оқырман қауымға тарту етті. «Рухтас - адам туыстас» дегендей, Дулат мұрасының ақталуына, оның жарық көруіне қауіп-қатерге қарамай, жан-тәнімен белсене кіріскен күрескер-ғалым Құлмат Өмірәлиевтің атына Д. Бабатайұлының туып өскен жері Аягөзден көше берілуін 15 жылдай бұрын Ұлттық Ғылым Академиясының ғалымдары сұрағанда, ауданымыздың басшылары келіскен. Ол уәденің орындалмағанын анда-санда  «Қазақ әдебиеті» газеті жазады. Ерлікті жасамаудан бағаламаудың қауіпті екендігі шындық. Сондықтан менің ұсынысым – Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы Юрий Гагарин атындағы көшені және оңтүстік әскери қалашықтағы № 4- мектепті өмір жолдары ұрпаққа өнеге, ғибрат, ұлтқа мақтан боларлық Ер Еспенбеттің атына, еш мағынасы жоқ «Актюбинская» деп аталған көшені дарынды ғалым Құлмат Өмірәлиевтің атына беріп, арнайы белгі қойылса деймін. Дана халқымыз: «Ескерткіштің тұғырын тұлға өзі қояды, ескерткішті халқы қояды», - деген.  Аягөз қаласындағы орталық алаңға ұлтымыздың рухын көтеретін, ой-санамызды өсіретін, ақиық ақын Дулат Бабатайұлының  ұлы  ақын екендігін сездіріп, сендіріп тұратын сәулетті, әрі еңселі ескерткіш қоюдың уақыты баяғыда жетті және осы алаңды Дулаттың атына беру керек!

 Бәрін айт та бірін айт,

 Еспенбеттей ер қайда?

 Еспенбеттей ер туса,

 Ер күтетін ел қайда? - деп осыдан 180 жыл бұрын Дулат бабамыздың айтқанын бүгінгі біздер:

 Еспенбеттей батырын

Ұлықтайтын ел қайда? – деп жаңғырта, батырдың туғанына 310 жыл толғанын жұрттың есіне сала қайталаймыз.

 

Пікірлер