Құлыншақ Кемелұлы. Ынтымақ кетсе, ел ғаріп

2831
Adyrna.kz Telegram

 

Енесі жүдеп, нашарлап,
Ертелеп туған төл ғаріп.
Ауадан жауын кем болса,
От шықпай қалса, жер ғаріп.

Басшысы нашар жолығып,
Ынтымақ кетсе, ел ғаріп.
Көкала жылқы болмаса,
Бетегелі бел ғаріп.
Қаз-үйрегі болмаса,
Айдын шалқар көл ғаріп.
Қатарынан кем тартып,
Қуаты кеткен ер ғаріп.
Жастайыңнан кесілген,
Он саусақ ойнап секірген
Ақ домбыра, сен ғаріп.
Өлеңдетіп, әндеткен,
Айналаны сәндеткен,
Уақытым кетсе, мен ғаріп.

***
Әңгімесін естісең,
Жаһаннан асқан ғұлама.
Қылған ісін байқасаң,
Батқандай белден күнәға.
Күндіз сопы болса да,
Бұзылар көңілі қонаға.
Арызға келген әйелден
Сұрайды шеттеп шола да.
Бұрынғыдан қалған сөз:
«Айтқанын қыл молданың,
Қылғанына жолама».

***
Тал бесігін таянған шешем,
Түнде тұрып оянған шешем.
Тар құрсағын кеңіткен шешем,
Тас емшегін жібіткен шешем.

***
Адамзат келер-кетер, жүзге келер,
Бәрібір, үйде өлсең де, түзге көмер.
Қайыр-қош, аман боп тұр, қайран елім,
Ағайын, енді қайда бізге келер.

 

Пікірлер