Ауғанстан билігінде отырған «Талибан»қозғалысының Қайырлы істерді насихаттау және бұзықтықтың алдын алу министрлігі шахмат ойынын «харам» (ислам шариғатының өз түсіндірмесіне сай тыйым салынған) деп жариялап, бұл спорт түрінің федерациясын таратқанын хабарлады. Бұл туралы Khaama.com сайты жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
Ауғанстанның Спорт министрлігінің өкілдері шахмат спортының тоқтатылғанын растады. Олар шахматқа тыйым ислам шариғатына сәйкес келуі анықталғанға дейін жалғасатынын айтты.
Басылымның мәліметінше, ресми тыйым салынбас бұрын бірнеше шахматшы мен әуесқойлар Спорт министрлігіне іс-шаралар ұйымдастыруға және қаржылай қолдауға рұқсат сұрап жүгінген. Алайда бұл өтініш керісінше олардың жағдайын қиындатып жіберген.
Ресейлік «Спорт-Экспресс» басылымының жазуынша, Ауғанстандағы шахматқа қатысты жағдай тәліптер туралы кезекті «қорқынышты әңгімеге» айналып кетуі мүмкін. Яғни шахматқа тыйым ұйымдық мәселелермен байланысты болуы ықтимал. Федерацияның бұрынғы басшысы Батысқа кеткен соң, жаңадан тағайындалған жетекші Обайдулла Курайши (ол 2022 жылғы Бүкіләлемдік олимпиадаға құраманы апарған) «Талибанның» спорт департаментімен байланыс орната алмаған. Бұл жағдай басқарудағы дағдарысқа әкеліп соққан. Сондықтан қазіргі шектеулер діни емес, кадрлық себептермен байланысты болуы мүмкін. Дегенмен мақала авторы исламдағы шахматқа қатысты белгілі бір қиындықтардың бар екенін де жоққа шығармайды.
Сол уақытта басылым Ауғанстаннан тыс өмір сүріп жатқан (көбіне Өзбекстан мен Иранда) танымал шахматшылардың соңғы үш жылда талибандар билікке келгеннен кейін шахмат спортын дамыту мүмкін болмай қалғанына жиі шағымданғанын атап өтеді. Федерация биліктің қолдауын көрмеген, жергілікті турнирлер өткізуге қаражат табу қиын болған және басқару жүйесінде де проблемалар туындаған. Алайда басылымның мәліметіне сүйенсек, шахматшылардың пұтқа табынушылық немесе діни дәстүрлерді бұзғаны үшін қуғынға ұшырағаны туралы нақты деректер жоқ. Сонымен қатар, Ауғанстаннан қашқан кейбір шахматшылар «босқын» мәртебесі мен жәрдемақы алу үшін жағдайды асыра айтып жүрген болуы мүмкін екені де айтылады.
Бұған дейін тәліптер елде аралас жекпе-жек (ММА) пен кейбір киберспорт түрлеріне, соның ішінде PUBG ойынына тыйым салған болатын.
Айта кетейік, «Талибан» — БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен террористік ұйым ретінде танылған қозғалыс.