Ақан әндері – ұлттық рух жаршысы

2024
Adyrna.kz Telegram

Еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанда» «Аңсатқан Ақан ән­дері-ай немесе «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйым­дас­тырған бір ән кешінен түйген ой» де­ген тақырыппен биылғы 1 ақпан­да журналист, ақын Қорған­бек Аман­­жолдың мақаласы жарқ ете қалды.Мәдениеттің мақсаты өзін бас­қаға таныту әрі мойындату. Өзін-өзі таныту – өркениеттер мен мә­де­ниет философиясында ең басты мәселе. Шығыс пен батысқа өзара дәнекер болып, Еуразиялық өрке­ниет­тің ал­тын бесігі саналатын Қа­зақстан ХХІ ғасырда бүкіл әлем­дік өр­ке­ниет­ке бірлігі жарасқан тұрақ­ты, берекелі мемлекет ретінде ор­ны­ғуда. Осы орай­да, жастардың құн­ды­лық бағ­да­ры қандай екені ойла­нат­ын мәселе. Көптеген зерттеулер бойынша жа­һандану үрді­сін­дегі ақпараттық қо­ғамда жас­тар­­дың аз пайызы ғана ұлт­тық өнерді құрмет­тейді екен. Қазақ­стан жас­тары да басым көпшілігі хип-хоп, рэп, рок секілді жанр­ларға бой алдыруда. Ұлттық музыка, дәстүрлі ән осы аталмыш жанрлардың кө­лең­ке­сінде қалып бара жатқан­ды­ғын атап өту қажет. Бұл кімді болса да тол­ған­дыратын мәсе­ле. Себебі, ұлттық му­зы­ка – ұлттық идеоло­гия­ның мызғы­мас бөлшегі.

Кез келген ұлтты, елді оның ұлттық болмыс-бітімін көрсе­те­тін музыка­сыз қа­был­дау мүмкін емес. Әміре Қашау­баевты Франция әлемі­нің жарқын қабылдауы дала музы­ка­сы сарынын Еуропаның мойындаған­дығының белгісі деп білеміз. Сол нышанды ұлттық мүдде тұрғысы­нан құрмет­теп, дәстүрлі әнді дәріп­тейтін жастар аз. Аз болса да осы елдік са­наны бойына сіңірген жастар ХХІ ғасырда ұлтымыздың ас­қақ­тығын, бек­заттығын насихаттай­ты­ны анық.

Қорғанбек Аманжол ағамыздың Ал­маты қаласының студенттері мен жас­тарынан құрылған қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық му­зыкасын насихат­тай­тын «Адыр­на» ұлттық-этногра­фия­лық бірлестігінің алғашқы қарлы­ғашы іспеттес «Алаш­тың Ақан серісі» әдеби сазды ән кешінен кейін жазған үзік ойын оқып қуандық. Иә, Арман Әубәкір бастап, аға-әпке­лері­міз ұйытқы болып қазақ халқының ән мен күй өнеріндегі ірі тұлғаларын ірі мегаполис жастарына насихаттау жұ­мы­сын бастап та кетті. Жазушы­лар одағының қолдауымен «Алаш­тың Ақан серісі» атты ән кеші ұйым­дастырылды. Аталмыш кеште зал лық толып, профессор Тұр­сынбек Кәкішев бастаған аға­ларымыздың ақ батасын алдық. Сахна төрінде орын­далған «Балқа­ди­ша», «Сы­рым­бет», «Құлагер», «Көкжендет», және т.б. әндерге құмарын қан­дыр­ған көрер­мен қауымның ыстық ықыласын да молынан сезіндік.

Дәстүрлі ән кештерін өткізудегі басты мақсат – қазақтың ән өнерін, рухани байлығын жастарға насихаттау, сол әндерді сағынып жүрген ел ағалары мен апа­ларымыздың жан сарайын қазақы әуенмен су­сын­дату. Осы жолда, біздің баста­ма­мызды кө­теріп, қолдайтын ағала­ры­мызға ал­ғы­сымыз шексіз болмақ!


Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторанты.

«Егемен Қазақстан» газеті

Пікірлер