Ұлытау облысында Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 1 Наурыз - Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған іс-шара өтті.
Салтанатты жиында Ұлытау облысының әкімі, Ұлытау облысы ҚХА төрағасы Дастан Рыспеков Мемлекет басшысының Құттықтау хатын оқып, татулық пен берекенің үлгісі болып жүрген жерлестерімізге шын жүректен алғыс білдірді.
«Ұлтымыздың қонақжайлығы мен этномәдени бірлестіктердің өзара сыйластығының, бауырмалдығының арқасында бүгінде болашаққа нық қадам басып келеміз. Ассамблеяның 30 жылдығы аясында биыл облыста этномәдени білестіктерді ынталандыру мақсатында гранттық қаржыландыру жоспарлануда. Алғыс айту күнінің қарсаңында баршаңызға облысымыздың дамуы жолында атқарып жүрген еңбектеріңіз үшін рахметімді айтып, отбасыларыңызға амандық тілеймін»,-деді өңір басшысы өз сөзінде.
Жиында Ұлытау облысының бірқатар азаматы қайырымдылық пен мейірімділік ісіне зор үлес қосқаны үшін өңір басшысының қолынан марапатты болды. Сонымен қатар, іс-шара қонақтарының назарына өңірдегі этномәдени бірлестіктердің әдет-ғұрпын, шығармашылығын дәріптейтін көрме ұсынылды.
Айта кету керек, санақ бойынша облыс халқының 24.4%-ын өзге этнос өкілдері құрайды. Ұлытау облысы құрылған сәттен бастап, 8 этномәдени бірлестік тіркеліп, өңіріміздің игі істерін атқаруға үлкен үлестерін қосып келеді.