Мұстафа Шоқайдың көптомдығы жарық көрді

2567
Adyrna.kz Telegram

ҚР Ұлттық кітапханасының Көрмелер залында Қазақстан Республикасындағы Француз Республикасы Елшілігінің және Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ұйымдастыруымен Қазақстандағы Франция мәдениеті жылының аясында «Поль Гурдэ – Верный қаласының французы» және «Мұстафа Шоқай. 12 томдық Толық шығармалар жинағы» кітаптарының тұсаукесері өтті. Тұсаукесер шарасына еліміздің зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, баспасөз өкілдері қатысты. 
Қазақстан және Франция мемлекеттерінің өзара ынтымағын, мәдени-рухани қарым-қатынасын нығайтуға арналған шараның мәні ерекше деп айтсақ болады. Себебі кезінде француз азаматы Поль Гурдэ Алматы қаласы Верный болып аталып тұрған кезінде шаһардың ғимараттарын жобалауға атсалысып, ағарту қызметімен де айналысқан болса, қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, тарихшы-ғалым, публицист Мұстафа Шоқай Франция мемлекетінде он жылдан аса өмірін өткізіп, көптеген саяси еңбектерін дүниеге әкелген.
«Поль Гурдэ – Верный қаласының французы» атты кітапта Алматы қаласында ғұмыр кешкен Франция азаматының өнегелі өмірі мен қызмет жолы баяндалған. Кітапқа екі елдің мұрағаттық қорларында сақталған материалдар енген. ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы Алматы қаласының тарихы мен мәдениетінің айғағы болатын фотосуреттер де тарихи кезеңнің көріністерінен сыр шертеді.
Халқымыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың көптомдығы тарих ғылым­дарының докторы, профессор Көшім Есмағамбетовтың құрастыруымен, жинақтауымен жарық көріп отыр. Тұсаукесер шарасында біртуар тұлғаның мұрасын зерттеп, зерделеу жолында қыруар істер атқарып жүрген ғалыммен әңгімелесудің сәті түсті.

– Мұстафа Шоқай еңбектерін зерттеуді қалай бастадыңыз?
– Қазақ халқының аса күрделі «соқтықпалы да соқпақты» тарихының басты мазмұнын азаттық үшін, өзін этнос ретінде және өмір сүру кеңістігін сақтап қалу үшін жүргізілген күрестің алдыңғы сапында тұрған қайраткер азаматтың есімімен алғаш рет танысуым 1960 жылы Мәскеу қаласындағы П.Лумумба атындағы Халықтар дос­ты­ғы университетінде оқып жүрген кезімде басталды. Сонда университет кі­тапханасында Францияның архео­логы, белгілі дипломаты Жозеф Кастаньенің «Қазақ-қырғыз таңбалары» деген мақаласынан Мұстафа Шоқайдың өмірбаянын оқып, таныстым. Ол кезде оның есімін атауға болмайтын. Бірақ соған қарамастан ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы тарихи деректерді жинақтап, зерттеу жұмыстарымен шұғылдана бастадым.
– Бүгінгі таңда Алаш ардақтысының мұрасы толық жинақталып болды ма?
– Олай деп айту әлі ертерек. Неге десеңіз, Мұстафа Шоқайдың еңбектері қазақ, өзбек, татар, башқұрт, орыс, түрік, неміс, француз, ағылшын, поляк тіл­дерінде жарық көріп, бірнеше ел­дердің мұрағат қорларында сақтаулы. Түркияда, Польшада, Германияда, Ресейде сақталған мұрағат материалдарымен бірге Сорбоннадағы мұрағаттық қор мұстафатану ғылыми бағытының деректемелік негізін құрайды. 2001 жылы сол кездегі Қазақстан Респуб­ликасы Премьер-министрінің орын­басары, ЮНЕСКО-ның Қазақстан­да­ғы істері жөніндегі ұлттық комис­сия­сының төрағасы Иманғали Тасма­ғам­бетовтың Шығыс Тілдері мен өркениеттері ұлттық институтының ректоры Жил Делушпен келіссөздер жүргізуі арқасында М.Шоқайдың инс­титут кітапханасында сақтаулы жеке мұрағаттық қорындағы құжаттардың электрондық көшірмелерінің алдырылуы еліміздегі мұстафатану ғылыми бағытының деректемелік негізін қалау жолына қосылған сүбелі үлес болды.
Саясаткердің еңбектерін ғылыми айналымға қосуға 1998, 1999 жылдары оның екі томдық шығармалар жинағын дайындап, қазақ тілінде оқырмандарға ұсынған Алматыдағы «Қайнар» баспа­сының қосқан үлесін айту ләзім.
– Мұстафа Шоқайдың еңбектерін жинақтау барысында қандай қиындықтар кездесті?
– Көзі тірісінде М.Шоқай өз еңбектерінің библиографиясын жасап қалдырған емес. Оның жеке мұрағаттық қорында өз қолымен құрастырған 1921-1925 жылдары «Дни», «Последние новос­ти» (Париж) газеттерінде жарық көрген мақалаларының ғана тізімі сақталған. М.Шоқай еңбектерін жинақтаудағы келесі қиындық авторлық атрибуцияға байланысты мәселелерден туындайды. Эмиграциялық өмір жағдайында оның біраз туындылары бүркеншік есіммен жарияланған. Зерттеу барысында М.Шоқайдың отыз беске тарта бүркеншік есімі анықталды. Бұл бағыттағы ізденістер түркі-шағатай, орыс, поляк, француз, ағылшын тіл­дерінде жарияланған еңбектерін бір-бірімен мазмұндық, стилистикалық, орфографиялық ерекшеліктері, қыс­қартулар жүйесі, идеялық бағыт-бағ­дары тұрғысынан салыстыру арқылы жүр­гізілді. Көптомдықты шығаруда біз ең алдымен Мұстафа Шоқай еңбектерінің түпнұсқасына назар аудардық. Мұндағы мақсатымыз – тарихи деректердің бұр­маланбауын көздедік.
– Қазақтың атақты ұлының есімін елге таныта түсу жолында қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?
– Мұстафа Шоқайға арналған ескерткіш Парижде, өзінің туған жері Қызылордада ашылған. Алматы қаласында бір шағын көшенің аты берілген. Келесі жылы Мұстафа Шоқайдың туғанына 125 жыл толады. Бүгінгі таңда біз Мұстафа Шоқай еңбектерінің алты томын жарыққа шығарсақ, екі томы баспаханада. Ал 12 томның толық нұсқасын 2014 жылдың соңына дейін шығаруды жоспарлап отырмыз. Мұстафатану – еліміздің, тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін тереңірек біле түсуге бастайтын жол. Сондықтан менің ойымша, келер жылы аталып өтетін мерейтойына туған жері Қызылордадан бір орталық құрылса деймін. Онда Мұстафа Шоқайдың ғылыми-шығармашылық мұралары, еңбектері, фото-шежіре, т.б. мұрағаттық деректер қойылғаны жөн. Мұнан бөлек Мұстафатануға арналған ғылыми-конференциялар, түрлі мәдени-қоғамдық шаралар өткізсек артық болмайды. Мұның бізге, сондай-ақ өскелең ұрпаққа берері мол.


Дәуіржан Төлебаев, Абай.kz

Пікірлер