Қымыз қырық түрлі дертке ем, алайда оның қадір-қасиетін ұмытып барамыз

3665
Adyrna.kz Telegram

Жалы желкенше желбіреп, жер тарпып, оқырына шапқан қылқұйрықтыларды жек көретін қазақ баласы бар ма? “Ер серігі – ат” деген ғой халқымыз.
Алғаш рет атқа мінуді анама ілесіп “Ермен” ауылында тұратын жездем Башен Байдошовтың үйіне пішен шабуға барғанда үйренген едім. “Торы ат” деген жұп-жуас сүйкімді торы тақымыма тигенде қуанғаным есімде қалыпты. Маған бірден ұнады. Қазіргі шаруа қожалығының басшысы, сол кездегі бала, бөлем Құрманғазы Башенұлы екеуміз жарысып, екі атпен Шора өзенін кесіп өттік. Сонда байқағаным ат үстінде адам ерекше бір күй кешіп, қанаттанып кеткендей болады екен. Әсіресе, көсіле шапқанда. Сол жануар күндіз жайылып, кеш болса жездем арбаға жегіп, іңір салқынымен, кейде айдың жарығымен шабылған пішенді тасымалдайтын. Менен көп қайыр болмаса да, қасына ілестіретін.

Айырмен жердегі шөпті көтеріп, арбаға тастаймын. Кешкі тымық ауада шабындықтың жұпар иісі танауымызды қытықтағаны, шегірткенің шырылы, Шорадан соққан қоңыр салқын самал, арбаны сүйреп, құлағын қайшылап, жалы төгіліп желіп отыратын торы аттың бейнесі көз алдыма келсе, бойымды өткенге деген сағыныш кернейді.
Сұлу да, текті жануар – жылқылардың басқа төрт түліктен бітімі өзгеше. Оның туған жеріне шексіз берілгендігіне, иесіне адалдығына, жершілдігіне байланысты аңыздар көп. Жолаушы боранды күні жолда қалып адасқанда атының басын жібере салса болғаны ол тұратын жерін айна-қатесіз тауып барғанына өмірде дәлелдер аз емес. Үйірін шашау шығармай, қасқырға бермей таң атқанша алысқан айғырлар жайлы да кітаптардан оқып өстік. Бір қызығы жылқы жануары қай нәрсеге де жылдам үйренгіш. Атыс-шабысқа толы фильмдерді қарасаң каскадерлермен бірге құлап, тіпті өтірік өлген болып жата қалғанын да байқап жүрген шығарсыздар. Мұндай трюктерді басқа бірде-бір жануар жылқыдай әсерлі етіп орындай алмайды. Жылқылар қыста да иелеріне салмақ салмай тебінде жүреді. Адамдардың кейде жұмысқа жақсы адамдарға “Жылқы сияқты шаршамай жүре береді” деп баға беретіні бар. Сондықтан жылқы жылы туғанымды да мақтан тұтамын.
“Қазақ – жылқы мінезді халық” дегенді бір жерден естігенмін. Өткен ғасырларда көшпелі өмір сүрген алаш жұртының әр баласы ат құлағында ойнап өскенін білеміз. Тарихқа бет бұрсақ әлемнің жартысын жаулап алған түркі тайпалары көз алдымызда тұра қалады. Қаһарлы Римді құлатқан Еділ (Аттила), 320 мың қытай әскеріне 10 мың қолмен қарсы шауып, тайсалмай шайқасқан Мөде, түркі қағанатын бекіткен Қапаған, Күлтегін, тағы басқа бабаларымыздың осы жолда сенімді серігі болған да киелі жануар – жылқы. Үлкен-кішісі, бай-кедейі тегіс атқа қонып, селдей лықсыған қалың қолды көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Қорқыныш тудырары хақ. Түркілер жолындағы жаудың бәрін жайпап өткен. Ол кезде жылқысы көп ел қазіргінің атом қаруы бар мемлекетіндей күшке ие болған. Көршілері құрметтеп, жаулары тісін батырмаған. Көшпенділер жылқының етін, сүтін, терісін, тезегін, тіпті қылын да пайдаланған. ХХ ғасырдың ортасына дейін жылқы көліктік маңызын жоғалтпады. Қазіргі таңда аламан бәйге, жорға жарыс, қыз қуу, көкпарларда иелеріне байрақ сыйлап жүргендер де Қамбар ата тұқымы. Ағылшын ғалымдары қазақ жеріндегі тайпалар ең алғаш, осыдан 6 мың жыл бұрын жылқыны қолға үйреткенін дәлелдеген. Орыс ғалымы А.Вилькинс: “Қазақ жылқысы арқылы біз, орыстар жылқыға қолымыз жетті” десе, орыс армиясының генералы И.Бабков: “Қазақтар казактарға қарағанда тамаша шабандоз, жақсы жауынгерлер болуы үшін оларға тек қару жетпейді. Егер қарулары болса, олар біздің емес, біз олардың айтқанымен жүріп, айдағынына көнер едік” деп мойындаса, ХІХ ғасырдың аяғында Зайсан казак-орыстарының атаманы Н.Рябушкин: “Қазақ атқа мінсе қашса құтылады, қуса жетеді. Аттан түсіп жаяу жүрген қазақты көрсеңіз, бұдан момын, бұдан бағынышты халық жоқ. Сондықтан бұл халықты мүлдем атсыз қалдыру керек” депті.

