«Орталық Азия - Еуропа Одағы» саммитіне қатысқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаға қатысты келіссөз жайлы пікірін білдірді. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
“Қазақстан теңгерімді сыртқы саясатты берік ұстанады және барлық мүдделі мемлекетпен, негізгі халықаралық құрылымдармен, соның ішінде Еуропа Одағымен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Менің ойымша, жаһандық тұрақсыздық шиеленісе түскен кезеңде әлемдегі күрделі оқиғаларға баға беруде барынша байыптылық танытып, жауапкершілікпен қараған жөн. Конструктивті диалог жүргізіп, бейбіт жолмен дамуға ұмтылу маңызды”, - деп тоқталды Президент.
Сондай-ақ ол әлем елдерін БҰҰ Жарғысы мен жалпыға ортақ халықаралық құқық қағидаларын мүлтіксіз сақтау үшін барынша күш-жігер жұмылдыруға, сондай-ақ Бас хатшы Антониу Гутерриштің қызметіне қолдау білдіруге шақырды.
«Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды. Сондықтан Украинаға қатысты келіссөздердің басталуын құптаймыз. Мәселенің күрделі екенін түсінеміз. Дегенмен шиеленіс оң шешімін табады деп үміттенеміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Өзбекстанның Самарқанд қаласында «Орталық Азия - Еуропа Одағы» форматындағы алғашқы саммиті өтті.
Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды. Оның барысында Мемлекет басшысы Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта, Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен екіжақты кездесулер өткізді.