Марван Хамитова: Майталман Марғұланды қазаққа да, әлемге де таныту керек

2697
Adyrna.kz Telegram

Марван Арынқызы Хамитованың кіндік кескен жері – Баянауыл ауданы. Оның есімі зиялы қауымға әдебиеттанушы, шығыстанушы, ұлттық археология ғылымының негізін қалаушы Әлкей Марғұланның өмірі мен өнегесін зерттеуші ретінде таныс. 

Қазіргі уақытта Марван Арынқызы Алматыдағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті жанындағы Біліктілікті арттыру институтының директоры қызметін атқарады. Тарих ғылымдарының кандидаты ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық академияның Құрмет грамотасымен марапатталған.

 

    1. Әлкей еңбектері – өмірлік азығым

- Арман қала – Алматыға келгенде, алдымызға сізбен жүздесу мақсатын қойып едік. Қарт оқырмандарымыздың арасында «Әлкей туралы мақала жазатын Марван қайда кетті?» деген сауал жиі қойылады…

- Бәрекелді! Жерлестерімнің мені іздеп жатқанына қуаныштымын! Алматыға келгелі, міне, алты жыл да зымырап өте шығыпты. Қазір Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті жанындағы Біліктілікті арттыру институтының директоры қызметін атқарумен қатар, халқымыздың дана һәм дара перзенті Әлкей Хақанұлының ғылыми еңбектерін зерттеу үстіндемін. Өз алдыма Ә.Марғұланның салып кеткен сара жолын ұлықтап, соңынан қалдырған мол мұрасын жұртшылыққа таныту мақсатын қоямын. Алғашқы қадамдар жасалды. Дегенмен, Әлкейді елімізге ғана емес, төрткіл әлемге танытуымыз керек. Мұны әр тарихшының мойнына артылар ұлы іс деп білемін.

    — Марван Арынқызы, Әлкей Марғұлан туралы зерттеу жүргізуге не түрткі болды?

- Әлкей бабамыздың өмірі мен шығармашылығын зерттеу пешенеме жазылып қойғандай. Әлі есімде, мектеп қабырғасында оқып жүргенімде «Білім және еңбек» журналында жарық көрген осынау тау тұлға туралы және оның оқушыларға арналған мақалаларын қызыға оқитынмын. Ал академиктің ғылыми еңбектерімен жақырынақ танысуым 1987 жылы бастау алды. Баянауыл ауданындағы қазіргі Құндыкөл орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрген кезім еді. Осы кезде білім ордасына Әлкей Марғұланның есімін беру туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, мектеп қабырғасынан іздестіру тобын жасақтап, Әлкей Хақанұлының өмір жолы, қызметтес әріптестері мен шәкірттері туралы ақпараттарды жинастыра бастадық. Ғалымның қызы Дәнел Әлкейқызы және Ұлттық ғылым академиясы Тарих институты қызметкерлерінің көмегімен үш жыл бойы материал іздестірдік. Еңбегіміздің нәтижесі ретінде аталмыш мектеп қабырғасындағы мұражайды атауға болады. Рухани орда 1991 жылы есігін айқара ашты. Бұл қарапайым мұражай емес, шағын зерттеу орталығына да айналды. Бір айтарым, бұл — жәдігерлер жинақталған «бөлме» емес, ғалымның кітаптары мен еңбектері сақталған рухани орда. Кейін осы мұражайда аудандық, облыстық деңгейдегі «Марғұлан оқулары» өткізіліп тұрды. Осылайша, мен академик Кеңес Нұрпейіс пен Дәнел Марғұланқызының жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғадым. Кейінгі еңбек жолым Павлодардағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде жалғасын тапты.

   — Ал Алматыға қоныс аударуға не себеп болды?

- Жалпы, академик Ә.Марғұланның 100 жылдығы қарсаңында Алматыда бір топ ғалымдардың мұрындық болуымен кітаптар жарияланды. Бұл іске мен де атсалыстым. Кейін қызметімді Қыздар мемлекеттік институтында оқытушы, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі институтында жалғастырдым.