Жылқының отаны қазақ жері болғандықтан алаш жұртымен бірге олар да репрессияға ұшырады. Қазан төңкерісіне дейін сайын даламызда 8 миллион қылқұйрықты жортып жүрсе, 1929-1931 жылдары содан қалған 4 миллион жылқының 80 пайызы құртып жіберілген. “Ең бірінші қазақтарды жылқысынан айыру керек, сонда олардан жуас, бейшара халық болмайды” деген екен қанқұйлы Голощекин бір сөзінде.

Халық медицинасы қыста жылқы етін жеген адамдардың көп тоңбайтынын айтады. “Қымыз қырық түрлі дертке ем” дейді дана жұртымыз. Бие сүтінен ашытылатын қымыздың дәрулік қасиетін қазір ресми медицина да мойындап отыр. Ертеректе ел арасында туберкулезге шалдыққандарды қымызбен емдеген. Қымыздың қасиеті жайлы “Қазақтың халық медицинасы” кітабында: “Қымыз – шипалы сусын. Ас қорытуға көмектеседі. Денені, жүйкені қуаттандырады, ұйқыны түзейді. Өкпе туберкулезіне шипа болады. Көңілді көтеріп, рухтандырады. Ұзақ науқастан кейін арықтап, дененің әлсізденуіне, созылмалы өкпе туберкулезіне маусымның соңынан шілденің аяғына дейінгі қымыз өте жақсы ем болады. 3 айға дейін науқас адам шамасына қарай 1-2 литрге дейін күніне 2-3 рет ішкені жөн. Сонымен қатар қымызды жиі пайдалану ағзаны түрлі аурулардан арылтып, адамның оларға қарсы тұруына күш береді” делінген. Орыстың атақты ғалымы В.И.Даль: “Қымыз ішуді әдетке айналдырсаң, басқа сусындардан гөрі оның артықшылығын ерекше сезінесің. Осынау шипалы сусын аштық пен шөлді бірден басады, денеңді салқындатады. Егер қымызды үзбей ішсең, бір аптадан соң өзіңді сергек сезінесің. Денсаулығың түзеліп, тынысың кеңиді, жүзің жарқырап шыға келеді. Оны басқа қорек түрлерімен ешбір салыстыруға болмайды” деген екен. Ғалымдардың пікіріне сүйенсек, дені сау адам ағзасына тәулігіне орта есеппен 50 мг С дәрумендері керек болса, қымыздың бір литрінде ол 200-250 мг. Шипалы сусында сөл бөлуді, жүрек жұмысын жақсартатын В дәрумендері, В1,В 2,В 3 , оның ішінде қанның жасалуына қатысатын В12, ағзаның қартаюын тежейтін С тобы дәрумендері, липоид, А дәрумендері мол. Қымыз – нағыз антибиотик. Ол ағзаға тарағасын ішектегі шіру процесін тежейді. Шірітетін микробтарды, ішек таяқшаларын, сарғыш стафилококтарды қырып-жояды. Құрт ауруы, сүзек, дизентерия, күл (дифтерия) бактерияларына тосқауыл қояды. Бұдан өзге қымыздың құрамында 8 С спиртті қышқыл бар екендігі зертханада дәлелденген. Ал, одан боза дайындаса 12 С -ға дейін барады. Бабаларымыздың “Қымыз іштім, қызара бөрттім” дегені соған байланысты айтылса керек.
