Қазақ қалай басынан айырылды?

3058
Adyrna.kz Telegram

Қазақ батырлардың басының алынуы Кенесарыдан басталады. Ханның 1847 жылы басы алынып, сүйегі қырғыз жерінде қалды. Бұрын Санкт-Петербургтің Кунст-камерасында тұрған сол бас соңғы жылдары ізім-ғайым жоғалды. Тағдыры да, басы да осындай тәлкекке түскен ерлеріміздің бірі атақты Бөке батыр (1846-1904). Ол қытайдағы қазақ елін жақсы, жайлы жерлерге орналастыру үшін басын тауға да, тасқа да соқты. Бөке батыр 1904 жылы кенеттен ауырып, қайтыс болады. Тибет автономиялы ауданында жерленеді. Қытай әскерлері батырдың көрін ақтарып, оның басын кесіп апарып Үрімжі қаласының орталығына іліп қойды. Біраз уақыт өткеннен кейін батырдың баласы Рабай әкесінің басын алып, ежелгі отаны Алтай өлкесіне әкеліп жер қойнына өткізді. Сөйтіп, Бөке Жырғалаң ұлының басы Алтайда, денесі Тибетте қалды.

1887 жылы Қытай өкіметінің өкілі Шаған Кеген дейтін озбыр Қобда бетіне асып кеткен қазақтарды Алтайға көшіру үшін әскер алып аттанды. Ақыры елдің қарсылығына ұшырап, басшысы Көбешұлы Асылбектің басын алумен тынды.

Одан кейін Алтай жерінде жеке әскер құрып, жеке дара билік жүргізген Зұқа батыр Сәбитұлының басын 1921 жылы қытай үкіметі кесіп алды. Үрімжі қаласындағы ел көп жүретін үлкен көпірге іліп қойды. 1928 жылы Қобда жерінде өмір сүрген қазақтың биі Қылаңның басын тағы да қытай жендеттері кесіп алды.

Орыстар Кейкі батыр Көкембайұлының басын 1922 жылы басын кесіп алып, Торғай қаласының орталығында бағана басына 7 күн бойы іліп қойып, жұртты шошындырды. Бас сүйегін Д.Букинич деген біреу Санкт-Петербургтің Антропология және этнография мұражайына тапсырған. Қазір сонда тұр. Ретік саны – 3383.

Сол сияты орыс әскерлері Жанқожа батырды оқпен паршалады. Бекболат батырды жазалаушылар ел алдында дарға асты. Сатқындар Махамбеттің басын өз үйінде кесіп алды. 1903 жылғы Арал, Мұғалжар аймағындағы көтеріліс басшысы Мырзағұл Шыманұлын да түрмеде шірітті. Үлкен оқымысты, ақын, қажы, «Құранды» тұңғыш рет қазақ тіліне аударған Ахыт Үлімжіні (1866-1940) қытайда өлтірді. Атақты Оспан батырды (1889-1951) Қытай өкіметі дарға асты.

Қарқара көтерілісінің басшылары Ұзақ пен Жәмеңкені жендеттер у беріп өлтірді. Қарқара батыры Жақыпбердіні Шығыс Түркістанда 1932 жылы қолға түсіріп, 24 досымен бірге атып өлтірді. Отаршылдардың жоғарыдағыдай тасжүректік ісінен өзбектер де қалысқан жоқ. Ташкент құшбегі Кенесарының ағалары Саржан мен Есенкелдіні, оның баласы Құдаймендіні туыс-туғандарымен қырып тастап, олардың бетін жаппастан далаға тастады, мәйіттері бұзылып кеткеннен кейін бір-ақ табылды.

Ақыры, қазақ бассыз қалды? Орнына орыстың, қытайдың, тағы басқалардың басы орналасқан адамдар қазақ даласында шауып жүр!


 

Аманжол Бекенұлы

Пікірлер