 2. Мұхтар Әуезов жас Әлкейді Абай ауылымен таныстырған

    — Ғұлама ғалым Әлкей Марғұланды қазақ ғылыми кеңістігінде зерттеген алғашқылардың бірісіз. Бастапқыда қазаққа Марғұланды танытуда қандай қадамдар жасалды?

- Энциклопедист ғалымды бірінші кезекте еліміздегі этноархеология бағытының негізін салушы деп қарастыру керекпіз. Оның этнология, музейтану саласындағы еңбектері бір төбе. Тұлға этноархеология бағыты арқылы қазақ халқының мәдениеті, тұрмыс-салты мен тарихы туралы сыр шертетін «тас кітаптарының» беттерін сөйлетті. Ол қазақ халқының басынан өткен тарихи құбылыстарды, археологиялық ескерткіштерді, этнографиялық деректерді, ауыз әдебиеті үлгілерін, қолөнерін бір-бірімен ұштастыра зерттеп, түрлендіре білді. Бұл жайында белгілі археолог ғалым, профессор Карл Байпақов: «Ерте және орта ғасырлардағы жазба деректерді жетік білген Ә.Марғұлан ондағы қазақтар туралы деректердің аз болғандығын көріп, осынау тарихи әділетсіздіктің орнын тек қана археологиялық ізденістер толтыра алатынын дұрыс түсінді», — деп жазды. Ғалымның бай мұрасы – бүгінгі ғылымдағы іргелі өзгерістермен үндес, халқымызды рухани мұрасынан ажыратпайтын дүние. Оны көздің қарашығындай қорғап, кейінгі ұрпаққа насихаттау – біздің мақсат.

   — Марван Арынқызы, бұл мақсатта қандай істер атқарылуда?

- Профессор Мәмбет Қойгелдиев 1966 жылы жарық көрген «Ежелгі мәдениет куәлары» атты жинаққа Әлкей Марғұланның мынадай пікірін келтіріпті: «Қазақстан өлкесі – кейбір үстірт қарайтын адамдардың айтқанындай, тарихи мәдениеттің сілемі жоқ, тек қана шөл дала емес. Күрделі цивилизация мұнда да болған. Бірақ, өзгергіш дүние бұларды бірде көркейтіп, бірде жер бетінен сыпырып отырған». Бабамыз өмірін халқымыздың тарихын зерттеуге арнады. Ленинград университетінің тарих-филология факультетінде және Шығыстану институтында қатар оқып жүріп, болашақ ғалым Ресей мұрағаттарындағы Қазақстан туралы деректерді зерттейді. Ресейлік ғалымдармен Қазақстан этнографиялық экспедицияларына қатысып, мол ғылыми ақпарат жинайды. Біздің мақсатымыз Әлкей Хақанұлының мұрасын насихаттаумен шектелмейді. Академиктің отандық мұражай ісінде алатын орнын айқындау да – күн тәртібіндегі жұмыс. Бүгінгі күні Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында «Академик Ә.Марғұлан және Қазақстандағы мұражай ісі: ғылыми мұра, идеялар мен болашақ» атты жоба аясында ғылыми зерттеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Жоба аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі кітапханалар қорындағы ғалымның ғылыми жолы туралы деректер топтастырылуда.

    — Зерттеу тобының ғалымның туған өлкесі – Баянауылды айналып өтпеуі заңдылық болар…

- Әрине. Ұлы ғұламалардың мекені – Баянауылды зерттемеу үлкен қателік болар. Аталмыш жоба бойынша өткен жылы Павлодар облысына іссапармен барған болатынбыз. Зерттеу-ізденіс жұмыстарын жүргізіп, «Баянауыл» табиғи-ұлттық саябағы аумағындағы «Жалаңтөс асуы», «Олжабайдың қорғаны», «Дулат асуы» сынды тарихи орындарды айқындадық. Өйткені, бұл жерлер тарихшының өмірбаянына қатысты мекендер болып табылады. Нәтижесінде құнды деректер жинақталды.

