Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан Әзербайжанның AZAL жолаушылар ұшағын ресейлік әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері атып түсіргені жалғасып жатқан қарулы қақтығыстың азаматтық авиацияға ерекше қатерлі екенін көрсетеді.
Бұл туралы Report-қа Мюнхен қауіпсіздік конференциясында зерттеуші Нико Ланге мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Бұл жай ғана авиациялық қауіпсіздік оқиғасы емес, бұл ресейлік әуе қорғаныс жүйесі азаматтық ұшағын атып түсірген оқиға. Мұндағы басты мәселе - Ресейдің Украинаға қарсы агрессивті соғысы», - деді ол.
Оның айтуынша, болашақта мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін жалғыз жол - аймақта тұрақты бейбітшілік орнату.
«Өкінішке қарай, Еуропа елдері бұл қақтығысты шешуде жеткілікті әрекет етпей отыр. Президент Трамптың ықтимал бастамалары айтарлықтай нәтижелерге әкелетініне де күмәнім бар. Авиациялық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, негізгі хабарлама азаматтық ұшақтардың әскери мақсатта қателесу қаупін жою үшін соғысты тоқтату керек.
Дрондар, зымырандар мен жолаушылар ұшақтары арасындағы шатасу - қақтығыстың жалғасуының тікелей салдары. Бұл жағдай шешілмейінше, азаматтық авиацияға қауіп-қатер сақталады», - деп қорытындылады Н. Ланге.
Ақпан айының басында апатқа қатысты алдын ала тергеу есебі жарияланды. Құжат бойынша ұшақтың фюзеляжында сыртқы әсерден болған зақымдар анықталған.
Есепте құс соғылу немесе оттегі баллонының жарылуы туралы мәліметтер жоқ. 05:13:32-де ұшақтың негізгі басқару жүйелері істен шыққаны, тек 05:21:42-де Грозныйдағы диспетчердің «Ковер» операциясын бастағаны туралы хабарлағаны көрсетілген.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 25 желтоқсанында Баку-Грозный рейсін орындаған «Әзербайжан әуе жолдарының» жолаушылар ұшағы Ақтау қаласына жақын жерде апатқа ұшыраған. Ұшақта 67 адам болған, оның 38-і қаза тауып, 29 адам аман қалған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, апаттың себебі Ресейдің әуе кеңістігіндегі Грозный маңында сыртқы физикалық және техникалық әсерден болған.