Әрдайым алда жүретін Еуропа тағы да алдымызды орап кетті. Бүгінде қымыз өндірумен Германия, Голландия, Австрия, Италия мемлекеттері айналыса бастаған. Неміс ғалымдары қымыздың емдік қасиетін дәлелдегеннен кейін күллі Еуропада оған деген сұраныс жыл сайын арта түсуде. Өйткені бұл табиғи дәріні көзі ашық, жаңалықты бізге қарағанда тез қабылдайтын Еуропа жұрты бірден жоғары бағалап, қол жетімді қылуға күш салған. Бір ғана Германияда қазір осы өндіріспен 50-ге тарта кәсіпорын айналысады (бізде бар болғаны 10 шақты кәсіпорын ғана). Жуырда Алматыда өткен “Гастроэнтерология – 2011” халықаралық конгресіне қатысқан, Германиядан келген қонақ Ганс Цольман: “Қазір Еуропа елдерінде қымызға деген сұраныс өте жоғары. Біздің бие сүтінен жасалған өнімдерімізді Франция, Голландия, Бельгия елдері талап алады десек артық айтқандық емес. Әрине, бұл ретте қымызды пайдалану дәстүрін қазақтардан алғанымызды мойындаймыз. Бір қымызға қарап-ақ қазақ халқының даналығын аңғаруға болады. Қазақ даласында қымыз жасау тәжірибесі бар, енді тек алға қарай соны дамыту қажет. Жылқылардың жақсысы да осы қазақ жерінде. Өндіріске күш салса жетіп жатыр” деген-ді. Кәрі құрлықта қымыз біздегіден 60 есе қымбат тұрады. Қазақстанда 1 литр қымыз 500 теңге төңірегінде болса, Еуропа елдерінде оның 1 литрінің құны 7-8 мың теңгеге жетіп жығылады. Мұны текке айтып отырғанымыз жоқ. Неге бізде осы өндірісті жандандырмасқа? Жерімізде жылқы көп емес пе? Елімізде шағын және орта бизнесті қолдауға мән беріліп отырғанда мүмкіндікті неге пайдаланып қалмасқа. Германия қымызға деген патентті иеленіп алғандықтан шетелге шығара алмаспыз, алайда ішкі сұранысты өтеуге жұмыстануға болады ғой. Жастардың арасында ұлттық тағамымыздың қадір -қасиетін насихаттасақ, ел арасында маскүнемдер азайып, түрлі аурулар мен өлім-жітім азаяр еді. Мысалы, Шымкент облысының Төлеби ауданында Диханкөл деген ауыл бар. Осында тұратын 300 отбасы қымыз өндірумен жан бағуда. Орталарынан Ұлбосын Қабылова мен оның ұлы Ерланның шаңырағын туристерді қабылдайтын орын ретінде бөліп, сертификат алып берген. Диханкөл ауылының қымызы бал татитындығымен әйгілі. Оның басты себебі қымызды баптау мен шөптің шүйгіндігінде. Мұнда құнан қымыз, дөнен қымыз, бесті қымыз деп аталатын сусындар дайындалады.

