Грузияда наразылыққа қатысушыларды жазалау қатаңдатылды

1242
Adyrna.kz Telegram
Фото: freepik
Фото: freepik

Грузия билігі елдегі наразылықтарды басу мақсатында заңға бірқатар қатаң түзетулер енгізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Publika-ға сілтеп.

6 ақпан күні билік басындағы "Грузин арманы" партиясының депутаттары заңға өзгерістер енгізуді мақұлдады. 7 ақпанда Грузия президенті Михаил Кавелашвили жаңа түзетулерге қол қойды.

Жергілікті Paper Kartuli басылымының хабарлауынша, заңға енгізілген өзгерістердің негізгі тармақтары бар.

Билікті қорлау енді әкімшілік құқықбұзушылық болып саналады. Бұл үшін 45 тәулікке дейін қамауға алу немесе 4000 лари (шамамен 1400 доллар) көлемінде айыппұл салу қарастырылған.

Полицейлер мен шенеуніктерге қоқан-лоқы көрсету немесе күш қолдану үшін жаза мерзімі ұзартылды.

Сондай-ақ, митинг ережелері күшейтілді. Наразылық кезінде көпірлерді, теміржолдарды, күрежолдарды және көлік тораптарын бөгегендер жазаға тартылады. Полиция доғаруды талап еткен акцияға қатысу заң бұзушылық болып есептеледі. Полицияның бұйрығына бағынбау, митинг ережесін бұзу, әкімшілік ғимараттарды бұғаттау, шеру кезінде маска тағу, лазер қолдану, вандализм және ұсақ бұзақылық үшін айыппұлдар мен қамау мерзімі ұлғайтылды.

Грузияда 28 қарашадан бері күн сайын наразылықтар өтіп келеді. Бұл шерулер премьер-министр Ираклий Кобахидзе Грузияны Еуроодаққа қосу жөніндегі келіссөздерді 2028 жылға дейін тоқтататынын мәлімдегеннен кейін күшейген.

Грузия конституциясында елдің Еуроодақ пен НАТО-ға интеграциялануы бекітілген. Оппозиция билік партиясын елді Ресей ықпалына итермелеп жатыр деп айыптайды.

Билік шерушілерге қарсы қатаң шаралар қабылдауда. Наразылықтың алғашқы күндері жүздеген адам ұсталды, ал кейбір акциялар күшпен басып-жаншылды.

Пікірлер