Құлсарыда жарылыстан зардап шеккендер саны 16-ға жетті

2412
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/01/81f40b87-7768-419d-81c6-012256e518ab-960x500.jpeg?token=67fde97ef47c203d4fc7b947e6156d7c
Құлсары қаласындағы жанармай құю бекетінде 30 мамырда орын алған жойқын жарылыстан зардап шеккендердің саны 16 адамға жетті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Бұл туралы Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Алғашқыда жараланғандар саны 14 адам деп хабарланған еді, алайда кейін бұл көрсеткіш артты. Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жарылыс газ тасымалдаушы көліктен жанармай бекетінің резервуарына газ құйылып жатқан сәтте орын алған. Кенеттен тұтанған жалын жанармай бекетінің аумағындағы екі ғимаратқа таралып, жалпы 450 шаршы метр аумақты өрт шарпыған. "Қазір өрттің нақты себептерін анықтау үшін облыстық және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен 6 маман оқиға орнында жұмыс жүргізіп жатыр", – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нариман Өтешов. Жарылыстан жараланғандар арасында 25 пен 75 жас аралығындағы азаматтар бар. Олардың денелерінің 5%-дан 22%-ға дейінгі бөлігін күйік шалған. Жылыой аудандық ауруханасының директоры Асұлан Абдрахмановтың айтуынша, 5 адам аудандық ауруханада ем қабылдап жатыр, 6 адам амбулаториялық емделуге үйіне жіберілген, 3 науқас облыстық ауруханаға ауыстырылған. "Барлық пациенттердің жағдайы тұрақты, өмірлеріне қауіп жоқ", – деді дәрігер. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тиісті органдар тарапынан тергеу жұмыстары басталды.
Пікірлер