Қашаған мұнайын тиеген «Taraz» танкері Ақтау портынан Бакуге жолға шықты. Бұл туралы бүгін, 27 қаңтарда «ҚазМұнайГаз» ҰК баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Ары қарай мұнай Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД) құбыр жүйесі арқылы Жерорта теңізіне дейін тасымалданады. Экспорттаушы - «ҚМГ Қашаған Б.В»,—делінген хабарламада.
Компанияның баспасөз қызметінің айтуынша, бұл қадам Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Еске салайық, 2022 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзербайжанның SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы арасында қазақстандық мұнай транзиті туралы бас келісімге қол қойылған еді.
2024 жылғы наурызда ҚМГ мен SOCAR арасында Әзербайжан аумағы арқылы мұнай транзитін кезең-кезеңімен ұлғайту туралы келісім жасалды. Құжатта жеткізу көлемінің жылына 2,2 млн тоннаға дейін артуы көзделген.