Қымызшылар күбіні ыстық сумен жуып, киікотымен ыстайды. Әуелі шөпті тұтатып, күбінің ішіне түтін толтырады. Түтін ыдыстың аузынан шыққанда жаңа сауылған сүтті құйып, бетін жауып қойса, киікотының хош иісі сүтке сіңіп кетеді. Ауылдағылардың айтуынша көктемде көк шөпті жеген биенің сүті сұйық, ал күзде шөп қатайған кезде құнарлы болатын көрінеді.

Ең алғашқы турист ғаламтор арқылы хабардар болып Швейцариядан келіпті. Содан бері Диханкөлге сонау Даниядан, Нидерландыдан, Польшадан, Англиядан келушілер азаймаған. Диханкөл ауылын мысалға келтіріп отырған себебіміз бізде де бір кәсіпкер қымыз өндіруді қолға алса деген тілек. Жеріміздің табиғатының өзі экотуризм орталығы болуға сұранып тұр емес пе?
Кезінде елімізде қымызбен емдейтін шипажайлар болып еді, қазір оның бірі жоқ. КСРО кезінде Кудряшов ауруханасында сырқаттарға қымыз беріліп, талай жандар өкпе ауруынан сауығып шықты. Сүйіндік өңірінің тәрбиелеген бәйге аттары ылғи жүлделі орындардан көрінді. Орта қырдың даңқты жылқышылары Зұлхаш Ізтелеуов, Мұқыр Ділмұханов, Мәди Бекеев, күні кеше өмірден өткен Уәлиолла Жолжанов, оның үзеңгілес серігі Садиқұл Жаңабаевтың есімдері ел есінде мәңгілікке жатталды. Солардың ұрпақтары жылқыдан қол үзбегенімен алдыңғы толқынның ізін жалғастыра алмауда. Ауданымызда “Рсай” шаруа қожалығының жетекшісі Мүбина Утова асыл тұқымды қазақ жылқысын өсірумен ұзақ жылдар шұғылданып, жақсы нәтижелерге жетуде. Кеңес Одағы кезінде ауданымызда, Ганюшкин селосының Құрылысшылар поселкесінің батыс жағында “Қымызхана” деген орын болды. Алыстан ат арытып келгендерді үлкендердің сонда апаратыны есімізде қалыпты. Бірақ, онда қымыз сатылып жарытқаны шамалы.
Қазір ойлап қарасақ ұлттық құндылықтарымызға мән бермегендіктен біртіндеп оларды шетелдіктер иемденуде. Бүгін Германия қымызға, еврейлер шұбатқа патент алса, ертең тағы біреуі қара домбырамызды біздікі деп жүрмесіне кім кепіл. Қымызды өз жерімізде, жылқының Отанында дайындасақ ғана кеткен есемізді қайтарамыз. Әрі туризмді дамытып, қымбат та шипалы сусынды табыс көзіне айналдырамыз. Жерінде ешбір қазба байлығы жоқ Жапония жоғары технологияларды өндіру арқылы дамып отырғанын білеміз. Күншығыс елінен үлгі алып, пайда келтіреді дегеннің бәрін іске қоссақ, нарық заңының талабын орындаймыз. Мейлі, бізде тау мен ескі қорғандар болмай-ақ қойсын, есесіне шалғынды даламыз бен тамаша сәйгүліктеріміз бар ғой. Сөз соңында “Елім” деген азаматтар қымыз өндірісіне көңіл бөліп, онымен айналысқысы келетін кәсіпкерлерді, жылқышыларды қолдаса, нұр үстіне нұр болар еді дегіміз келеді.


Қанат ҒҰМАРОВ

Пікірлер