Ғалымның өмірбаяны — том-том кітапқа татитын қазыналы да құнды дүние! Студент Әлкей дипломдық жұмысын ұлы Абайдың шығармашылығына арнағаны белгілі. Осы тақырыпты таңдауының өзіндік сыры бар.

Кезінде заманының заңғары – Мұхтар Әуезов Семей қазақ педагогикалық техникумын тәмамдаған жас Әлкейді Шыңғыстауға ертіп апарып, Абай ауылымен, одан үлгі алған ақсақалдармен кездестіреді. Әлкей атамызды кезінде Арқа өңіріне аты шыққан сал-сері Өтегелдімен де таныстырған. Сол кезде ақсақалдың жасы 70-ке келген екен. Әлкей, сонымен қатар, Абайдың ұрпақтары Даниял, Ысрайыл, Мекайылмен уақыт өткізеді. Ол Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Қаныш Сәтбаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев сынды халқымыздың аяулы ұлдарынан да тәлім алған.

 3. «Марғұлантану» пәні керек

   — Бүгінде Әлкей қалдырған мол мұраны зерттеу ісіне көңіліңіз тола ма?

- Әлкей бабамыздың өмірі, ғылыми еңбектері аз зерттелуде. Мүлдем зерттелмеген деуден аулақпын. Бірақ, аздық етеді. Жекелеген ғылыми мақалаларды есептемегенде, толыққанды терең дүниелер жоқтың-қасы. Бұл олқылықтың орнын «Марғұлантану» орталықтарын ашумен толтыруға болады деп ойлаймын. Негізі, Ә.Марғұланның 100 жылдық мерейтойында осындай орталық ашылған болатын. Бірақ, ғұмыры қысқа болды. Қазіргі таңда тарихшылар орталықты жандандыруға талпыныстар жасауда. Менің еңбектерім де осы мақсатта атқарылып жатыр.

    — Осы жайлы тарқатып өтсеңіз…

- Жоғарыда атап өткенімдей, кандидаттық диссертациям Әлкей Хақанұлының мұрасын арқау етті. Осы арқылы отандық тарих ғылымына тың жаңалық әкелген сияқтымын. Біріншіден, тұлғаның музей ісіне қатысы туралы елімізде қарастырылмаған тақырыптардың бірі. Екіншіден, ғылыми жұмысымда Ә.Марғұланның қазақтан шыққан этноархеологтардың бірі және бірегейі жөнінде деректер және осы салаға қосқан үлесі көрініс тапты. Шыны керек, баршамыз музейді материалдық мәдениет құралы деп білеміз. Ал Ә.Марғұлан бұл шектеулі түсініктің ауқымын кеңейтуге тырысқан. Яғни, ол музейде сақталған жәдігердің рухани жағына баса мән берген. Халқымыздың материалдық мәдениет жәдігерлерінің әрқайсысы: әр ою, әр зергерлік бұйым, ұлттық бұйым болсын – руханилыққа тұнып тұрған тарих қой. Қай музейге бас сұқсаңыз, қаз қатар тұрған экспонаттарды көресіз. Мысалы, асық тұрса, оның астындағы қағазда: «Ұлттық ойын» деген жазу ғана тұрады. Марғұланша ойласақ, келер ұрпақты ұлтымызды ұлықтауға үйретуге бұл аздық етеді. Оның рухани жағын танытуымыз керек. Еуропа елдері музейлерді кешенді түрде зерттеуді 21 ғасырда бастаса, Ә.Марғұлан бұл туралы 20 ғасырдың басында айтып кеткен еді. Бұл тек тарихшылардың қолында емес, кешенді іске этнолог, филолог мамандар да атсалысуы керек.

    — Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан Ақмарал ЕСІМХАНОВА,

арнайы «Сарыарқа самалы» үшін Алматы қаласынан

Пікірлер