Қазақстандық режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі 31-Vesoul халықаралық Азия кинофестивалін (Франция) жеңіспен аяқтады.
Туынды Jury Grand Prize (Қазылар алқасының бас жүлдесі), Critical Jury Prize (Киносыншылар алқасының жүлдесі) және NETPAC Jury Prize (NETPAC қазылар алқасының жүлдесі) марапаттарына ие болды.
Көрермендер мен қазылар алқасы Елзат Ескендірдің дебюттік фильмін жоғары бағалады.
“Әбіл” фильмі - Совет Одағы құлап, колхоз-совхоз тарап, мал-мүлік бөліске түсіп, елде приватизация орын алған кезеңдегі қиянатқа ұшыраған қарапайым адамдар мен қараусыз қалған қазақ ауылындағы бейберекетсіздікті суреттейді. Сол арқылы, кинотуынды тәуелсіздік басындағы күрделі уақыт аясындағы қазақ халқының рухани кейпіне, психологиялық күйіне әлеуметтік талдау жасайды. Фильмде советтік жүйе кезіндегі адам өмірінің құнсыздығы, қазақ халқының бастан кешкен жағдайы, тұрмыс қалпы, өз елінде, өз жерінде дискриминацияға түскендігі, социализмнен капитализмге ауысу тұсындағы екіұдай сезім, сонымен қатар жемқорлықтың пайда болуы жайлы да ой қозғайды.
Фильм үлкен тарихи оқиғалар кезіндегі қарапайым адамдардың тағдырын суреттеуді мақсат тұтқан.
Биылғы жылғы фестивальдің қазылар алқасының төрағасы бүгінгі таңдағы әлемдік киноның ең ықпалды режиссерлерінің бірі, қытайлық Цзя Чжанке болды. Оның "Платформа", "Белгісіз рахат", "Әлем", “Күнәға былғану” және "Романтик буын" сияқты туындылары халықаралық үздік кинофестивальдерде жоғарғы марапаттар мен бағаға ие болып, ал 2006 жылы"Натюрморт” кинотуындысы үшін Венеция кинофестивальінің “Алтын арыстан” бас жүлдесін жеңіп алған. Цзя Чжанке шеберлігінің басты ерекшелігі Қытайдың әлеуметтік бет-бейнесін нәзік түрде зерделей суреттеуімен ерекшеленеді.
Vesoul халықаралық Азия кинофестивалі - Азия киносына арналған ең көне және ең ірі еуропалық фестивальдердің бірі. 1995 жылы негізі қаланған фестиваль жыл сайын Азияның жүздеген фильмдерін франция көрермендеріне ұсыну арқылы оларға жас есімдерді танытып және авторлық кинематографияға үлкен қолдау көрсетеді. Фестиваль жас режиссерлерге бағытталғандығымен танымал әрі оның жүлделері фильмдердің халықаралық деңгейде танылуына және фильмдердің аудиториясын одан ары кеңейтуге көмектеседі.
Осы жылдар ішінде Апичатпонг Верасетхакул, Лав Диас, Джафар Панахи сияқты көрнекті режиссерлер фестиваль лауреаттары атанды. Бағдарламада тек конкурстық көрсетілімдер ғана емес, сонымен қатар ретроспективалар, тақырыптық секциялар, кинематографистермен пікір алмасу және Шығыс пен Батыс арасындағы диалогты насихаттайтын дөңгелек үстелдер өтеді.
Француз премьерасында фильмді режиссер Елзат Ескендір мен актер Ерлан Төлеутай таныстырды.
Әлемдік премьерасы 29-Пусан халықаралық кинофестивальінде өткен «Әбіл» фильмінің фестивальдік сапары Гонконг халықаралық Азия кинофестивальі, Скандинавия өңірінің бас кинофестивальі 48-Гетеборг халықаралық кинофестивальдеріне қатысумен жалғасып, халықаралық аудиторияның үлкен қызығушылығын тудыруда. Сонымен қатар, алдағы уақытта да бірнеше бірнеше халықаралық кино алаңдарына шақырту алған.